10 Шілде, 2010

СУДЬЯЛАР ЖҰМЫСЫ САРАЛАНДЫ

517 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Кеше Жоғарғы Сот Төрағасы Мұсабек Әлімбековтің төрағалық етуімен республика соттарының 2010 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмысының қорытындылары бойынша Жоғарғы Сот судьяларының кеңейтілген кеңесі болып өтті. Оған Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасы О. Жұмабеков, Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет төрағасы Г.Ким, Жоғарғы Сот және облыстық сот судьялары қатысты. Отырысты ашқан Жоғарғы Сот Төрағасы М.Әлімбеков біздің осы кеңесіміздің алдында ғана облыс­тық және оған теңестірілген соттар төр­ағаларының қатысуымен семи­нар болып өтті. Онда сот жүйесінде орын алып отырған кемшіліктер және оны жою мәселелері, соны­мен қатар сот мониторингін жүр­гі­зуге байланысты халықаралық тәжірибелерді саралау барысы қа­ралды. Мұнда, әсіресе, Нидерланды Әділет министрлігінің кеңесшісі, халықаралық сарапшы Пим Аль­берспен әңгіме өткізілді. Бұл орай­да біздің судьялар тиісті тәжірибе алмасқаны анық, деді. Республика соттарының 2010 жылдың бірінші жартыжыл­ды­ғын­дағы жұмысының қорытындылары бойынша Жоғарғы Сот судьялары­ның кеңейтілген кеңесіне шақы­рыл­ған облыстық және оған теңес­тірілген сот төрағаларына алдымен семинар сабақтары жүргізілді. Онда үстіміздегі жылдың бірінші жарты­жыл­дығында апелляциялық тәртіп­пен қылмыстық істерді қарау бой­ын­ша Жоғарғы Соттың сот прак­ти­касы, қадағалау тәртібіндегі өті­ніш­тер мен істерді қараудың кейбір мәселелері айтылды. Әсіресе, су­дья­ларды мұнда Нидерланды Әділет министрлігінің кеңесшісі, ха­лықаралық сарапшы Пим Аль­берс мырзаның “Соттарды жетіл­ді­ру­дің халықаралық тәжірибесі не­ме­се сот мониторингі туралы” та­қы­рыптағы “Қазақстандағы ақпа­рат­тарға және сот төрелігіне қол­же­тімділік және ашықтық” атты Қа­зақстандағы БҰҰ ДБ мен бірік­кен жоба туралы баяндамасы қы­зықтыра түскені белгілі болды. Ал жалпы Жоғарғы Сот судьяларының кеңейтілген кеңе­сінде сот жүйесі өткен жартыжыл­дықта қандай жұ­мыстарды қандай дәрежеде атқар­ды, онда нендей мәселелер туын­дап отыр деген сұрақтарға жауап беруді көздеді. Бұл орайда қылмыстық істерді қарау кезінде сот төрелігін іске асы­рудың жағдайы және заңды­лықтың сақталуы туралы Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот-бақылау алқасының төрағасы А. Қасымов жан-жақты айтып өтті. Үстіміздегі жылдан бастап Сот жүйе­сіне жаңа толықтырылған заңдар бойынша жұмыс істеуге тура келді. Бұл жұмыстар қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соттарды құруға байланысты ке­шен­ді ұйымдастырылған шаралар­ды жүзеге асырумен қатар жүргі­зіл­ді. Жаңа заңдағы көптеген өзге­рістер судьялардың қылмыстық не азаматтық істерді қараған кезінде заң талаптарын қатаң сақтауы үшін Жоғарғы Соттың қадағалау жасауы­на мүмкіндік туғызды. Соның арқа­сында азаматтардың құқын бұзатын себептер мен жағдайлар анық­та­лып, жойылды. Республика бойын­ша біртұтас тәжірибе жинақтауда маңызы зор нормативті қаулылар дайындалып, қабылданды. Мәсе­лен, бірінші жартыжылдықта аза­мат­тардың құқы мен бостандығын конституциялық қорғау жөніндегі “Қылмыстық сот ісін жүргізуде адам мен азаматтың бостандығын, құқын соттық қорғау туралы” нормативтік қаулы қабылданды. Аса ауыр емес істер бойынша күшіне енген істерді қайта қарауда кедергілер жойылғанын айта кету керек. Бұрын қадағалау сатысында аса ауыр емес істер қарауға жат­пай­тын. Бұл қателік болғанын қазір Жо­ғарғы Сотқа қайта қарауға түс­кен істерді қадағалау барысы тә­жі­рибе жүзінде айқындап отыр. Мә­се­лен, осы жартыжылдықта 6 қыл­мыстық іс бойынша сот актілері жойылған. Соның ішінде, айтар болсақ, Жұмабаеваға қатысты Қос­танай қалалық соты мен Қостанай облыстық сотының қылмыстық істер бойынша алқасының үкімі, Нұрмағамбетовке қатысты Қыл­мыс­тық кодекстің 129-бабы бой­ынша Алматы қаласы, Бостандық ауданы №2 сотының үкімі мен Алматы қалалық сотының қылмыс­тық істер бойынша алқасының қаулысы тоқтатылды. Мұндай оң ше­шім кезінде облыстық соттың дең­гейінде шығарылуы қажет еді, бірақ, өкінішке қарай, заңды­лықтың бұзылуы түгіл, заңсыз соттау да анықталып отыр. Мұндай жағдай неліктен бола­ды? Жоғарғы Сот өкілдері мұны сот органдарының қызметіне дұрыс баға бермеу салдары деп есептейді. Өйткені, аудандық, облыстық сот­тар қызметі үкімдердің бұзылуы мен өзгертілу санына қарай баға­ла­нады. Міне, осыған байланысты облыстық соттар өздерінің қызмет бағытын адамдардың бостандығы мен құқын қорғауға қарай емес, ке­рісінше, үкімдердің тұрақтылығын сақтауға қарай бұрған. Осыған бай­ланысты Жоғарғы Сот облыстық соттардың жұмысын жаңаша баға­лау әдістемесін жүзеге асырды. Егер бұрын, жоғарыда айтқаны­мыз­дай, өзгеріске ұшырамаған  сот актілерінің саны көп болып және күшін жоймағандары аз болса, сот қызметі ойдағыдай деп танылатын. Енді сот төрелігін жүргізудің сапа­сы жергілікті соттарда көрініс тап­қан кемшіліктердің санына, Жоғар­ғы Соттың қалпына келтірілген бі­рінші сатыдағы соттардың үкімдері мен шешімдер санына, судьялар атына түскен арыздар санына және облыстық сот төрағаларының Жо­ғар­ғы Сотқа ағылып жатқан аза­мат­тар шағымдарын азайтуға ба­ғыт­тап атқарып жатқан шарала­ры­на байланысты шығарылады. Әрине, соттардың қызметі көп­те­ген факторға, оның ішінде сот актілерінің орындалуына да тығыз байланысты екендігі анық. Сот қау­лыларының орындалуына барлық жерде бірдей толыққанды бақылау жүргізілмейді. Соның салдарынан кейде қылмыскерлердің жазасыз қалатындығы байқалады. Бұған кеңесте баяндама жасаған Жоғарғы Сот өкілдері Алматы қаласы, Медеу аудандық сотының Әлібаевқа қа­тыс­ты үкімін мысалға келтірді. Атал­ған сот оны бас бостанды­ғы­нан айырғанымен, сот залында қамауға алмаған, тек үкім күшіне ен­генге дейін ешқайда кетпеу ту­ра­лы қолхат жаздырып алған. Бұдан кейін істі қараған апелляциялық инстанция да үкімді күшінде қал­дыр­ғанымен, сол үкімнің орын­да­луы үшін ешқандай шара қабыл­да­ма­ған. Мұндай салғырттық ақыр соңында сотталған адамның қашып ке­туіне соқтырды. Қазір ол мемлекет­аралық іздеуде жүр. Бұдан сот би­лі­гінің беделіне үлкен нұқсан келеді. Ақылтай Қасымовтың айтуына қарағанда, жартыжылдықтағы қыл­мыстық істер бойынша сот төре­лі­гін жүргізу барысы кейбір облыс­тық соттар төрағаларының орташа қылмыс жасағандардың арасын­дағы түзелуі мүмкін жандарды қо­ғамнан оқшауламай жаза қолдануда және ауыр, аса ауыр қылмыс жа­са­ғандармен аяусыз күрес жүргізуде заң талаптарын сақтамайтын тө­мен­гі тұрған соттар жұмысына жет­кілікті түрде көңіл бөлмейтіндігін анықтап берген. Қадағалау тәртібі бойынша былтырғы көрсеткіштерді есепке ала отырып айтқанда, Жо­ғар­ғы Сотқа  5384 ұсыныс түскен, бұл былтырғы жылдың осы кезе­ңімен салыстырғанда 120 пайызға көп деген сөз. Бірақ бұл жер мен көктей айырмашылық үстіміздегі жылдың басында енгізілген іс жүр­гізу заңдарына қосылған өзге­ріс­терге байланысты болып отыр. Жалпы, қазір сот жүйесінің қыз­меті тұрақты, байыпты, әділ жүргізіліп келеді. Оған үстіміздегі жылдың бірінші қаңтарынан бастап сот жүйесіне енген жаңа заңның әсері зор болды. Республиканың барлық соттары осы заңды пай­да­ланып отыр. Ол заңның қандай ерекшелігі бар? Мәселен, бір ерек­шелік еліміздің облыстық соттары қаңтар айынан бастап қылмыстық істерді қарамайтын болды. Өте ауыр, яғни қасақана кісі өлтіру секілді істер арнайы ауданаралық соттарда қаралады. Бұрын мұндай дәрежелі істерді облыстық сот бірінші сатысында қарайтын, енді олар жаңағы аудандық соттардың үс­тінен түскен наразылық келті­ріл­ген шағымдарды апелляциялық тәртіпте қарайтын құзыретке ие болды. Бұрын сот жүйесінде, әри­не, апелляциялық сот тәртібі бол­ған­дығы да рас, бірақ қазір сот жүйе­сіне ол толық енгізілді. Толық дейтін себебіміз, бұрын ескі заң бойынша апелляциялық сот жаңа­дан түскен бір, екі дәлелдерді, құ­жат­тарды пайдалануға құқы бар еді. Енді бірінші сатыда қаралмай қал­ған, не тараптар жеткізе алмай қал­ған қосымша дәлелдердің бәрін апел­ляциялық соттың қайта қабыл­дап, толықтай қарауына мүмкіндігі кеңейді. Яғни, облыстық соттың үкімді қайта қарап, жаңаша шешім шығаруына құқы бар. Мұндай үш буынды сатылық соттардың тиімділігі байқалып отыр. Бұрын сотқа түскен істің ше­шімі ұзақ уақытқа созылып кетеді деген әңгіме де жиі айтылушы еді. Қазір істі созу мүмкін емес, об­лыс­тық сот тез шешім шығарып беруге тиіс. Апелляциялық сатыда қарал­ған істердің 99 пайызы бастапқы күшінде өзгеріссіз қалады. Демек, олардың шешіміне арызданушылар санаулы ғана. Дегенмен, аталған заңда кемші­лік­тер де жоқ емес көрінеді. Мәсе­лен, бірінші сатыда қаралған істің шешімі белгілі уақыттан кейін кү­ші­не енетіні мәлім. Осы уақыт ара­лығында тараптар апелляциялық сот­қа шағым беріп үлгірмесе, ол қа­ралмайды. Кассациялық сот та оны қарай алмайды. Бұл жағдайда тараптарға сонау алыстан арыз­да­рын арқалап Жоғарғы Сотқа жетуге тура келеді. Бұл кейбір адамдарға қиыншылық туғызатыны анық. Сон­дықтан Жоғарғы Сот қазіргі күні мұндай істер облыстық апел­ля­циялық және кассациялық сот­тар­да қаралуға тиіс деген ұсыныс дайындау үстінде. Бұл Жоғарғы Сотқа түсіп жатқан арыздардың да санын азайтуға мүмкіндік туғызар еді. Әйтпесе, мұнда бір аптада 200-ге дейін арыздар қаралады, яғни бір судьяға 40, 50 істен түседі. Оның бәрі уақтылы үлгеру керек деген жан­талас кезінде толыққанды қара­лады деп айтуға да ауыз бармас. Демек, асығыстықтан үстірт қарау ықтималдығы басым болып тұр­ғандықтан, Жоғарғы Соттың атал­ған ұсынысы орынды деп білеміз. Бүгінгі отырыста алғашқы саты­ларда қаралатын істердің дұрыс шешім табуына назар аударылды. Судьялар ешқашан қателікке жол бермеуі керек. Ол үшін мониторинг жүргізудің рөлі ерекше артып отыр. Бұрын судьялардың қызметіне баға берілгенде олардың шығарған ше­шімдерінің қаншасы бұзылған­ды­ғы, не қайта қаралмағандығы есеп­ке алынатын еді. Қазірде бұл тә­жі­ри­бе сақталып отыр, бірақ оған қоса судьялардың қандай қателік және қаншалықты оны жібере­тін­дігі есепке алынатын болды. Өйт­кені, заң бұзушылық болса, тарап­тар оған қарсы бәрібір наразылық танытады, ондай шешіммен ешкім келіспейді. Міне, мониторинг жүр­гізілгенде істі бірінші қараған су­дья­лардың кемшілігі бұрын анық­талған болса, ол ескерту алғаннан кейін жойылды ма, әлде соның сал­дарынан арызданушылар әлі Жоғарғы Сотқа жүгініп жүр ме деген сұрақтар жіті анықталады. Осыған қарап әр судьяға тиісті талап қойылады. Кеңесте сөз алған Жоғары Сот кеңесінің төрағасы О. Жұмабеков сонау 2008 жылы “Сот жүйесі және судьялар мәртебесі” Консти­ту­ция­лық заңына өзгерістер мен толық­тырулар енгізілді, “Жоғары Сот кеңесі туралы” Заң жаңа редак­ция­да қабылданды, сонымен қатар, аза­маттық және қылмыстық про­цес­суалдық заңдарға бірқатар тү­зетулер енгізілді, деді. Консти­ту­цияға сәйкес сот өндірісін жүр­гізу­дің үш буынды жүйесі іске қо­сыл­ды. Соның арқасында сот жүйесі ашық әрі  халыққа қолжетімді бола түсті. Бұл осы үстіміздегі жылдың республика соттарының 1-ші жар­ты­жылдығындағы жұмыс тәжіри­бе­сі­нен аңғарылады. Алға қойылған негізгі мақсаттар орындалып, сот төрелігін жүргізу деңгейі тұрақты сақ­талып тұр, деген О.Жұмабеков,  атқарылып жатқан жұ­мыстар қазіргі талаптарға жауап бер­мейтіндігін де жасырмай алға тартты. Оның айтуынша, нәтиженің не­гізі көрсеткіштер саны емес, шет­елдік инвесторлар, заңды тұлғалар, азаматтар сенімінің көрсеткіші бо­ла­тын жұмыс сапасы. Өйткені, Мемлекет басшысы құқықтық ке­ңі­стікті жетілдіру бойынша кешенді және жүйелі жұмыстар жүргізу жөніндегі міндеттерді алға қойып отыр. Ол міндеттер Елбасының Су­дья­лар одағының V съезінде сөй­леген сөзінде және Қазақстан Рес­публикасының 2010-2020 жылдар аралығын қамтитын Құқық­тық саясат тұжырымдамасында баян­далғаны белгілі. Қазіргі күні су­дья­лыққа кандидаттарға талап кү­шейе түсті. Олардың жас мөлшері, өмірлік тәжірибесі, білім деңгейі, жақын туысқандарының оң немесе теріс әрекеттері есепке алынады. Сондық­тан да, қазір аталған Кеңес жасы 30 және одан да асқандарға конкурс жүргізгенде басымдық береді. Кеңесте, сондай-ақ республика соттарымен 2010 жылдың 1-ші жартыжылдығында азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот төре­лігін жүзеге асырудың нәтижелері, судьялар арасында сыбайлас жем­қорлыққа қарсы әрекет бойынша қабылданып жатқан шаралар, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қам­та­ма­сыз ету, сондай-ақ сот актілерінің орындалуы, облыстық соттардың қызметін қамтамасыз ету бойынша облыстық соттың және Соттар әкімшісінің өзара әрекеті туралы, атқарушылық іс жүргізудің тиім­ді­лігін арттыру жөніндегі шаралар және алдағы кезеңге қойылатын міндеттер туралы айтылып өтті. Кеңесте айтылған мәселелерге орай бүгінгі таңда судьяларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан жақ­сы­лықтар аз емес екендігі, соның бір көрінісі Елбасы үнемі ерекше көңіл бөлетіндігі, судьялармен, судьялар қауымдастығымен Мемлекет бас­шы­сының кездесуі дәстүрге айнал­ған­дығы, сондықтан мұндай қа­рым-қатынасты бағалай біліп, ха­лық алдындағы міндетті абыройлы орындау қажеттігі айқындалды. Александр ТАСБОЛАТОВ.