26 Наурыз, 2015

Опат болған отбасы басқа рейспен ұшуы керек екен

298 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

25-03-15-aviakanastrofa-6

АСТАНА. 26 наурыз. Бұрнағы күні немістің Germanwings компаниясының Airbus A320 ұшағымен бірге опат болған қазақстандық отбасы мүшелері басында басқа рейспен ұшпақшы болыпты. Бұл туралы марқұмдардың жақындары сөздеріне сілтеме жасаған «Хабар» телеарнасы хабарлады. «Өскеменде әріптестері Айжан Есенғалиева мен оның жақындарының ұшақ апатында қаза табуларына қатты қайғырып жатыр. «Казцинк» компаниясы марқұмдардың денелерін жеткізу мен жерлеуге кететін шығындардың бәрін өзіне алуға дайын», - делінген хабарламада. Отбасының қайғылы жағдайға қаза тапқан үш мүшесінің де осы кәсіпорынға қатыстары бар екен. Бүгін жұмысқа шығуға тиіс болған Айжан Есенғалиеваның кабинеті енді қаңырап тұр. Ол ұлының денсаулығын түзету үшін мереке күндері Еуропаға бес күнге ұшып кеткен екен. Әріптестері онымен 5 күнге ғана қоштасып тұрмыз деп есептеген. Ал шын мәнінде... мәңгілікке болып шыққан. Кәсіпорында қызмет ететін Бақыт Смағұлова өзінің басшысынан осы 5 күнге ғана қоштасып тұрғандарын естіген. Олар көп жылдар бойы бір жерде қатар жұмыс істер келе жатқандарында әріптестік шеңберінен де шығып, өзара жақсы дос болып кеткен. Енді Бақты бұдан былай Айжанның кабинетіне кіріп келмейтініне сене алар емес. «Маған бұл өте ауыр қайғы! Мен ештеңе айта алар емеспін. Айта алмаймын... Маған тіпті айтатын сөз де жоқ... Біздің оны жоғалтып алғанымызға сене алар емеспін. Мұның бәрі қандай жаман!», - деді «Казцинк» ЖШС бос уақыт және спорт кешенінің бас маманы Б.Смағұлова. Айжан Есенғалиева айналасындағы жұртқа шуағын шашып жүретін қамқор адам болыпты. Спорт сарайының, балалар лагерьлері мен демалыс жағдайлары тікелей оның қамқорлығы арқасында жолға қойылып келген көрінеді. Әріптестері Айжанның күйеуі мен ұлы туралы да өте жақсы пікірлер білдірген. Әділ кәсіпорында мырыш өндірісінің аппаратшысы болған, ал Ербол Иманқұлов «Жаңа металлургия» жобасының басында тұрған, «Казцинктің» мыс балқыту зауытының директоры болып істепті. Оның кремний өндірісін көтермекші болып Қарағандыға кеткеніне бір жылдан енді асып барады екен. «Біздердің отбасымызбен бірге демалып тұратын кездеріміз де болушы еді. Олар шын мәнінде нағыз жайсаң, өмірге құштар жандар еді. Ерболдың әзіл-қалжыңы таусылмайтын, домбыра да тартатын. Мына жағдай бізді теңселтіп кетті», - деді «Казцинк» ЖШС директоры Юрий Гусев. Достары мен туған-туыстары бұл отбасы мүшелерінің неге мына рейске тап келгендерін әлі түсінбейді. Айтуларынша, олар үйге басында Франкфурт арқылы қайтып келмекші болыпты. Шамасы, билетті ең соңғы сәтте ауыстырып алған сияқты. Бұлардың қайғылы қазаға ұшырағандарына Ербол Иманқұловтың үйде қалған анасы мен олардың қызы Дана әлі сенер емес. Енді бұлар Францияға шұғыл ұшып кеткен Айжанның сіңлісінен хабар күтіп отыр. Ол жақындарын тану үшін шақырылған екен. Мұрат Айтқожа.