Мирас • Бүгін, 08:00

Құсбегілердің қанжығасы майланды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

6–8 наурыз аралығында Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында құсбегіліктен II әлем чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға әлемнің 10 елінен құсбегілер қатысып, шеберлік сынасты. Қазақстан құрамасы сапында үш құсбегі барды. Солардың қатарында Абай облысы Үржар ауданының тумасы Ерзат Байқадамов жоғары нәтиже көрсетіп, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Құсбегілердің қанжығасы майланды

Моңғолиядағы «Бүргэдийн баяр – 2026» («Бүркіт тойы – 2026») жарысында моңғолиялық құсбегі Серік Жеңісбек бірінші орынға, үшінші орынға Бүркітхан Хайзым ие болды.

Бұған дейін дәстүрлі түрде өткізіліп келген құсбегілер фестивалі биыл алғаш рет әлем чемпионаты форматына кеңейтілді. Бұл туралы «Mongolian National Broadcaster» және «iSee» сияқты моңғолиялық басылымдар жариялады.

Фестивальға Баян-Өлгей, Төв, Сэлэнгэ аймақтарынан 29 жергілікті бүркітші, Қазақстан, Қырғызстан, Испания, Мажарстан, Ресейден келген 16 шетелдік спортшы, жиыны 45 құсбегі қатысқан.

Жерлесіміз Ерзат Байқадамов – бұған дейін де ірі жарыстарда жүлде алып жүрген тәжірибелі құсбегі. 2025 жылдың ақпан айын­да Петропавл қаласында өткен ересектер арасындағы ел чемпио­натында күміс медаль иеленген. Онда «Заңғар» атты бүркітпен өнер көрсеткен. Құсбегілік дәстүрде нәтиже адамның шеберлігіне ғана байланысты емес. Мұнда бүркіт пен құсбегінің ұзақ жылдар қалыптасқан үйлесімі шешуші рөл атқарады.

Бүркітпен аң аулау жарысы бірнеше кезеңнен тұрады. Әдетте құстың белгілі қашықтықтан қожайынына қайта оралуы, нысанаға шабуыл жасау шеберлігі, аңға түсуі сияқты дағдылар бағаланады. Қазақ құсбегілігі адам, құс және жылқы арасындағы ерекше байланысқа негізделген. Яғни бұл өнер тек спорт емес, көшпелі мәдениеттің күрделі тәжірибелік жүйесі саналады.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар