10 Шілде, 2010

ТYСІМЕ КYРЕС КІРМЕЙДІ

572 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Жақында Астанада қала күні қарсаңында грек-рим күресінен Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы үшін өткен халықаралық турнирге әйгілі балуан Дәулет Тұрлыхановтың шақыруымен Олимпиаданың үш дүркін чемпионы, бірнеше дүркін әлем және Еуропа чемпионы, Ресей батыры, Мемлекеттік Думаның депутаты Александр КАРЕЛИН келіп, балуандардың қазіргі бабы мен олардың алдағы кезде Мәскеуде өтетін әлем чемпионатына дайындығымен танысып қайтқан болатын. Сол кезде атақты балуанмен кездесіп, онымен әңгімелесудің сәті түскен еді.– Сіз Астанаға жиі келіп тұрасыз ғой. Осы жолғы сапарыңыз қала күні қарсаңында өткен турнирге сәйкес келіп тұр екен. Алдымен кәсіби ма­манның көзінше турнирдің қалай өткенін және онда қазақ балуан­дарының қалай өнер көрсеткенін айтып берсеңіз. – Жігіттердің бәрі жақсы кү­ресті. Әсіресе, маған сіздердің 84 кило салмақтағы Алзахор Өздиевтің күресі ұнады. Ауыр салмақтағылар да жақсы қырынан көрінді. Қазақ­стан коман­да­сы жақсы. Бас бапкер Мұратбек Қа­сымханов өзінің жа­нына құрамаға лайықты жігіттерді жинапты. Коман­даның бапкерлері де бір-бірімен тіл табыса алады екен. Бұл – балуандар үшін аса ма­ңызды. Өйткені, коман­дада бірлік бол­маса балуандар үшін қиын бола­ды. Сосын сіздерде балуан­ның бап­керге толық бағынатыны жақсы екен. Бұл турнир Астана күнімен бірге тәуелсіз Қазақстанның Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне арна­лып, өзінің жас кезінде күрескен жарысы бойынша ме­рей­той қарсаңында өткізілгенін дұрыс деп санай­мын. Маған осындай кубоктік турнирлер ұнайды. Олар тез өтеді, бірнеше күнге созылмайды, сосын еш­кім­ді де шаршатпайды. Осы турнирде маған белде­су­лер ұнады. Біздің Никита Мельников те жақсы күресті. – Қазіргі балуандардың күресіне қарап қандай ақыл-кеңес берер едіңіз? – Балуандарға ма? Жоқ, ешқандай кеңесім жоқ. Бар­лық кеңес, ақыл әдістемеде жатыр. Бапкерлердің кеңестеріне де жиі құлақ түру керек. Ал балуандар үшін ең басты кеңесші – тәртіп. Тәртіпті ауызбен жет­кізуге болмайды. Менің ойымша, адам бәрін өзі­нен бастау керек. Көп еңбектеніп, міндетсінбей жұ­мыс істеу керек. Ең бастысы, бапкерді тыңдай білу керек. Егер балуан күресте ақылмен жұмыс істеп, көп еңбектенетін болса, ол көп жағдайда биік белестерден көрінетін болады. – Сіз спортта жүргенде өзіңізге осындай талаптар қойдыңыз ба? – Әрине. – Қазір де солай ма? Өзіңізге қатал бола аласыз ба? – Иә, білесіз бе, егер өзіңе қатал болмасаң, басқа адамдарға сондай талап қоюға хақың жоқ деп ойлаймын. – Отбасыңыз жайлы айтсаңыз. Балалардан не талап етесіз? – Отбасымда мен барлық адамдар сияқтымын. Балаларға менің жолымды қусын деп талап қоймаймын. Адам біреудің атымен жүрмеу керек. Олар өздерінің жеткен жетістіктерімен мақтанса, сонымен өмірде өз орындарын тапса деймін. Біздің отбасымыздың қағидасы – әр күн әулеттің шежіресіне үлес қосу үшін өз бетімен еңбектеніп, табыстарға жетуі керек. Менің Ольга есімді зайыбым, үш балам бар. Ұлдарымның аты – Денис, Иван. Қызымның аты – Василиса. – Сіз алғаш рет 1985 жылы жастар арасында өткен әлем чемпионатын жеңіп алғаннан кейін, 1988 жылы тұңғыш рет КСРО чемпионы атанғаныңызды білеміз. Кеңес Одағының чемпионы болу ол кезде әлем чемпионы атағынан да биік мәртебе еді ғой. Осы бәсекеде сізді ауырып, ыстығы көтеріліп күресті дейді. Содан кейін болған тағы көптеген жарыстарда сіз жарақаттарыңызға қарамай кілемге шығып, бәрін жеңіп жүрдіңіз. Сол кездері күресті тастап кету жөнінде ешкім ештеңе деген жоқ па? – Жоқ, ондай болған жоқ. Мен 1981 жылы Новосібірдегі электротехникалық институттың күрес секциясына қалай келдім, солай спорттан кеткенге дейін күрес залдарынан шыққым келмеді. Менің жалғыз бапкерім болды. Ол – Виктор Михайлович Куз­нецов. Ал жарақат туралы айтсам, КСРО чемпио­натынан кейін, 1988 жылы Еуропа чемпионатында тізеден жарақат алған болатынмын. Содан кейін қабырғам сынды, басқа да жағдайлар болды. Біздің кезімізде мұндай оқиғалар көп болатын. Қазір де бар ғой. Мысалы, Виктор Михайлович Игуменов қабырғасын сындырып, басынан жарақат алса да күресіп, үлкен жетістіктерге жеткен. Сондай-ақ, Николай Федорович Балбошинді де айта аламын. Ал Михаил Геразивич Мамиашвилидің (Ресей күрес федерациясының президенті) Ха­ба­ровскіде өткен жарыста қабырғасын сындырып, қиналып жатқанын көргенмін. Содан кейін ол Олим­пиада чемпионы атағын жеңіп алды. Жарақат алып күресу – өміріңдегі маңызды оқиға емес. Менің өмі­рімде ең маңыздысы, ұлттық құра­ма­ға ілігіп, жарыстарға қатысу болды. – Сізден осы жайында сұраға­ным, Сібірдің мінезін білгім келгені ғой. Сіз үшін Сібірден шыққан Олим­пиада, әлем чемпиондарының міне­зінде ерекшелік болды ма? – Сібірдің мінезі дегеніміз – өзінен әр нәрсені талап ету, жауап­кершілік жүктеу, басқаларға талап­шыл болу. Ал біздің өңірден менен басқа биатлоннан төрт дүркін Олим­пиада чемпионы Александр Тихо­нов, семсерлесуден үш дүркін Олим­пиада чемпионы Григорий Кири­ленко мен Стас Поздняков шыққан. – Спорттан дер кезінде кеттім деп ойлайсыз ба? – 2000 жылғы Олимпиадаға соңғы рет қатысатын жарысым деп дайындалғанмын. Қазір соған қатыспау керек еді деп ойлаймын. Сол Олимпиадада әдемі кете алмадым... Әр нәрсенің өз уақыты болады екен. – Содан кейін сіз Гарднермен Бейжің Олимпиа­дасында кездестіңіз ғой. Не туралы әңгімелестіңіздер? – Олимпиадада екеуіміз ком­мен­татор болдық. Ол өз еліне, мен өз еліме жарыстан комментарий беріп отырдық. Содан кейін ол менен сұхбат алды. – Ал сіз одан? – Жоқ, менің оған сұрағым болған жоқ. – Сіз қазір түсінген нәрсені бұрын түсінбеген кездеріңіз болды ма? – Қазір көп нәрсені түсіндім. Адам алдымен адам болып, әр нәрсені сабырмен шешуі керек екен. Сосын “Сіз ұлысыз”, “Сізден артық ешкім жоқ”, “Сізден артық ешкім айта алмайды”, “Құрметті қонақ” деген сөздер адамды моральдық тұрғыдан өсірмейді, керісінше, құртып жібере ме деп ойлаймын. – Сізді кітапты көп оқиды дейді. Қазір қандай кітаптар оқып жүрсіз? – Әртүрлі кітаптар оқимын. Чехов, Достоевский, Куприн... – Толстой... – Жоқ, Толстойды айта алмай­мын. Соңғы оқыған кітабым – “Ци­тадель” болды. Одан кейін “Жизне­описание Голда Мейер”, Лемарктің “Жизнь взаймы” деген кітаптарын оқып шықтым. – Дәулет Болатұлымен көптен бері таныссыздар ғой. Қазақстаннан шыққан адамдардың арасынан тағы кіммен жақсы таныссыз? – Анатолий Иванович Колесов – өте жақсы кісі, мәдениетті, өресі биік адам. Валерий Григорьевич Резанцевпен де әңгі­мелескен қызық. Ал Дәулетпен жасымыз сәйкес болғандықтан жақсы араласамын. Тағы Быков, Назаренко, Мельниченко, Матвеймен байланыс жасап тұрамыз. – Ырымға сенесіз бе? – Сенуге болатын жағдайда ғана. Егер күн қатты ысыса, жаңбыр жауады деген сияқты. – Сізді депутаттық төсбелгі тақпайды дейді. Сол рас па? – Мен ешқашан да орден, кеудебелгі тағып көрген емеспін. Халқымның жадында осындай қалпыммен сақталғым келеді. – Қолыңызға қарап отырмын, сағат та тақпайды екенсіз. – Сағат тағу міндет емес. Уақытты ұялы телефон­нан біліп тұрамын. Мәскеудің емес, Новосібірдің уақытымен жүремін. – “Жұлдыз ауруымен” ауырып көрдіңіз бе? – Алғаш рет Олимпиада чемпионы болғанда өмірде бәріне жеттім деп ойладым. Бір күні ұшақта өзімше ақыл айтып отырғанымда бапкерім Виктор Кузнецов: “Үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Медведь сенің орныңда не істеп отыратын еді, соны айтайын ба?” дегенінде өз-өзіме келдім. – Түсіңізде күресті жиі көріп тұрасыз ба? – Жоқ, көрмеймін десем болады. Өйткені, күрес залдарына барып, кілемді жиі сипап жүремін. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Дастан КЕНЖАЛИН. P.S. 130 кг. салмаққа дейін үш дүркін (1988, 1992, 1996) Олимпиада чемпионы Александр Карелин тоғыз рет әлем чемпионатын (1989 – 1991, 1993 – 1995, 1997 – 1999), он екі рет Еуропа чемпионатын жеңіп алған. Сонымен бірге ол 2000 жылы Олимпия ойын­дарының күміс жүлдегері, 1988 жылы жастар арасын­дағы әлем чемпионы, 1988 – 2001 жылдар аралығында 13 дүркін КСРО және Ресей чемпионы атанған. Ол 1988 жылғы Олимпия ойындарынының ашылу салтанатында КСРО-ның, 1992 жылы ТМД-ның, ал 1996 жылы өз Отаны – Ресейдің жалауын алып шық­қан. Ал өткен ғасырдың соңында халықаралық әуесқой күрес федерациясы Карелинге грек-рим күресінен ХХ ғасырдың балуаны атағын берді. БАЛУАНДАР БӘСЕКЕСІ Жуырда Астанада грек-рим күресінен Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы жолындағы халықаралық турнир өтті. Астанада дәстүрлі түрде жарыс­тар өтіп тұратын “Дәулет” спорт ке­шенінде төселген кілемге Қазақ­станнан басқа, Ресей, Түркия, Бе­ларусь, Өзбекстан, Қырғызстан жә­не Әзірбайжан балуандары шығып, жекелеген салмақ бойынша күш сы­насты. Оған құрметті қонақ ре­тін­де Мәскеуден үш дүркін Олим­пиа­да чемпионы Александр Каре­лин мен Михаил Мамиашвили келді. Турнирді ұйымдастырушы “Сам­ұрық-Қазына – Астана” кор­по­ративтік қорының бас директоры Дәулет Тұрлыхановтың айтуынша, жылына бір рет өтетін байрақты бәсекенің осы жолғы мақсаты ­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­– ­­талантты жастарды іріктеп, алдағы кезде болатын сындарға қатыстыру. Турнирде жалпы командалық есеп бойынша Қазақстан құрамасы бірінші орынға ие болса, Түркия мен Ресей балуандары да қара жаяу еместігін дәлелдеп, жүлделі орын­дарға жайғасты. Бұл бәсекеде ұлт­тық құрама сапында аса ауыр салмақтағы Нұрмахан Тыналиев бас жүлдені жеңіп алса, биылғы әлем бірін­ші­лігінің қола жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев та жақсы өнер көрсетті. Жарыстың жалпы жүлдесі 100 000 АҚШ долларын құрады. Оның 30 000, 20 000, 15 000, және 10 000 доллары финалға шыққан төрт балуанға табыс етілді. Әсия ОРМАНОВА, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті.