Орман – ел байлығы, халықтың баға жетпес игілігі. Құдайға шүкір, елімізде орман-тоғай баршылық. Қостанай өңірінің орталық тұсында құмдауытты алқаптарда қылқан жапырақты қарағайы басым Арақарағай, Аманқарағай, Қазанбасы, Науырзым, Сыпсың ормандары алып жатыр. Жасыл желекті орман алқаптары ең әуелі көз тартар табиғатымен, сан-алуан аң-құстарымен, саф ауасымен қымбат.
Бала жастан Қазанбасы орманының саялы баурайында өсіп, ер жеткен бізге ол ерекше ыстық. Қай жақтан келе жатсаң да, көз ұшында мұнарланып көрінеді, менмұндалап тұрады. Соған жеткенше асығатынбыз. Аңдардың неше түрі паналайды. Жеміс-жидегі ше, шиесі мен бүлдіргені осы төңіректегі халықтың нәпақасы еді-ау. Бұл өңірді қоныстанған ел ашыға қоймайтын, қаһарлы қыста қысылмайтын. Іргедегі орманнан ерінбеген жан бұтақты арқалап тасып, үйіп алатын.
Қостанайдың Әулиекөл ауданы өңірінде екі орман шаруашылығы бар, 90 мың гектардан астам алқапты алып жатыр. Кезінде бұл шаруашылықтар талай рет республикалық, Бүкілодақтық жарыстарда ауыспалы Қызыл туды жеңіп алған. Сол кезде де орманда өрт болып тұратын, алайда, ширақ қимылдап, оны өршітпей сөндіретін.
Нарыққа көшу кезінде бір орталықтан білікті басқару жүйесі болмағаны шындық. Сол тұста осы орман шаруашылықтарында бірнеше дүркін өрт болып, халық байлығына үлкен зиян келтірді. Осындай алапат өрттің бірі бұдан 20 жылдай бұрын Басаман орман шаруашылығында, оның Қазанбасы орманшылығында болды. Сол кездегі шаруашылық директоры Л.Говдеев өрттің қатерлі екенін сезінбеген сияқты. Бастапқыда телефон құлағында отырып, нұсқау берумен шектелген. Қол астындағыларды өз күшімен сөндіріп аламыз деп сендірген. Аудандық өрт сөндіру бөлімінің көмегінен бас тартқан. Арада екі жарым сағат өткенде барып ойбай, өрт өршіп барады, күшіміз жетер емес, көмек бере көріңдер, деп жаны шығады. Бұл кезде өрт кең аумаққа таралған еді. Ауданның өрт сөндірушілерінің күші жетпей, Қостанай, Рудный, Лисаков қалаларынан біраз техника, өртсөндіргіш машиналар көмекке келеді. 300 адам өртті қолмен сөндіреді. Өрт тек бесінші күні толық сөндірілді.
Бұл ауданда кейін де бірнеше орман өрті болды. Ел арасында орманның өртенгені бастықтарға тиімді деген сыбыc естіліп қалып жүр. Ағаш дайындау кезінде біраз олжаға кенеледі дейді білетіндер. Шынында да, өртті өршітпей, жедел түрде шара қолданбауда бір «гәп» бар сиқты. Ел байлығы, халық игілігі болып табылатын орманның өртенуі жаныңды жегідей жейді. Кіндік қаны тамған Қазанбасы орманының бүгінгі аянышты кейпін көру біздер үшін тозақ азабын тартқанмен бірдей, жаныңа батады, жүрегін сыздайды.
Осы орайда бұдан үш-төрт жыл бұрын болған өрт еске түседі. Жиенім Мұхамедқалидің кенжесі Сайран аталмыш орманшылықта орман қорғаушы болып істейтін. Маусым айының орта тұсы. Жауын-шашын болмай жер құрғап тұрған кез. Түскі асын ішіп, сыртқа шыққан ол орманның Аяққарағай аталатын тұсынан аспанға көтерілген қою қара түтінді көз шалады. Дереу лесхозға хабарлайды. Мотоцикл мінген ол өрт шыққан жаққа жүріп кетеді. Басаман орман шаруашылығынан өрт сөндірушілер де келіп жетеді. Жедел қимылдаған жігіттер тілсіз жауды ауыздықтайды. Бұлар әбден шаршап, қалжырап қалған еді. Үсті-бастары батпақ-батпақ, малмандай су, діңкелері құрған жігіттер демалып жатып ұйықтап кетеді. Орманды аралап өткен директор жігіттерді оятып ризашылығын білдіреді, сақ болу керектігін де ескертеді. Бықсып жанған от қайта тұтануы мүмкін. Бүгін орманда түнеңдер. Қазір Дәңгірбайға барған бойда (бұл ауыл, бұл жерден он шақырымдай) ас-су, төсек-орын жібертемін дейді. Әбден қалжыраған жігіттер тамақ ішкеннен кейін ұйқыға кетеді. Сілесі қатқан олар сәске түсте бір-ақ оянады. Түске таман жер-жерде бықсыған оттар желдің әсерінен қайта лаулап жанып, өрт өрши түседі. Аптап ыстық, қапырық ауа тынысты тарылтып барады. Сонда да жігіттер өртпен арпалысып бағады. Өрт сөндіретін машина үстіне шыққан Сайран су шашатын шлангіні лаулап жанған отқа бағыттайды. Алайда, қызыл жалын басылар емес. Жігіт шаршайын деді. Тынысы да тарылып барады. Сөйткенше болмай Сайран жерге ұшып түседі. Кенет киіміне от тиіп, жана бастайды. Жерде аунап отты сөндіруге әрекет етті. Бірақ одан ештеңе шығатын емес. Машина жүргізуші жігіт жанталасып оның үстіндегі киімін шешуге тырысады. Шопыр жігіт те қалжырап құлайды. Бір бүйірде жүрген жігіттер де келіп жетеді. Сайранның үстіндегі киімі түгелге дерлік күйген. Денесі қызыл шақа дерсің. Сол жерде машинамен ауылдағы дәрігерлік пунктке жеткізіп, алғашқы көмек көрсетіледі. Жеделдетіп аудандық ауруханаға жеткізеді. Дәрігерлер денесінің 75 пайызы күйген деп табады. Білікті дәрігер Болат Садуақасовтың арқасында Сайран өлімнен аман қалды. Ақ желеңді абзал жандар адам жанының арашасы екенін сын сағатта көрсете білді. Қайратты да қайсар Сайран өлімге қарсы тұрып, оны жеңіп шықты.
Орман шаруашылығының басшылары моральдық-материалдық көмек көрсетті. Қорғанда Елизаровтың клиникасында емделуіне қамқорлық жасап, қаржылай көмек берді. Жүріп-тұруы қиын, әлі екі қолы емін-еркін қорғауға келмейтін жігітті Қорғанға бірнеше апарып емдеткен Бақыт Нұғмановтың еңбегін айтқан жөн. Қазанбасы орманы баурайындағы Дәңгірбай ауылында дүниеге келген Сайран, орманның саф ауасымен тыныстап, оның шиесі мен бүлдіргенін, итмұрынын теріп, жеп қымыздығын, тау жуасы мен су жуасын жеп өсті. Ер жете келе осы ну орманның, оның аңдары мен құстарының қорушысы, қамқоршысы болсам деген арманға берілетін. Ақыры ойлана келе Басаман орман шаруашылығына орманшы болып орналасты. Абыройсыз болған жоқ. Бастықтарға жас жігіттің жұмысына жауапты қарайтыны ұнайтын. Өзіне бекітілген учаскеде заңсыз ағаш кесуге, ұрлық қарлыққа жол берген емес. Аң мен құстың қамқоршысы бола білді. Өрттің алдын алу, оған тосқауыл қоюға ерекше көңіл бөлді. Міне, осылай абыройлы еңбек етіп жүрген Сайран табиғаттың дүлей алапаты өртке тап болып кемтар болып қалды, екінші топтағы мүгедек.
Мен бұл жайтты орманды күтіп-ұстаудың үлкен еңбекті қажет ететінін айту үшін баяндап отырмын.
Қанапия МЫРЗАҒОЖИН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
АСТАНА.