26 Маусым, 2015

Алтын Алтайдың бір моншағы

254 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
DSC01032-1 Жақында Риддер қаласында Алтай ботаникалық бағына 80 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. «Биологиялық алуан түрліліктің өзекті сұрақтары: өсімдіктер интродукциясы» атты конференция жұмысына Франция, Мәскеу, Украина, Қырғызстан және Қазақстаннан белгілі ғалымдар, Маңғыстау, Жезқазған, Іле ботаникалық бағының басшылары келіп қатысты. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіповтің құттықтауы оқылған соң жиынды жүргізіп отырған А.Данилова ботаникалық бақтың директоры Ә.Сүлейменовке сөз берді. – Риддердегі бұл ғылыми шара Қазақ хандығының 550 жылдығы мен бақтың 80 жылдығына арналып отыр. Мына бір дерекке назар аударалықшы, тұңғыш рет өсімдіктің 859 түрін осыдан бірнеше ғасыр бұрын Жәнібек ханның сарай емшісі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы құрастырыпты. Ол тізімде Алтай және Тарбағатай өңіріндегі, Қазақстанның басқа аймақтарында жайқалып өсіп тұрған өсімдіктер түрі бар. Демек, сол кездің өзінде көнекөз бабаларымыз өсімдіктің, дәрі-дәрмек шөптің қасиетін қадір тұтқан ғой. Қазақ хандығының 550 жылдығымен орайлас табиғат байлығының құрдас болуы шынында да керемет құбылыс, – деп баяндамасын тың әрі қызықты деректермен бастаған Алтай ботаникалық бағының басшысы Әбдірахман Нұрмашұлы одан әрі мынадай цифрларды тізді. Ботаникалық бақта төрт мыңға тарта өсімдік пен ағаш түрі бар. Оның ішінде «Қызыл кітапқа» енген Алтай сібір ағашы, Сиверс алмасы, Алтай рауағашын ерекше атаған орынды. Бұл күндері  бақта табиғат сақтау, өсімдік зерттеу, дендерология, гүл және жеміс-жидекке арналған төрт бөлім бар. Риддерлік бағбандар еліміздегі Жезқазған, Алматы, Маңғыстау, Іле ботаникалық бақ­тарымен тығыз қарым-қаты­наста екен. Оны осы жолғы ғылыми конференцияға келген әріптестері сөз жүзінде дәлелдеп берді. Маңғыстау, Жез­қазған ботаникалық бағының директорлары Ақжүніс Иманбаева мен Жанғазы Нашенов өз ұжым­дарының құрылғанына көп уа­қыт болмаса да риддерлік әріп­тес­терімен тығыз қарым-қаты­наста екенін, олардың тәжірибесін қол­данатынын тілге тиек ете кетті. Париждегі «Алма» қауым­дастығының президенті, жабайы алманың алуан түрлілігін сақтау жөніндегі қордың жетекшісі Кэтрин Пэкс нағыз жанкешті екен. Бұдан бірнеше ғасыр бұрын Тянь-Шянь таулары бөктерінде хош иісті, дәмі тіл үйіретін, түсі қызыл, ақсары, көк Сиверс алмасы жайқалып өсіпті. Бір ғажабы бұл алма десе аюлардың есі кетіп, биік таудан төмен түсіп оны жапырып жеп кетеді екен. Алайда, екі аяқты адамдар Сиверс алмасын жеумен шектелмей, оны құртып тыныпты. Атақты ғалым, академик Аймақ  Жанғалиев Сиверс алмасын қорғап қалуға шындап кіріскен. Оған тосқауыл жасаушылар да табылған. Талай рет Сиверс алмасын өсірушілердің тобын жауып тастаса да, оны қайтадан ашқызған, баға жетпес алманы қайта өсіре бастаған. Аймақ ағаның жанында төрт жыл бірге болып, ол кісімен әңгімелесіп, Сиверс алмасының құпиясын зерттеген, киноның сценарийін өзі жазып, өзі түсірген Кэтрин Пэкске алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Тек аса құнды шығарманы Қазақстанның барлық қалаларында көрсетсе, алдағы уақытта Қазақстанның ғажайып өсімдіктері мен жеміс-жидегі жайлы оқушылардың кеңінен тануы үшін оқулық кітаптарға енгізсе, Табиғат-ана сыйлаған байлыққа қауіп төнбес еді деген ойда қалдық. Биология ғылымдарының докторы, профессор Нұғыман Аралбаев ұзақ жылын «Зайсан қазаншұңқырындағы флораны» зерттеуге арнаған. Соның бір дәлелі, осы аттас монографиясын жарыққа шығарыпты. Еліміздің шығысындағы флораны зерттеу сонау 1793 жылы И. Сиверстің жетекшілігімен Зайсанда бас­талған екен. Ғалым Петербург медицина коллегиясының тапсырысы бойынша шырғанақтың ота­нын әрі басқа өсімдік түрлерін мұқият зерттеген. Сиверс тек Зайсанды ғана емес Ертіс өзенін бойлап Күршімге дейін, сосын Тарбағатай жоталарындағы гүл, өсімдік түрлерін зерттеп, құжат түрінде бекіткен. Н.Аралбаев өз монографиясында осылар жайлы кеңінен баяндаған. Биология ғылымдарының докторы, профессор Н.П.Огарь, Мәскеудегі М.В.Ломоносов атындағы мем­ле­кеттік университеті биоло­гия факультетінің ботаника ба­ғы­ның ғылыми қызметкері А.А.Украинская, еліміздің басқа өңірлерінен келген ғалымдар Қа­зақстандағы өсімдік пен ағаш, табиғат байлығын көздің қара­шығындай сақтау, олардың түрін көбейту, қоршаған ортаны қорғауда баға жетпес орын алатын ботаникалық бақтардың алдағы уақытта бағытты да бағдарлы жұміс істей беруіне сәттілік тіледі. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті мен Алтай бота­никалық бағының ұжымы ұйымдастырған халықаралық ғылыми-практикалық конфе­рен­цияның тағылымды жақтары мол болды. Оңдасын ЕЛУБАЙ, журналист. Шығыс Қазақстан облысы. Риддер қаласы. Суретте: ботаникалық бақтың директоры Ә.Сүлей­менов атақты биолог-ғалым Ю.А.Котуховты 80 жылдың мерейтойымен құттық­тады.