26 Ақпан, 2015

Ауызбірлікке бастайтын форум

308 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
ATN_2418 Алматы Ислам мәдениетінің 2015 жылғы астанасы атанды Ислам әлемінің айтулы тұлғалары Алматыда тоғысты. Халықаралық мәжіліске 15 мемлекеттен 100-ден аса беделді сарапшылар, саясаткерлер мен ғалымдар келді. Осылайша биыл Алматы Ислам әлемінің астанасы абыройлы міндетін атқаратын болады. Мегаполисте басталған «Ал­маты – 2015 жылғы Ислам мәде­ниетінің астанасы» халықаралық конференциясы Білім-ғылым, мәдениет істері жөніндегі ислам ұйымдары (ИСЕСКО) бастамасымен осы аттас Жыл шеңберінде өткізіліп жатыр. Шараға мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедияров, қала әкімі Ахметжан Есімов, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына кіретін елдердің мәдениет министрлері қатысты. Мазасыз әлемді ынтымаққа шақыра келген мәртебелі меймандарды Алматы ыстық ықыласпен, шынайы меймандос көңілмен қарсы алды. Конференцияны Алматы әкімі Ахметжан Есімов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзімен ашып берді. «Алматының Ислам мәдение­тінің астанасы мәртебесіне 2015 жылы Қазақстанның Ислам Ын­тымақтастығы Ұйымына мүше атануына 20 жыл толуы кезінде ие бо­луы есте қаларлық оқиға. Осы жыл­дар арасында Қазақстан ортақ мүд­делер тұғырнамасын құра отырып, мұсылман әлемі елдерімен өзара қаты­насты нығайтуға бел­сенді атса­лысып келеді. Біздің ел­де­рі­міздің арасындағы мәде­ниет­­тегі, ғылымдағы, білім беру­дегі дәс­­түрлі гуманитарлық байла­ныс­тарды белсенді жаңғырту және да­мыту ұзақ мерзімді сәтті ынты­­­мақ­тастықтың берік негізін қалайды. Ортағасырлық Ислам мәде­ниеті өзінің гүлденген дәуірінде Орталық Азия мен Жерорта теңі­зі халықтарының дамуына өлшеу­сіз үлес қосқанына тарих куә. Қарапайым әрі әр адам­ға түсінікті рухани және адамгершілік бағ­дарларға арқа сүйеп, мейірімділік, жанашырлық сияқты жақсы қа­си­еттерге тәрбиелей отырып, Ис­лам әлемдік діндер ретін­де көп­те­ген халықтар мен мемле­кет­тер­дің­ рухани бірлігін қамтамасыз етті. Ислам мәдениетінің астаналары халықаралық жобасы – ИЫҰ-ға қатысушы елдердің мәдени ал­масу, гуманитарлық байланыс­­­тар­ды одан әрі дамыту және ынты­­мақ­тастықты тереңдету әлеуе­тінің өзектілігін арттыруға үндейді. Ис­лам­ мәдениетінің астана­сы құр­мет­ті атағы тарихи сабақтас­тық­­ты айшықтап, Алматы қаласы­на Ис­лам мәдениетін дамыту­ға тың­ серпі­ліс береді», – делін­ген­ Мемлекет басшысының құттықтауында. Сол сияқты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екі күндік мәжілістің күн тәр­тібі мәдениетаралық және конфес­сияаралық үнқатысу, тағаттылық, Ислам мәдениетінің бірігуі сияқты өзекті мәселелерді қамтитынына ризашылық білдірген. Елбасы конференцияға қатысушылардың саны мен сапасына сенім артып, олардың жоғары біліктілігі мен талқыланатын тақырыптардың ауқымдылығы қандай да түйткілді мәселелерді терең түсінуге жете­лейтінін атаған. Осыдан кейін Алматы қала­сы­ның әкімі А.Есімов осынау алқалы жиынның маңызды екендігін айта отырып, өткен жылы «Алматы – Достастықтың 2014 жылғы мәдени астанасы» атанған кезде де қала тұрғындары мен қонақтары үшін есте қаларлық мәдени оқиғалардың мол болғандығын атады. – Былтыр алматылықтардың көңілінен шыққан 32 шара өтті. Ал биыл Алматы жаңа мәдени бағдарлама эстафетасын қабылдап отыр, – деді мегаполис басшысы. Сөзінің соңында А.Есімов Алматы тек қаржы орталығы ғана емес, сонымен қатар, түрлі мәдениет тоғысқан орын екендігін әрі мегаполистің діни, ұлттық, этностық толеранттылық үлгісін нақты өмірдің мысалдарымен дәйектеп келе жатқанын жеткізді. Қазіргі кезде қалада 300-ден астам этномәдени бірлестіктер жұмыс істейтіндігін мәлімдеді. Дін рухани құндылықта­ры­мызды құрайтын болғандықтан, оны мына замана ахуалынан бөліп қарай алмайтынымызға көзіміз жетті. Ақиқатында, дін қазіргі зайырлы қоғамның да ажырамас бөлшегі. Сондықтан, Қазақстанда дінаралық қарым-қатынасты дұрыс жолға қойып отыруға зор мән берілген. Оның ішінде Ислам да басқа діндер сияқты қоғамның ілгерілеуіне үлкен ықпалы бар. Сондықтан да, Қазақстан кезекті рет аласапыран әлемді ынтымақ пен бейбітшілікке шақырудың үнқатысу алаңына айналғалы отыр. Осы тұрғыдан алғанда, 57 мемлекеттің және оның ішінде 1,5 миллиард мұсыл­манның басын біріктіретін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы төрт бірдей құрлықты – Азия мен Афри­каны, Еуропа мен Оңтүстік Американы қатар қамтитынын төрткүл дүние біледі. Шаһар басшысынан кейін сөз алған Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Ғ.Ахмедияров осының бәрін саралай келіп: – Қазақстан – өз тарихын терең­нен алатын мемлекет. Биылғы «Ал­маты – Ислам мәдениетінің аста­насы жылы» еліміз үшін өте айтулы жыл – Қазақ хандығының 550 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғаны қуанышты нышан. Өйт­кені, қазақстандық тарих пен мәде­ниет, Ислам тарихы мен мәде­ние­тінің ажырамас бөлігі, – деді. Вице-министр Ислам әлемінің астанасы ретінде биыл Алматы кездейсоқ таңдалып алынбағанын, оңтүстік астанамыздың шежіресін тарихпен өре отырып, мегаполис қаламызбен қатар аталатын Түркістан мен Тараздың Еуразия кеңістігіндегі танымалдылығын таратып айтып өтті. Спикер қазақтың кең даласын керуендерімен жалғаған Ұлы Жібек жолына шола қарап, Іле Алатауының сілемдеріндегі уақыттың ізі сайрап жатқанын сөз етіп, бүгінгі таңда бүкіл Ислам әлемінің ордасына айналған қалада 300-ден астам мәдени ошақтар мен 115 тарихи, архитектуралық ескерткіштер мен монументтер бар екендігін атап көрсетті. Жоғарыда атап өткендей, конференцияда кезегімен сөз алған танымал тұлғалар мен салиқалы саясаткерлердің сөзі үндес шығып отырды. Сөз кезегінде ақын Олжас Сүлейменов: – Саясаткерлер ХХІ ғасыр басталғанда ислам өркениеті мен батыс өркениетінің қақтығысы болады деген болжам айтқан еді. Сол кезде Қазақстан ЮНЕСКО-ға келер ғасырды мәдениеттерді жақындастыру жылы деп атауды ұсынған болатын. Халықаралық ұйым бір жылды атауды ұйғарды. Бірақ, ол аз көрінді де, мәдени ынтымақтастықты 10 жылға созу туралы шешім қабылданды. Келер ұрпақ мәдениеттердің іргесі неге ажырап кеткенін білуі керек. Қазір гомосапиенс өкілдері сонымен айналысуда, – деді. Сонымен, екі күнге созыла­тын халықаралық конференция­да 40-қа тарта спикер, яғни аса беделді халықаралық ұйымдардың көшбасшылары мен ғалымдар кезегімен сөз алып, Ислам Ынты­мақтастығы Ұйымы аясында ха­лықаралық интеграциялану үрдісін талқылауда. Ислам әлемі елдеріндегі тарих пен мәде­ниет­ті зерттеу салаларындағы қалып­тасқан ағымдағы ахуалға сарап­тама жүргізеді. Қысқаша айт­қанда, көпжақты мәдени ынты­мақ­тастықтың келешегі төрт бағыт бойынша Алматы қаласының төрт бұрышында өту үстінде. ATN_2230 Үлкен жиын «Интерконти­нен­таль» қонақүйінде «Ислам ынтымақтастығын ұйымдастыру – мәдениетаралық және конфес­сияаралық үнқатысудың негізі» атты секцияда өтті. «Алматының әлемдік Ислам мәдениетіндегі рөлі мен маңызы» атты ауқымды шара Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер мұражайының экспозиция залына ауысты. Ал «Ислам – төзімділік пен рақымшылдық діні» атты секция Алматыдағы Ұлттық кітапхананы таңдаған. Төртінші «Полиэтностық және поликонфессиялық қоғамда діни-мәдени дәстүрлерді жаңарту мен сақтау» атты секция «Интер­кон­ти­ненталь» қонақүйіне қайта оралды. Қалай десек те, Қазақстан өркениеттердің тоғысуында, діндердің өзара түсіністік табуында, барыс-келіс пен алыс-берістің артуында аз шара атқарған жоқ. Оған қоса, сан жүздеген жылдары бар тарихымызды да Исламнан бөліп қарамайтындығымыз аян. Сондықтан да, конференцияның ашылу салтанатында сөз алғандар әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшыларын қазақ жерінде тоғыстыруға қол жеткізген Нұр­сұлтан Назарбаевтың Ислам дініне қатысты: «Ислам діні – бұл біздің халқымыздың рухани тірегінің бірі. Біздер барлық қазақстандықтардың дініне, этномәдени ерекшеліктеріне қарамастан, жалпыұлттық бірлік пен келісімнің тамаша формуласын жасадық», деген сөзін еске ала отырып, Алматыдағы осынау оңды оқиға сол бастамалардың заңды жалғасы екендігін тілге тиек етті. Қорыта келгенде, алқалы кездесу ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы гуманитарлық бай­­­­­­­ла­ныстарды кеңейтуге, тәжі­ри­бе алмасуға, Алматының мәде­ни ­әле­уе­тін көтеруге және Қазақ­стан­ның тарихи-мәдени мұра­ларын дә­ріп­­теуге, Исламның оң бет-бей­не­­сін сақтауға септігін тигізері сөзсіз. Кеше халықаралық жиынның нәтижесінде қарар және көптеген ұсынымдар қабылданды. Енді олар мүдделі мемлекеттік органдар мен ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ғы­лыми мекемелеріне жіберілетін болады. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суреттерді түсірген Дәурен ИСАЕВ.