Дуалды жүйе маман даярлауда өндіріс, білім алушының және мемлекеттің мүдделерін біріктіруге бағытталған кәсіптік білім берудің бір түрі екендігі белгілі. Білім алушы жастар үшін өмірдегі өз орнын ерте табуға мүмкіндік жасайтын, болашаққа жол сілтеп, бағыт-бағдар беретін оңтайлы бағдарлама.
Осының аясында, атқарылып жатқан істер жайында құлақтандырылған баспасөз мәслихаты болып өтті. Жиында Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, «Өрлеу» БАҰО» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов және халықаралық сарапшы Мэтью Андерсон болды.
Бірінші сөз алған Е.Иманғалиев «Баршаңызға белгілі, 2012 жылдың ақпан айында Елбасы Германияға сапарында «Кейін оқытудың дуалды жүйесін» енгізу туралы тапсырма берген болатын. Сондықтан 2014 жылғы Жолдауында 2-3 жылдың арасында техникалық және кәсіптік білімді ұлттық дуалды жүйе құру тапсырмасы болған», деді. Былтыр Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен меморандумға қол қойылды. Сол жұмыстар жүйелі нәтиже беріп жатыр деуге болады, дей келе, осының аясында 3225 кәсіпорын 280 колледжбен әріптестік шартқа қол қойғандығын хабарлады. Елбасының тапсырмасы бойынша жұмыспен қамту мәселесі назарда екендігін тілге тиек ете отырып, вице-министр дуалды технологияларды қолданып, қазіргі таңда жастар 100 пайыз жұмыспен қамтылып отыр, деп хабарлады. Сонымен қатар, ол 2015 жылға қойып отырған мақсаттардың бірі – кәсіпкерлер жалпы 2776 грант бөліп жатыр дей келе, 1712 әрбір баланың басына шаққанда дифференциалды түрде стипендия бөліп жатыр, деді. Осы тұста, вице-министр 2000 меморандум мен шарттарға қол қойылу үстінде екенін айтып өтті.
М.Әбенов өткен жылы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдауымен ортақ «Серпін» деген бағдарламаны бастаған болатынбыз, дей келе, кадрлар тапшылығына байланысты оралымды ойын жеткізді. Қарап отырсақ, кей өңірлерде кадр жетіспеушілігі байқалса, ал кей жерлерде артықтығы көрініс тауып отыр. Осыған байланысты жастар арасында қандай мамандықтар жетіспейтіндігін нақтылап алу үшін бізге Ұлттық палата ақпарат беріп отырады. Ал кейінгі кезекте осы мәселе бойынша кадр даярлау жұмысына кірісеміз, деді М.Әбенов.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».