Қандай Конституция да саяси құрылымның сипатын белгілейтіні анық.
1995 жылғы Конституция Қазақстанда президенттік басқару билігін орнықтырды. Ал оның алдындағы, 1993 жылғы Конституция іс жүзінде парламенттік-президенттік басқару билігін бекітіп берген болатын. 1993 жылғы Конституция мәтінін оқып көрген адам онда «Парламент» деген тарау «Президент» деген тараудың – «Парламент» деген бөлім «Президент» деген бөлімнің алдына қойылғанына көз жеткізеді. Бұған қосымша түсініктеменің керегі жоқ. Ол кездегі ахуал елімізге күшті президенттік билікті қажет еткен еді. Иә, күшті президенттік билікті, бірақ суперпрезиденттік билікті емес.
Саяси құндылықтар қайта қаралғанда, адам құқы туралы түсінік өзгергенде оларды Негізгі заңда шегелеп жазу қажет болады.
Жаңа Конституция адам құқына кепілдіктерді кеңейтеді.
Бір ғана осы тезисті әңгіме етумен шектелуге тура келеді.
Бұл үшін бір бөлімнің бір бабының бір тармағын ғана талдап көрейік. Ол – «Конституциялық Сот» деп аталатын VII бөлімнің 73-бабының 3-тармағы. Онда былай деп жазылған:
«Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы азаматтарының Конституцияда көзделген құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Конституцияға сәйкестігін олардың өтініштері бойынша қарайды.
Қазақстан Республикасы азаматтарының Конституциялық Сотқа жүгіну тәртібі мен шарттары конституциялық заңда айқындалады».
Оңайлатып айтатын болсақ, ендігі жерде Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы азаматтарының қабылданған заң актілерінің Конституцияға сәйкестігіне байланысты өтініштерін қарай алады.
Бұл – қағидатты мәні бар мәселе.
Бұл нені білдіреді? Бұл «Конституция – мемлекет шешетін мәселе» деген ой қисынын қайта қаратуға алып келеді. Бұл «Заң – Парламент шешетін мәселе» деген ой қисынын да қайта қаратуға алып келеді. Бұл азаматқа кез келген заңға немесе заңнамалық нормаға күдік-күмән келтіруге, онымен таласуға мүмкіндік береді.
Бұрын қалай еді? Бұрын Президент қабылданған заңға қол қояр алдында (егер күмәнданса) оны Конституциялық Кеңеске жіберетін, шешімін күтетін. Осындай жағдай өзіміздің де басымыздан өткен. 2004 жылы Ақпарат министрлігі дайындаған, Парламентте қорғаған, Мәжіліс пен Сенат қолдаған, Президенттің қол қоюына жіберілген «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң Конституциялық кеңес тарапынан жекелеген баптары Конституцияға сәйкес емес деп танылды. Күші жойылды. Іс жүзінде Еуроодақ комиссиясының, ЕҚЫҰ-ның жұмыс тобының заң жобасы жөнінде жасаған қорытындысы Парламент шешімінен басым түсті. Қайрансыз қала бердік.
Ендігі жерде Конституциялық сот заңды алдымен «керек» немесе «керек емес» демей, алдымен «дұрыс» немесе «дұрыс емес» деп қарайды.
Осындай жағдайға қоғамымыз пісіп-жетіліп келіп отыр.
1995 жылғы Конституцияда бұл неге ойластырылмаған? Ол кездегі Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Николай Акуев, Нағашыбай Шайкенов сияқты заңғар заңгерлер мұндай норманы неге Конституцияға жазбаған? Мемлекет жас еді, әлсіз еді. Азаматтардың заңдардың Конституцияға сәйкестігіне байланысты жүгінуі шешім қабылдауды қиындатады, тәуекелдерді көбейтеді деп саналды. Бұл ойдың жаны да бар еді. Ол кездегі жас мемлекет қалыптасу кезеңінде өзін қорғауға да тиісті болды. Заңдарды дәйім талас-тартыс тақырыбы ете беру мемлекеттің басқарымдылығына теріс ықпал жасауы мүмкін деген қауіп болды. Оның алдында биліктің атқарушы тармағы мен заң шығарушы тармағының арасындағы келіспеушілік парламенттік дағдарысқа екі рет ұрындырғанын ұмыта қойған жоқпыз.
Конституцияның жаңа жобасы бо-йынша елде конституциялық мәдениет қалыптастыруға жол ашылады. Мемлекеттің жаңылыс басуы мүмкін, оны азамат дәлелдей алады деген ойдың өзі демократияны жаңа биікке көтеруге жағдай жасайды.
«Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деп тұжырымдауға болатын идея Әділетті Қазақстанның конституциялық қағидатына айналады.
Жаңа Конституция биліктің азаматтар алдындағы жауапкершілігін қасиеттейтін Конституция болады. Өйткені халық талқысына салынып отырған Конституция жобасының 15-бабының 2-тармағында жазылғанындай, «Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан тиесілі, олар ажыратуға және айыруға болмайтын деп танылады». Яғни адамға оның құқықтары мен бостандықтарын мемлекет берген емес, олар әркімге тумысынан тиесілі. Мұны 1995 жылғы Конституцияның 12-бабымен салыстырып көрейік. «1. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі» деп жазылған онда. Демек, мемлекет адам құқықтары мен бостандықтарын таниды және оларға кепілдік береді. Ал берілетін нәрсені, тартып алу демей-ақ қояйық, шектеуге болатыны белгілі.
Біз уақыттың өзі дүниеге келтірген, елдің таңдаулы перзенттерінің қатысуымен дайындалған, қалың көпшіліктің ой-пікірі ескеріле отырып, түзетілген, жетілдірілген Конституция жобасын халқымыз қолдайды, жаңа Конституция кемел келешегіміздің кепіліне айналады деп кәміл сенеміз. Отандастарымызды елдіктің осы сынынан абыроймен өтуге шақырамыз.
Айтқандай, бұл жазғанымыз – жобадағы 96-баптың біреуінің ғана бағасы, ондағы 298 тармақтың біреуінің ғана тағылымы. Жаңа Конституция жобасының қадір-қасиетін осыдан-ақ шамалай беруге болады.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты