Ендігі қалғаны адам аяғы баспаған жер үшін талас дерсің-ау. Мәңгілік мұз астында жатқан Арктикаға талас басталғандай. Мәселе БҰҰ-да талқыланбақ. Біраз ел оған өтініш де түсірді. Қызу тартыс-талас болатыны күмәнсіз.
Көп елдің көкейін тесіп бара жатқан нәрсе – болжам бойынша, ондағы мұз астында қыруар байлық – миллиардтаған тонна көмірсутектік отын қоры жатқан көрінеді. Ресейдің БҰҰ-ға шағынып, иелік еткісі келетін аймақта бес миллиард тонна шартты отын бар екен. Қырқысуға болатындай байлық. Тек қана ол әзірге заңдастырылмаған. Талай ел одан үлес алғысы келеді.
БҰҰ-ның 1982 жылы қабылданған Теңіз құқы жөніндегі конвенциясы бойынша теңіздік шекарасы бар мемлекеттер өз жағалауынан 200 мильдік аймақты экономикалық мүддесіне пайдаланады. Сол жағалау шельфтермен жалғасар болса, ол 350 мильге дейін созылуы мүмкін. Ал Арктика және оның байлығы одан әрі Солтүстік полюске дейін біраз созылады.
Арктиканы бөлісуге қатысты айтылатын уәж көп. Біреулер өздерінің жағалауларынан сол Солтүстік полюске дейінгі жер өздеріне тисін дейді. Сол мұз құрсанған аймақты ашқан кім, алғашқы жолды салған кім – соның да үлесі болсын дейтіндер бар. Оған қатысы жоқ елдер адам мекендемейтін сол өңір жалпы адамзатқа ортақ болғанын жөн санайды.
Қалай дегенде де, сол Солтүстік мұзды мұхитқа тіреліп жатқан Ресейдің арктикалық секторы аса ауқымды, бүкіл Арктиканың жартысына жуығы. Онсыз да әлемдегі аумағы ең үлкен ел Мұзды мұхиттың біраз табанын қосып алар болса, енді бұл шексіз байлыққа кенелмек. Оған Ресейдің өз дәлелі бар. Сол теңіз табанын континенталдық жерінің жалғасы санайды. Сол су астында Ломоносов жотасы, Менделеев үстірті бар – бәрі де континенталдық жермен ұқсас, соның жалғасы дейді.
Өзі кішкентай болғанмен, арктикалық секторы үлкен ел – Дания. Оның Гренландия автономиясы арктикалық сектордың үлкен бөлігін құрайды. Канаданың да үлесі үлкен. Соны пайдаланып бұл ел 2002 жылы Ресеймен коалиция құрып, Солтүстік полюстің мәртебесін белгілемек болған. Арктикалық секторы аздау болғанымен, АҚШ-тың беделі үлкен. Онымен санаспай мәселе шешілмейді. Норвегияның ішектей созылып жатқан жері де оған біраз үлес алып береді.
Таласқа арктикалық секторы бар елдер ғана емес, сол аймаққа жақын жатқан Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Польша, Финляндия, Швеция, Исландия, тағы басқа елдер араласпақ. Сәл алыстау жатыр демесе, Исландия түзу сызықпен Солтүстік полюске тіреледі. Швеция Солтүстік теңіз жолын 1878 жылы өздерінің Норденшельд экспедициясы ашқанын алға тосады және Арктикалық кеңес құрамына да кіреді. Ал Финляндия 1939-1940 жылғы соғыста Кеңес Одағы өздерінің Петсамо портын (кеңестік Печенга қаласы) тартып алғанын айтады. Германия, Ұлыбритания сияқты алып елдер, басқаларға олжа үлестіріп жатқанда, өздерінің құр қалғанын намыс көретіндей.
Мәселе БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде қаралар болса, оған Қытайдың да араласары анық. Канада, Дания, Норвегия сияқты елдердің мүддесін АҚШ қорғаса, дауға келгенде Ресей ешкімге есесін жібере қоймас. Сарапшылардың пайымдауынша, Арктика туралы әңгіме алдағы уақытта әлемдік тартыстың арқауына айналмақ көрінеді.