Фото: Ашық дереккөз
2026 жылға арналған егіс алқаптарының болжамды құрылымы бекітілді. Жалпы егіс көлемі 23,8 млн гектарды құрайды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық.
Егіс құрылымы бидай алқаптарын қысқартып, табыстылығы жоғары дақылдардың үлесін арттыруға бағытталған. Мұндай қадам қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен тұрақты қамтуға және баға құбылуының тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
2026 жылға жоспарланған өзгерістер:
- Азықтық дақылдар – 242 мың гектарға ұлғаяды;
- Арпа – 94 мың гектарға көбейеді;
- Жүгері – 90 мың гектарға артып, 265 мың гектарға жеткізіледі;
- Майлы дақылдар – 55 мың гектарға өседі;
- Картоп – 10,3 мың гектарға ұлғаяды;
- Бидай алқабы – 125 мың гектарға қысқарып, 12,1 млн гектарды құрайды.
Қаржыландыру ерте басталды
Министрдің айтуынша, көктемгі дала жұмыстарына өтінім қабылдау өткен жылдың қазан айында басталған. Бұл шаруаларға науқанға алдын ала дайындалуға мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда шамамен 1 900 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 200 млрд теңге көлемінде қаржы берілді. Бұл – жоспарланған соманың шамамен 30%-ы және өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6%-ға артық.
Жеңілдетілген несие көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын уақытылы әрі сапалы атқаруға бағытталған.
Дизель отыны мен техника жаңарту
Егіс науқанын үздіксіз өткізу үшін 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейін 8%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Үкімет қабылдап отырған бұл шаралар көктемгі дала жұмыстарының тиімділігін арттырып, аграрлық сектордың тұрақты дамуына негіз қалайды.
Мемлекет басшысы Ақмола облысындағы егін жинау науқанымен танысты