26 Ақпан, 2015

*Сауалы мен жауабы

419 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің таяуда өткен кеңейтілген құрамдағы отырысында сөйлеген сөзінде елдің жаңа жағдайға қарай неғұрлым тезірек бейімделе білуінің маңызы аса зор екенін айта келіп, осыған байланысты жергілікті жерлерде ұдайы назарда ұстап отыруға тура келетін бірқатар өзекті мәселелерді тарқатып айтып өтті. Солардың қатарында барлық салалар бойынша ретсіз шығындардың көлемін күрт қысқарту, агроөнеркәсіп кешенін қаржылық жағынан сауықтыру, жұмыссыздықтың көбеюіне жол бермеу және еңбек дауларын дер кезінде шешіп отыру жайлары айтылды. Осы сөздің ыңғайында Елбасы әр өңірде жұмыспен қамтылуға ықпал ету бағдарламалары әзірленуі тиіс екенін қадап тұрып, атап өтті. Қазіргі таңда еліміздің барлық аймақтарында аталған міндеттерді іс жүзіне асырудың барлық шаралары мен шарттары жасалып жатыр. Мұны төмендегі топтамада сөз болатын жағдаяттар да анық аңғартады. szh.kz

Қазақ хандығы тойын тойлауға бөлінетін әр теңгенің орны бар

Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуын тойлауға бюджеттен 23 млрд. теңге қаражат бөлінгелі жатқанын естідік. Бұл есепсіз көп ақша емес пе? Шараға бөлінгелі тұрған бұл ақшаның қайда және қалай жұмсалатынын айтып беретін адам бар ма? Жұмасейіт Нұрбаевкәсіпкер. ТАРАЗ. Мұның жай-жапсарын айтып беретін адам бар. Ол – аталмыш той өткелі тұрған аймақтың өкілі, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Мәнжуов. Мемлекетіміздің өткенімен, бүгінімен және болашағымен сабақтас айтулы мерейтойдың ел тарихында алар орны ерекше екен. Қазақтың ұлт болып қалыптасуында ерекше мән-маңызға ие сол тарихи кезеңдерді жаңғырту арқылы елдің рухы көтеріліп, санасы жаңаратыны тағы ақиқат. Дегенмен... – Оқырманның ақпараты бүгінгі күннің шындығына сәйкес келмейді, – деді біздің тілшімізге Ерқанат Нұрбалаұлы. – Мемлекеттік бюджеттен той үшін бөлінетін қаржының ауқымы бұл айтылғаннан әлдеқайда аз. Ол бар-жоғы 3,4 миллиард теңгені ғана құрайды. Қазір тойға дайындық жұмыстары басталып кетті. Осы орайда жоғарыда келтірілген соманың қайда жұмсалатынын да айтып өтейін. Бұл қаржыға Тараз қаласындағы кейбір ғимараттар мен көшелер жөндеуден өткізіледі, этномәдени орталық ғимараты мен көне шаһар орнынан табылған жәдігерлерге арналған музей бой көтереді. Бұған дейін той өтетін жер қала іргесіндегі Айша бибі елді мекенінің маңы болып белгіленген-ді. Бірақ соңғы сәтте ол шешім өзгеріп, той Тараз қаласының өзінде өтетін болды. Қазақ хандығының 550 жылдығы бір тараздықтарға ғана емес, бүкіл елімізге ортақ той емес пе? Сондықтан еліміздің 14 облысы көмекке келіп, көне қаланың той өтетін жерлерін аббаттандыру, жаңарту, көркейту жұмыстарын жүргізуді міндеттеріне алды. Дәл қазір барлық облыстардан сәулетшілер келіп, өздерінің жобаларын жасап жатыр. Бұл мәселеде біз сәулетшілерге еркіндік беріп, қиял-ғажайып, фантазияларына ешқандай шектеу қойып отырғанымыз жоқ. Мысалы, Атырау облысының сәулетшілері бір қарағанда-ақ өзіндік сән-салтанаты, ою-өрнегімен Сарайшықты еске түсіретін макеттер жасауда. Яғни, Тараз қаласының төрінен еліміздің барлық облыстарының өз бет-бейнесі, өз ерекшелігі, сұлбасы орын тебеді деген сөз. Ал «Қазақ хандығының 550 жылдығы» монументіне еліміздің Мәдениет министрлігі бәйге жариялады. Соның қорытындысына қарай қандай абаттандыру жұмыстары жүретіні, қанша қаржы жұмсалатыны белгілі болады. Елбасымыз жақында ғана халықтың ақшасын аста-төк мерейтойларға жұмсамау керектігін жақсы айтты. Шынында шамадан тыс ақша шашу арқылы тойды адамдардың санасында қалдыра алмайсың. Әйткенмен, жоғарыда атап өткенімдей, бұл тойдың орны ерекше болғандықтан, ортақ шараға сырттан біраз демеушілерді де тартқалы отырмыз. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген, оның дүбірі қазірден-ақ сезіле бастады. Және бұл мерейтой өте қарапайымдылығымен, өнегесімен елдің есінде қалуға тиіс. Осы айда жас ақындардың мүшәйрасы керуен кереді. Мамыр айында қолөнер шеберлерінің облыстық «Қолөнер – халық қазынасы» көрме-жәрмеңкесі, «Қазақ хандығы ту тіккен өлке» экспедициясы қанат жаяды. Облыстық қазақ драма театрында жазушы-драматургтер Қ. Ысқақ пен Ш. Құсайыновтың «Қазақтар» атты тарихи драмасы қойылады. Қыркүйек айында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған театрландырылған қойылым, республикалық ақындар айтысы, «Қазақ хандығының құрылуы және тарихы» кітабының таныстырылымы өтеді. Сондай-ақ, Таразда «Қазақ хандығының 550 жылдығы» монументі ашылады. «Тараз – ғасырлар куәсі» көрмесі, бәске Президент сыйлығы қойылатын қазақша күрес бойынша «Еуразия барысы» халықаралық турнирі мен ұлттық спорт бойынша жарыс­тар ұйымдастырылады. Қыркүйек айында Қытайда Сиань қаласынан Ұлы Жібек жолының бойымен келе жатқан керуен экспедициясына қатысушылармен кездесу ұйымдастырылады. Қараша айында Таразда «Текті сөздің төресі – терме» республикалық терме байқауы болады. Қысқаша айтқанда, шаралар дүрмегі осындай.

Қостанай облысының шаруалары дағдарыспен күресуге дайын

Дүниені дүрліктіріп жатқан қаржы-экономикалық дағдарысының биылғы көктемгі дала жұмыстарына, жалпы ауыл шаруашылығы саласына кері әсері болмай ма? Киікбай АХМЕТБЕКОВГлазунов орта мектебінің мұғалімі. Қостанай облысы, Қостанай ауданы. Бұл сұрақтың жауабын бізге Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Харьков ауылындағы «Қарқын» ЖШС директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов береді. – Әлемдік-экономикалық қаржы дағдарысынан біздің еліміз тыс тұра алмайды. Өйткені, сыртпен экономикалық байланыссыз ешбір елдің өз бетінше дами алмайтыны белгілі, – деді Сайран Бәлкенұлы. – Алайда, оның ауыл шаруашылығы саласына зияны пәлендей қатты бола қоймайды. Мен өмір бойы ауылдық жерде, ауыл шаруашылығында келе жатқан адаммын. Дәл қазір дағдарыстың ауылға нақты ешқандай кері әсері болып тұрған жоқ. Көктем шыға ауыл тұрғындарының малдары төлдеп береді. Осыдан кейін сүті де, еті де, қаймақ-майы да, қымызы да дайын. Жалқаулыққа ұрынбай, барлық бейнетін көтере отырып, мал ұстайтын, көкөніс-бақша өнімдерін дер кезінде егіп, жинап алатын азаматтарға дағдарыс ештеңе істей алмайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Ауыл шаруашылығы – экономиканың іргетасы» деген болатын. Әбден жөн сөз. Сондықтан елімізде басқа салада үнем жасалып жатса да, дәл ауыл шаруашылығын дамытуда қаржы қысқартылған емес. Себебі, нан, ет, сүт болмаса, экономика түгілі, өмірдің өзі де тоқтап қалады. Қандай жағдайда да халыққа ең бірінші азық-түлік керек. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары осыған орай тиісті меморандум жасауға қатыстық. Мұнда ешбір жұмыс орындарын қысқартпайтынымыз, өнім көлемі мен сапасын арттыратынымыз айтылған. Біз жыл сайын 36 мың гектар алқапқа егін егіп келсек, биыл да сол деңгейден көрінеміз. Тек нарықтың талаптарын ескере келіп, дәнді дақылдың үлесі есебінен майлы дақылдардың ауқымын ұлғайтамыз. Осылайша ауыл шаруашылығын әртараптандыруды одан әрі жалғастырамыз. Биыл тағы да Үкімет егін және мал шаруашылықтарын дамытуға тиесілі субсидиясын беретін болды. Мұндай қамқорлық барда ауыл әсте жүдемейді. Көктемгі дала жұмыстарын да жыл­дағыша ойдағыдай атқара алатынымызға күмән жоқ. Қазір жанар-жағармай арзандады. Шаруаға бұл да тиімді болып тұр. Үкімет тарапынан тұқым алуға да жәрдем болады. Ресейдің рубль бағамы төмен түскелі ол жақтан бидайды арзан бағаға әкеліп жатқандар да бар. Міне, осындай өзіндік қалтарыстарымен биылғы көктем диқанға тиімсіз болмайды. Дағдарыс уақытша құбылыс, жұмыла тірлік етсек, ертең-ақ барлығы баяғы қалпына келеді.

Орал кәсіпорындары жұмыс орындарын қысқартпайды

Қазір әркімнің жағдайға қарай бейімделуі керек екенін Елбасының өзі қайта-қайта айтып жатыр. Біз бейімделуге бет алдық. Оны кәсіпорында бірде-бір жұмысшыны жұмыссыз қалдырмау ұранымен байланыстырып отырмыз. Басқалар мұны қалай шешіп жатыр екен? Нұрлан Тұяқов, «Нұргазпромстрой» ЖШС бас директоры. ОРАЛ. Қойылған сұрақтың жауабын Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов қайтарды. – Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ірі кәсіпорын басшыларын жұмыс орындарын қысқартпауға шақырғаны белгілі. Осы тапсырма берілген бойда біз Орал қаласындағы бірқатар іргелі кәсіпорындар басшыларын жинап, кеңес өткіздік. Оның қорытындысында қала әкімі мен кәсіпорындар басшылары арасында жұмыс орнын негізсіз қысқартпау және жалақыны төмендетпеу жөнінде меморандумға қол қойылды. Келісімге келген өндіріс орындары қатарында «Орал Терминал» ЖШС, «Кама Қазақстан» сауда үйі, «Агропродукт ЛТД» ЖШС, «Стройкомбинат» ЖШС, «Кублей» ЖШС, «Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ секілді жұмыс қолдары көп кәсіпорындар бар. Аталған өндіріс орындарында қазіргі таңда 1 600 адам еңбек етіп, нәпақаларын айырып отыр. – Жасыратыны жоқ, біз бұл жұмысты бұрыннан жүргізіп келе жатқанбыз, – деді бұдан әрі Алтай Сейдірұлы. – Сол кезге дейін қала әкімдігі 57 ірі, 260 орта және 909 ұсақ кәсіпорынмен тап осындай меморандумға қол қойған болатын. Бұларда 13 800 адам жұмыс істейді. Сөз орайында айта кетейін, облысымыз орталығындағы көптеген шағын және орта бизнес өкілдері бүгінде мемлекет қолдауын айқын сезініп отыр. Жаңа ашылған өндіріс ошақтары болсын, қызмет жасап жатқан кәсіпорындар болсын, бизнесті өркендетуге бағытталған түрлі бағдарламалар бойынша жәрдем алуда. Соның нәтижесінде өткен жылы қалада осы салада жаңадан 5 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Бірақ «Алмақтың да салмағы бар». Кәсіпкерлер өздеріне мемлекет тарапынан жасалып келе жатқан осындай қамқорлықты өз дәрежесінде сезініп, өз кезегінде бұған лайықты жауап қайтара алатындай болулары керек. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс берушілер де бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін естен шығармай, әлеуметтік тұрақтылықты ту етуі тиіс. Мен олардың басым көпшілігінің қазіргі қысылтаяң кездерде осы деңгейден табылатынына сенемін.

Қызылордада жалақының уақтылы төленуі бақылауда тұр

Біздің облыста прокуратура еңбек адамдарының жалақыларын уақтылы төленуін ұдайы бақылауға алып отыр. Біз де кезекті айлығымызды құқық қорғау органдарының көмегімен алдық. Бірақ бұл қашанғы жалғаса береді? «Дани-Ер» ЖШС жұмысшылары. ҚЫЗЫЛОРДА. Мұның жайын Қызылорда қаласы прокурорының аға көмекшісі Эльвира Пернебек тарқатып айтып шықты. – Облыста жұмыс адамдарының айлық жалақыларын уақтылы алулары жайы көптен бері прокуратура органдарының бақылауында тұрғаны рас, – деді ол. – Бірақ кейде жағдай басқаша да өрбіп жатады. Біздің өзімізге нақты шағым түспегеніне қарамастан, мәселеге араласып кететін кездеріміз де кездеседі. Мысалы, өздеріңіз айтып отырған «Дани-Ер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ғимаратына 20 жұмысшының барып, жалақылары төленуін талап еткендері туралы хабарлама түскеннен кейін біздің іске араласуымызға тура келді. Сол кезде серіктестіктің қалалық прокуратураға жазған арызына сәйкес, серіктестік өзінің 45 (сол уақытта 40 жұмысшы екені хабарланса, соңынан 45 жұмысшыға қарыз екені анықталған) жұмысшысына 5 133 549,12 теңге айлық жалақылары төленбей, олардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол берілгендігі анықталды. Осыған орай, қалалық прокуратура айлық жалақыны төлеу туралы шаралар қабылдауға ұйғарым енгізді. Бірақ серіктестік есеп-шоттарын мемлекеттік және жеке сот орындаушылары жауып тастағандықтан, ұйғарымды орындауға мүмкіндік жоқ екенін мәлімдеді. Зерттеу серіктестіктің банктегі есеп шоттарын жеке сот орындаушысы мен мемлекеттік сот орындаушылары жауып тастағанын анықтады. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның 9-бабы 1-бөлігі 7-тармағына сәйкес, талаптарын мәжбүрлеп орындату туралы прокурордың қаулылары атқарушылық құжаттар болып танылатыны көзделген. Заңның 111-бабында бірінші кезекте қызметкерлердің еңбектегі құқық қатынастарынан туындайтын талаптары қанағаттандырылатыны белгіленген. Осыған байланысты қалалық прокуратура ұйғарым талаптарын мәжбүрлеп орындату туралы қаулы қабылдады. Мұның нәтижесінде мемлекеттік сот орындаушысы аталған есеп шоттарға инкассалық өкім салды. Сөйтіп, аталған атқару құжаты бүгінгі күні нақты орындалып, мекеменің 45 жұмысшысының жалақылары толық өтелді. Жалпы, мұндай шаралар біздің практикамызда әрдайым кездесіп тұрады. Біз еңбек дауына байланысты кез келген мәселені заңнама шеңберінде жедел шешіп отыруға ұдайы күш салып келеміз. Vr.CyIfB3d0L Сұрақтарға қайтарылған жауаптарды жазып алғандар: Оралхан Дәуіт, Темір Құсайын, Нәзира Жәрімбетова, Жолдыбай Базар, «Егемен Қазақстан».