26 Ақпан, 2015

Тасжол тағдыры

478 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
13467521_news_bigpic немесе «Қарабұтақ–Торғай» трассасының қисынсыздығы хақында Өткен жылдың қараша айында жарияланған Президент Н.Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы сарабдал саясаткердің кемел қасиеті халық тағдыры таразыланар тұста тереңірек танылатынының дәлелі іспеттес болды деу орынды. Өйткені, Елбасының өзі айтқандай, бүгінде бүкіл әлем жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Ал «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты – осындай күрделі кезеңнен қысылмай шығудың бағыттарын анықтап берген баянды бағдарлама. Жолдауда қозғалған мәселелердің қай-қайсысы да өзекті. Оның ішінде әсіресе, тарихи құжаттың басты түйіні ретінде сипатталған алысты жақын ететін жолдың орны бөлек. «Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бipipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады». Осы тұрғыда көліктік-логис­тикалық инфрақұрылымдарды дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Әуелгі кезекте, негізгі автожолдар жобасы жүзеге асы­рылмақ. Бұлар: «Батыс Қытай – Батыс Еуропа», «Астана–Алматы», «Астана–Өскемен», «Астана–Ақтөбе–Атырау», «Алматы–Өскемен», «Қарағанды–Жезқазған–Қызылорда», «Атырау–Астрахань» автокөлік жолдары. Осылардың ішінде Ақтөбе облысының аумағынан «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі өтіп жатыр. Бұл облыс экономикасының дамуына серпін беруде. Сонымен қатар, «Астана – Ақтөбе – Атырау» бағытында жүргізілетін автокөлік жолы да ақтөбеліктер үшін аса маңызды болып табылатыны дау­сыз. Тап осы жолға қатысты негізгі бағдарды Елбасы айқындап бергенімен, оны жүзеге асыруда, яғни жолдың қай жерлермен жүргізілетіні турасында қарама-қайшы көптеген пікірлер мен көзқарастар бар. Бұл жөнінде мерзімді баспасөз беттерінен оқып жүрміз. Әрине, әркімнің өз көзқарасы мен оны еркін білдіруге құқығы бар десек те, не нәрсені де әуелі саралап, оң-терісін безбенге салып салмақтап барып көпшілікке жариялаған жөн. Осы тұрғыда республикалық «Экономика» газетінің осы жылғы №2 санында шыққан «Қарабұтақ–Торғай» тасжолының логистикасы» деген тақырыптағы мақаланы мысалға келтірсек ешбір әбестігі болмас. Авторы анау-мынау емес, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің қауымдастық профессоры Мұханбет-Шәріп Кенжебай екен. Мақаланы оқып шығып, жағамызды ұстадық. Профессор мырза «атты тым әріге айдап» жіберіп қарақшыға жеткізе алмаса керек, өзі көтеріп отырған жобаны негіздей алмапты. Сондықтан осы мақаланы жазуға еріксіз бардық. М.Кенжебай Қарабұтақ–Торғай бағытын бес өлшем бойынша негіздемек болған екен, біз сол бес өлшемнің қисынсыздығын айтқымыз келеді. Біріншіден, Торғайдан Қара­бұ­таққа ең төте жол салғанның өзінде арақашықтық мақалада айтылғандай 187 шақырым емес, 263 шақырымды құрайды. Бұған кемінде 3 көпір салынуы керек, егер мамандар көк­темгі су тасқынын ескерер болса, тағы қосымша су өткізгіштер және басқа құрылыстар салынуы мүмкін. Ал жол салудағы әрбір көпір құрылысының қаншалықты қымбатқа түсетіні баршамызға белгілі. Екіншіден, автор бұл бағытта тығыз орналасқан халықты қайдан көріп жүр? Торғайдан Тұмабұлаққа дейінгі 170 шақырым құла түзде ұшқан құс, жортқан аң жоқ. Үшіншіден, екі ортада 10-нан аса ауыл түгілі, мал бағып отырған қос та жоқ. Бұл аралықта Кеңес өкіметі кезінде де ел көп қоныстанып көрген емес. Төртіншіден, Сібірден ұшқан құстар дамылдайтын көл-көлшіктер бұл бағытта да бар. Бесіншіден, Әбілқайыр хан бейіті де бұл жолдан 60-70 шақырым жоғарыда жатыр. Енді автор теріске шығаруға жанын салып отырған «Ырғыз–Торғай» жобасына келсек, оның қисын­дылығын төмендегіше пайымдауға болады. Біріншіден, профессор айт­қан­дай, Ырғыз бен Торғайдың арақа­шықтығы 200-250 шақырым емес, тура 200 шақырым. Екіншіден, Ырғыз бен Торғайдың арасында Ырғыз ауданының Нұра және Қостанайдың Жангелдин ауданының Ақшығанақ ауылдық округтері, 4 елді мекен бар. Одан басқа жағалай шаруа қожалықтары орналасқан. Ал М.Кенжебай мақа­ласында «Торғай–Ырғыз» тасжо­лының іргесінде Құйылыс елді мекенінен басқа 40 шақырымнан жақын бірде-бір елді мекен орна­лас­паған» дегенде не айтқысы келгені тіпті түсініксіз. Егер автор бұл жердің жай-жапсарын толық білмей­тін болса, білетіндерден сұрап алуына болатын еді ғой. Ырғыз ауда­ны­ның Тәуіп ауылдық округінің орта­лығы Құйылыс ауылы мүлдем басқа бағытта жатыр. Ол жолдан шығысқа қарай 90 шақырымдай қашықта. Үшіншіден, көпір бір-ақ жерден, Өлкейек өзенінен салынады. Және бұл бағытта Торғайдан Ақшығанаққа дейін, Ырғыздан Нұраға дейін бұрынғы кеңестік дәуірден қалған көтерме жол бар, сонда осы екі елді мекеннің арасындағы 40 шақырым жол табаны ғана көтеріледі. Ал Торғайдан Қарабұтаққа дейінгі 263 шақырымның басынан-аяғына дейін жол табанын көтеру керек. Бұл да көп шығынды талап ететіні белгілі. Төртіншіден, «Ырғыз–Торғай» автожолын салудағы ең маңызды мәселенің бірі туризмді дамыту мүмкіндігі болып табылады. Бұдан миллион жыл бұрын алып метеорит түскен жер «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» және «Ырғыз-Шалқар» тас жолдарының, яғни төрт жолдың торабы түйіскен жерден 35 шақырым оңтүстікте, Әбілқайыр ханның бас батырларының бірі Бөкенбай батырдың қарауыл төбесі 15 шақырым батыста, Әбілқайыр ханның ордасы тігілген жер 40 шақырым шығыста жатыр. Басқа да тарихи орындар жеткілікті. Бұдан басқа айдын көлдер мен шағыл құмдарға саяхат жасау арқылы экотуризмді дамыту мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Қазірдің өзінде Малайдар көлдер жүйесі экотуристік саяхаттың маршруты мен тарифі республикада бекітіліп, ұйымдастыру шаралары қолға алынуда. Ал туризмді дамытуда инфрақұрылымның дамуы аса маңызды екенін ешкім жоққа шығармаса керек. Тағы бір назар аударатын жайт, Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы жарияланған соң көп ұзамай облыстық «Ақтөбе» газетінде «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ облыстық филиалының сапаны бақылау және жұмыстарды қабылдау бөлімінің басшысы Ерділдә Қалағановтың сұхбаты жарық көрді. Ол 2015 жылы қаралуы тиіс үшінші жоба – «Қандыағаш–Ембі–Шалқар–Ырғыз» автожолы екендігін атап көрсетіпті. «Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясына сәйкес еліміздің орталығын оңтүстік, батыс және шығысымен байланыстыру мақсатында Астана арқылы ұлттық автожол желісінің құрылысын бастау қолға алынған болатын. Осыған орай Астананы Ақтаумен байланыстыратын жаңа көлік дәлізі пайда болмақ. Бұл жолдың болашақтағы бағыты «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық транзиттік дәлізімен қиылысатын қазіргі «Қандыағаш–Ембі–Шалқар–Ырғыз» тасжолының жекелеген бөліктерін қамтиды. Бұл жолдың облыс аумағындағы ұзындығы – 401 шақырым», дейді Е.Қалағанов. Н.Назарбаев 2014 жылдың қаңтар айында жариялаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында келешекте Қазақстан теңізге шығатын жолдары бар елдерде логистика орталықтарын құруға инвестиция салуға тиіс екендігін айтқан еді. Осыған байланысты Ақтау портының қуаттылығын күшейту жөнінде тапсырма берген болатын. Ұзындығы 1200 шақырым болатын «Жезқазған–Шалқар–Бейнеу» теміржолы осы мақсатта салынды. Ол орталықтың көптеген аудандарына жан бітіріп, елдің шығысы мен батысын тікелей байланыстырады. Елбасы осы ойын «Нұрлы Жол» Жолдауында әрі қарай дамыта түскенін көріп отырмыз. Қазақстанның картасына зер салып қараған жан Астанадан Ақтауға баратын төте жолдың Ырғыз арқылы өтетінін көрер еді. Яғни, жоғарыдағы «Торғай–Ырғыз» тасжолы осынау «Астана–Торғай–Ырғыз–Шалқар–Бей­неу–Ақтау» атты ұлы жолдың бір бөлшегі болмақ. Торғайдан Ырғызға барған жол әрі қарай Шалқар, одан әрі Бейнеу арқылы Ақтауға тура асып түседі. Неге екені белгісіз, әзірге осы бағыт ешкімнің аузына түсер емес. Теміржолмен қатар салынатын автожолдың стратегиялық маңызын да ұмытпауымыз керек емес пе? Қазір «Шалқар–Бейнеу» теміржолы бар, екі ортаға автожол салатын болсақ материал тасу теміржол арқылы арзанға түседі. Сонда Елбасы атап көрсеткендей, Ақтау портына еліміздің солтүстігінен, порттан солтүстікке ең төте жолмен жүк тасу жолға қойылады. Егер осы жоба іске асса, жол Ырғыздың түбінен өтетін «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» магистралына қосылып төрт тарапқа бірдей тарайды. Ырғыз–Шалқар–Бейнеу арқылы Ақтауға, Ырғыз–Қарабұтақ–Ақтөбе арқылы Батыс Еуропаға, Ырғыз–Арал–Қызылорда әрі қарай оңтүстік арқылы Батыс Қытайға шығады. Астана мен портты қала Ақтауды қосатын төте жол салған кезде біраз қаражатты қажет еткенімен кейін оның еселеп қайтарылатынына шүбә жоқ. Өйткені, «Шалқар–Қандыағаш–Мақат–Бейнеу» тасжолы «Шалқар–Бейнеу» жолынан екі есе қашық, яғни 500 шақырым жол үнемделеді. Әрине, бұл айтылғандардың көпшілігі әлі ұсыныс немесе жоба күйінде ғана тұр. Дегенмен, қиындықтарды еңсеру үшін қолға алынатын басты шаруаның бірі – автокөлік жолдарының құрылысы болатыны Мемлекет басшысының өзі белгілеп берген бағдар. Сондықтан қалай болғанда да халықтың игілігіне айналар жол құрылысының қызу жұмыстары көп кешікпей-ақ бас­таларына күмәніміз жоқ. Тек осы жолдарды салғанда қатаң есеп, салиқалы ұстаным және қисынды идея басшылыққа алынса деген ой біздікі. Нұрқасым СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, зейнеткер. Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы.