Бұрын Атырау дегенде алдымен мұнай-газ өнеркәсібінің өркендеуі ойға оралушы еді. Шетел инвесторлары да, шағын және орта бизнес өкілдері де жобаларын осы саламен байланыстыруға ұмтылатын. Соңғы кезде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жаңа өнімдерді шығаруға көңіл бөліне бастады.
Сондай өнімнің бірі – талшықты-оптикалық кабель. Мұнайлы өңірде бұрын болмаған жобаны «Бизнестің жол картасы» өңірлік индустрияландыру картасы аясында іске асыруға бет бұрған «ПКФ Континент Ко ЛТД» ЖШС бас директоры Семен Хванның айтуынша, басты мақсат – телекоммуникация, транспорт, құрылыс және мұнай-газ саласына қажетті талшықты-оптикалық кабель шығару өндірісін игеру.
Жаңа өнімді шығаруды бастаған зауыт құрылысына 715 миллион теңге салыныпты. Жалпы құны 1 миллионнан аса АҚШ долларын құрайтын технология Қытайдан сатып алынған. «Біз ондаған миллион долларға бағаланған еуропалық технологияны сатып алуға тәуекел етпедік. Себебі, бұл саладағы жұмысты енді бастадық. Дегенмен, зауытымыздағы қытайлық технологиямен 5 жыл бойы үздіксіз өнім шығаруға әбден болады. Мұнда ең бастысы – сапалы шикізат болса, өнім де соған сәйкес келеді» деген бас директордың пікірінше, қазір мұнда жергілікті мамандар жұмысқа қабылдануда. Соның бірі – Аслан Мұханғалиев Атырау политехникалық колледжінің түлегі. Ол қазір операторлық кәсіпті үйренуші ретінде үш айлық сынақ мерзімімен жұмыс жасайды. Оған 50000 теңге жалақы төленіп отыр. Сынақ мерзімінен кейін жалақысы 70000-80000 теңге аралығында болмақ екен. Зауыттың қуаты – жылына бір ауысыммен 4500 шақырымдық, ал үш ауысыммен 11000 шақырымдық созылатын оптикалық кабель шығару. Сонымен бірге, мұнда 2017 жылы мыс қосылған кабель шығаратын қосымша екі цехты іске қосу көзделіп отыр. «ПКФ Континент Ко ЛТД» ЖШС бас директоры Семен Хванның айтуынша, біздің елімізде мұндай өнімге сұраныс өте жоғары. Жаңа өнімнің негізгі тұтынушысы «Қазақтелеком» болғалы отыр. Қазір осы компаниямен 3 миллиард теңгеден астам қаржыға екі жылдық келісім жасалыпты. – Біз бұдан өзге Алма ТВ, «Қазтранском» және құрылыс индустриясындағы компанияларға да өнімімізді ұсынуды ойластырып отырмыз. Өйткені, біздің өнімімізге сұраныс бар. Олай дейтінім, кабельдің де қолдануға болатын шектеулі мерзімі бар, оны белгілі бір уақыттан кейін ауыстыру қажет. Оған қоса қазіргі уақытта интернет, байланыс, жылдамдық секілді жаңаша талапқа сай мыс қосылған кабельдерді талшықты-оптикалық түріне алмастыру кезеңі келді, – дейді серіктестіктің бас директоры С.Хван. Оның мәлім еткеніндей, жаңа өніммен еліміздегі сұраныстың 25-30 пайызын қамтамасыз ету жоспарланыпты. Мұның да өзіндік себебі бар. «Біріншіден, Атыраудағы зауытта шығарылған кабель түрлерінің өзіндік құны Ресейдегі өндірушілердікінен ерекшеленбейді. Екіншіден, зауыттың өз электр энергиясы бар. Үшіншіден, еліміздегі салық жүйесі Ресейдегіден әлдеқайда көңілге қонымды. Демек, біз олармен бәсекелес бола аламыз. Тіпті, бізде Қытайдағы кабель өндірушілермен де жарысатындай мүмкіндігіміз мол» деп есептейтін кәсіпорын басшысы жұмысқа тек жергілікті тұрғындарды алуды көздеп отыр. Мұнда барлығы 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Сол себептен, Атырау политехникалық колледжімен дуалды оқыту әдісін қолдану үшін меморандумға қол қойылды. Енді Атырау мұнай және газ институтымен де осындай меморандумға қол қою жоспарланып отыр. Ал «Қазақтелеком» АҚ Атырау облыстық телекоммуникациялар дирекциясының бас директоры Ерсайын Дүйсемәлиевтің айтуынша, талшықты-оптикалық кабель шығару жоғары технологияға жатады. Мұндай өндірісті іске қосу оңай емес. Кабель шығаруға сапалы шикізат қажет, онсыз өнімге тұтынушы табу қиынға соғады. Бұрын жергілікті байланысшылар кабельдерді Қарағанды облысындағы осындай зауыттан сатып алған екен. Енді оны Атыраудан сатып алудың тиімділігін қарастыруда. Жақсылығы сол, Атыраудағы сатып алынған кабельді тасымалдау үшін қосымша қаржы жұмсалмайды. Атырауда шығарыла бастаған жаңа өнімнің сапалы болатындығына сала мамандары мол үміт артып отыр. Тұтынушысы да мол боларына сенеді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ. Суреттерді түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.