ПЕТРОПАВЛ. 26 маусым. Айыртау ауданында өңірлік үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы өтіп, туризм саласын дамыту, демалушыларға қалыпты жағдай жасау мәселелері талқыланды. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының мамандары хабарлады.
Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов бұл бағыт бойынша үшжылдық дамыту жоспары жасалғанын, оған енгізілген 89 шараның 16-сы орындалғанын жеткізді.
Айыртау ауданының әкімі Ағзам Тастеміровтың айтуынша, 34 демалыс аймағы жұмыс істейді. Табиғаты тамаша жерлерге саяхаттау үшін 12 бағдар жасалған. Былтыр тәулігіне 45 адамға дейін қабылдайтын бұғы мүйізімен емдеу орны іске қосылып, 30 марал әкелінген. 48 жазғы шағын үйін тұрғызуға 65,5 миллион теңге жұмсалған. Алдағы уақытта Астана-Володар бағытында электр пойызы қатынасын ашу, гидтер үшін шеберлік сыныптарын ұйымдастыру жоспарланған.
Ерлан Мұратұлы жиналғандарды туристік маусымның ашылу салтанатымен құттықтап, жол жайына ерекше назар аударуды тапсырды.
Қонақтар назарына сурет көрмесі, қазақ халқының ұлттық киімдері мен ыдыс-аяқтары, батырлардың қару-жарақтары ұсынылды. Ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар тамашаланды.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы.