14 Тамыз, 2015

Әр аудан 15 жобадан қолға алады

736 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

shymkent

Соңғы алты айда Оңтүстік Қа­зақ­стан облысында 90 млрд. теңгеден астам ауыл­шаруашылық өнімі өндірілді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі осы мерзімде 3,6 пайызға кө­бе­йіп, 281,1 млрд. теңгеге жетті. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Асқар Абдуллаев индустрияландыру картасы аясында 65,8 млрд. теңгеге 36 жобаны іске асырып, 3200 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде дегенді айтады. Есепті кезеңде 17,7 млрд. теңгеге 4 жоба іске қосылып, 1190 жұмыс орны ашылған. Ал ауыл шаруашылығында жалпы өнімінің көлемі 90,9 млрд. теңгені құраса, оның ішінде мал шаруашылығында – 78,8 млрд. теңге, егін шаруашы­лығында 11,9 млрд. теңге өні­мі өндірілді. Басқарма басшысының айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестиция­лар көлемі – 141,3 млрд. теңге. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 65,2 млрд. теңгені құрап 8,4 пайызға артса, іске қосылған тұрғын үйлердің алаңы 179 мың шаршы метр. Со­ны­мен қатар, мемлекеттік бюджеттің кірісі 95,7 млрд. теңге, ол өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда – 97,6 пайыз. Оңтүстік – аграрлы облыс. Та­биғаты қатал өңірдегі аға­йындардай емес, мұнда жерден өнім алуға мүмкіндіктер көп. Бірақ, баяғыдай шыбықты теріс қадасаң да көктеп кететін, тусырылып жатқан тың жер жоқ. Агротехникалық талаптар қатаң сақталмаса көңілдегідей өнім алу қиын. Мұны ғалымдар да жиі ай­тып, дабыл ұрып жүр. Аме­рика, Қытай, Еуропа мемлекеттерінде фермерлер жерінің бір уысын қалта қапқа салып ғылыми-зерттеу инс­титутына апарып берсе, оған қандай тыңайтқыштар керек екендігін сол мезет айқындап береді. Бізде ғылымның осы тұсы ақсап тұр. Өйткені, агроном мамандығынан түк хабары жоқ, жұрт айтты деп селитраны жерге мөлшерден тыс көп берген азаматтардың біразы биыл салған инвестициясының орнын жаба алмай қалды. Облыс әкімдігі осындай ке­леңсіздіктерді болдырмау мақсатында жиі семинарлар өткізуде. Халқының саны миллионға жетеғабыл Шымкентте би­ыл ауыл шаруашылығы мақса­тын­­дағы жердің көлемі бес есе өсті. Бұл 2014 жылғы бас жоспарға сәйкес Сайрам, Төле би және Ордабасы аудандарынан қосылған жер көлемі арқылы көбейген. Оңтүстік жағдайында Шымкенттің мегаполис екендігін ескерсек, осы жерлер арқылы қаланың көкөніс, бау-бақша өнімдеріне қажеттілігін толық шешіп алуға болады. Бүгінде облыстың бюджеті 461 млрд. болса, өзіндік кіріс 17 млрд. теңгеден сәл асады. Биыл 1 шілдеге дейін түскен салықтар мен басқа төлемдердің мөлшері 95,7 млрд. теңгеге жеткен. Бұны жіліктегенде республикалық бюджетке 49,4 млрд. теңге, жер­гілікті бюджетке 46,3 млрд. теңге түскен. Облыс әкімі осының бәрін шотқа салып, көбірек табыс табу, жаңа жұмыс орындарын ашу, облыс мүмкіндігін тиімді пайдалану мәселесіне орай жиі жиын өткізеді. Жақында өткен кеңесте өңір нарығын отандық тұтыну тауарларымен қамту мәселесі талқыланды. Кеңесте «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жүргізген талдау нәтижелері таныстырылды. Бүгінде өңір нарығы 5,5 трлн. теңге болса, соның 30 пайызға жуығын азық-түлік тауарлары, қалғанын бұл санатқа жатпайтын сауда өнімдері құраған. Осыған байланысты сарапшылар халықтың өндіріс пен тұтыну мөлшерін айқындап, әр аудан, қалаларда қандай жобаларға басымдылық беруін зерделеген. Тамақ өнеркәсібі саласын дамыту бағытында әзірленген бұл жобада әр аймақтың табиғи-кли­маттық ерекшеліктері мен қажетті шикізат өндіру мүм­­кіндіктері ескерілген. Жасалған іс-шаралар жоспарына сәйкес өңірімізде 215 жобаны іске асыру жоспарлануда. Яғни, әр ауданда 15 жобадан қолға алынбақшы. Алдын ала жасалған болжамдарға сәйкес осы кәсіпорындарда 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылмақ. Жобалар тамақ өнеркәсібімен қатар құрылыс өнімдерін де өндіруге бағытталған. Талдау нәтижелерін сарапқа салған өңір басшысы басты міндет – импорттық тәуелділіктен арылу екендігін назарға алып, азық-түлік тауарларын өндіруде отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаттылығын тереңінен талдап, шығаратын тауар ассорти­менттерін айқындау және дайын өнімді сату нарығын белгілеуде атқарылатын жұмыстарды атқаруды тапсырды. Сүт, ет өңдеу кәсіпорындарының жұмысын жетілдіру бағытында дұрыс логистика жүйесін қалыптастыруды міндеттеді. Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздегі аграрлық шаруашылығы өркендеген өңірлердің бірі екендігіне көңіл бөлген облыс әкімі ішкі нарықты ауылшаруашылық өнімдерімен жыл бойы қамту өзекті міндет деп белгіледі. Осы орайда ауылшаруашылық өнімдерін сақтайтын қоймаларды заманауи талаптарға сәйкестендіріп, өнімдерді жыл бойы сақтауға және қажетті логистиканы дамытуға жағдай жасау керек деді. Ішкі нарықты қажетті өнімдермен жыл бойы қамтып отырған шаруаларға мемлекеттік қолдау шараларын қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ, өңір басшысы облыстың бренді ретінде қақталған қауын өнімін ЕХРО-2017 көрмесіне шығаруды ұсынып, осы бағытта жұмыстар атқаруды жүктеді. Оңтүстікте осындай шаралар кезең-кезеңімен іске асып жатыр. Қазір «алма піс, аузыма түс» дейтін заман емес. Дер кезінде қамданып қалғандар уақыттан ұтады, шаруасы ілгерілейді. Бүгінде облыс әкімі басқарма басшыларын қасына алып, әр аудан, қалаға жұмыс сапарымен баруда. Жыл басында әкімдік тарапынан берілген тапсырмалардың қалай орындалғандығына бақылау жүргізіп, жергілікті жердегі қордаланған мәселелерді шешудің жолын айқындайды.

Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.