Мереке • Бүгін, 11:58

Алғыс айту күні – бірлік пен ризашылықтың жарқын көрінісі

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан халқы алғыс айту күнін атап өтеді. Тарихқа тағзым, тағдырға сабыр, адамдарға шынайы алғыс білдіру күнінің ресми бекітілгеніне 10 жыл толып отыр. Тіршілік түлейтін көктем мезгілімен қатар келген мереке алғыс айту – асыл қасиет екенін меңзейді. Бұл күні ұлы далада ғұмыр кешіп жатқан қазақстандықтар қазақ халқына, бір-біріне қиын-қыстау кезеңде қолтықтан демеп, достық пейіл, ыстық ықылас танытқан жұртқа ризашылығын білдіріп жатады, деп жазады Egemen.kz

Алғыс айту күні – бірлік пен ризашылықтың жарқын көрінісі

1 наурызда атап өтілетін бұл күн елдің өткені мен бүгініне үңіліп, бірлік пен бауырмалдықтың қадірін сезінуге шақырады.

Алғыс айту күні – тағдыр тәлкегіне түскен түрлі этнос өкілдерін қазақ жері бауырына басып, аман алып қалған кезең мен бүгінгі бейбіт күн үшін шүкірлікті еселейтін мезет. ХХ ғасырдың ауыр жылдары – Сталиндік режим кезінде Қазақстанға түрлі этностар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілі, 18,5 мың Қиыр Шығыс­тағы корей отбасы қоныс аудар­ды.

Қазақстанға күштеп қоныс аударылған миллиондаған адамды қазақ халқы жатсынбай қабылдай білді. Ал өз кезегінде еліміздегі түрлі этнос өкілдері бұл қайырлы әрекетті әрқашан бағалап, бірлік туын биік ұстауға бірлесе күш салып жүр.
Сол себепті бұл мерекені мейірім мерекесіне балауға болады. Сондай-ақ мәні терең, маңызы жоғары мейрам тарихи жады мен ұлттық жауапкершілікті қатар дәріптейтінін атап өткеніміз жөн.

Елімізде Алғыс айту күні 2016 жылдан бері ресми түрде атап өтіледі. Бұл күннің 1 наурызға белгіленуі де бекер емес. Себебі 1995 жылдың дәл осы күні Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған еді.

Жаһанда геосаяси ахуал ушыққан қазіргі кезеңде мерекенің маңызы арта түскендей... Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауында айрықша тоқталды.

«Өзара құрмет көрсету, өзгеге жанашырлықпен қарап, шынайы тілеулес болу – ұлтымыздың бойына сіңген қасиеттер. Алғыс айту дәстүрі төл руханиятымыздың темірқазығы ретінде ел ішіндегі сенім мен бірлікті нығайтуға зор ықпал етіп келеді. Жақындарымызға алғыс айту – оларға рухани қолдау көрсету, қиын кезде қол ұшын созу деген сөз. Қазіргі құбылмалы заманда бұл қасиеттің мән-маңызы ерекше», деп атап өтті Мемлекет басшысы. 

Мемлекет басшысы Алғыс айту күнін өткенге тағзым жасап қана қоймай, болашаққа жауапкершілікпен қарауға үндейтін мереке ретінде сипаттайды. Президент пікірінше, тарихтағы қиын кезеңдерді ұмытпау – елдің тұтастығын сақтаудың басты кепілі.

Алғыс антологиясы: Мереке мәні неде?

Әлем елдеріндегі – ризашылық күні

Жүректі жақсылыққа толтыратын Алғыс айту қасиеті тек Қазақстанға тән құндылық емес. Әлемнің көптеген елінде де ризашылық пен шүкіршілікке негізделген мерекелер бар. Мәселен, қарашаның төртінші бейсенбісі АҚШ-та Thanksgiving Day (алғыс айту, ризашылық білдіру) күні тойланады. Бұл күні АҚШ халқы Жаратқанға, табиғатқа, өмірге және бірлікке шүкірлік етіп, алғыс жаудырады. Америкалықтар үшін Thanksgiving Day отбасылық мереке саналады. Сондықтан атаулы датада олар дастарқан басына жиналды. Канадада қазан айының екінші дүйсенбісі – Thanksgiving (алғыс білдіру) күні мерекеленеді. Бұл елде алғыс білдіру күні егін жинау маусымымен тығыз байланысты. Мереке мәні жақсылыққа ризашылық білдіру, табиғаттың сыйын бағалаумен астасып жатыр.

Мемлекет басшысы ел азаматтарын Алғыс айту күнімен құттықтады

Жапония жұрты 23 қараша күні Еңбекке алғыс айту күнін атап өтеді. Аталған мейрамда олар еңбек адамын, өндіріс пен қоғамның дамуына құрмет көрсетіп, қоғамдағы әрбір еңбектің маңызын сезінуге, қадірін қашырмауға үндейді. Ал 21 қыркүйек күні төрткүл дүние халықаралық ризашылық білдіру күнін атап өтеді.

Соңғы жаңалықтар