Фото: instagram.com/fctobol
Облыс әкімдігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың футболды коммерцияландыру жөнінде берген тапсырмасына сәйкес, Eurasian Resources Group директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов Қостанайдың «Тобыл» футбол клубын сатып алғанын хабарлады.
Forbes Kazakhstan дерегінше, 2024 жылы Ибрагимовтер отбасының байлығы шамамен 1,5 миллиард доллар деп бағаланған.
Ал «Тобыл» футбол клубы өткен маусымда Қазақстан Премьер-лигасында қола жүлдегері атанып, Қазақстан Кубогін жеңіп алды. Команда биылғы маусымды да сәтті бастады. Қазақстан суперкубогі үшін өткен матчта қостанайлық құрама алматылық «Қайрат» клубынан басым түсті. Негізгі уақыт 2:2 есебімен аяқталғанмен, пенальти сериясында «Тобыл» 5:4 есебімен жеңіске жетті.
Бұған дейін «Қайсардың» инвесторы – «TAU Group Ltd» өкілі Исламғали Қозбақов, «Қызылжардың» жаңа иесі – кәсіпкер Сергей Кан, «Жеңіс» клубының инвесторы – кәсіпкер Михаил Ломтадзе болғаны мәлім болды.