10 Шілде, 2010

ҚАРАЖАЛДА ДА МЕРЕКЕЛЕНДІ

550 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Астана күні  қазыналы Қаражал қаласында қа­лың жұртшылықтың қатысуымен “Астанамен бір­ге тойлаймыз!” жалпы тақырыбы аясында өт­кі­зілген мағынасы зор іс-шаралармен айшықталды. Мерекелік бағдарламалар шымылдығын мә­де­ни-сауықтыру орталығы жанындағы бейнелеу өнері үйірмесіне қатысушы балалардың “Ас­танаға сыйлық” атты қолданбалы өнер көрмесі ашты. Қалалық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері әзірлеген “Елбасы және Елорда” тақырыбындағы фотосуреттер көрмесі көпшілік көңілінен шықты. Қалалық мемлекеттік мұрағат тарапынан қойылған Астананың қалыптасу кезеңі мен бүгінгі келбеті жайында мағлұмат бере­тін  жылжымалы көрме де өз мазмұн­ды­лығымен ел назарын аударды. Қаланың әдебиетсүйер қауымы қалалық мәдени-сауықтыру орталығында өткен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сәбит Бексейіттің “Жүректен қозғар сырым бар” атты шығармашылық кешінен үлкен әсер алды. Кеште шығармашыл тұлғаның елдік пен ерлік және Астана тақырыбына қатысты жырлары оқылып, тақырыпқа сай әндер шырқалды. Кеш иесін қала әкімі Ғ.Мұқашев құттықтап, ұлттық дәстүрге сай иығына шапан жапты. Мерекелік бағдарлама одан кейін “Даңқ аллея­сында” Астана құрдастарын марапаттауға арналған “Астанамен бірге өсеміз” атты акцияға ұласты. Оның барысында Астана құрдастарына сый-сияпаттар мен құттықтау хаттар тапсы­ры­лып, өнерлі өрендердің ұсынған мерекелік бағ­дар­ламасына қала жұртшылығы қуана қол соқты. Орталық  алаңдағы жалпыхалықтық серуенге жалғасқан гала-концерт өзінің мазмұны мен оған қатысушылардың ел мен жерге деген сүйіс­пеншілік сезімдерінің сергектігімен ерекшеленді. Мемлекеттік мерекелердің бірегейі – Астана күні осылайша қалың қауымға жағымды әсер қал­дырған мазмұнды іс-шараларға аса бай тұрғыда атап өтілді. Айқын НЕСІПБАЙ.