Референдум • Бүгін, 10:58

Туған күнінде дауыс беріп, сыйлық алды

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында бүгін 489 учаске толық көлемде жұмыс істеп жатыр. Оның 136-сы Орал қаласында орналасқан, деп хабарлайды Egemen.kz.

Туған күнінде дауыс беріп, сыйлық алды

Жалпы өңір бойынша барлығы 446 391 азаматтың дауыс беру құқығы бар. Оның басым бөлігі – 237 532 адам – облыс орталығында тіркелген. Облыста 4089 жас алғаш рет дауыс береді.

«Осынау маңызды науқанды өткізуге 1 облыстық аумақтық комиссия, 1 қалалық аумақтық (Орал) және 12 аудандық аумақтық комиссия қызмет көрсетіп жатыр, комиссия мүшелерінің жалпы саны – 3215 адам» деп хабарлады БҚО аумақтық референдум комиссиясы.

102 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері референдумда дауыс берді

Біз Орал қаласының ең үлкен ауданы – Зачаган кентіндегі бірнеше референдум учаскесін аралап шығып, дауыс берудің барысын бақылап қайттық.

«Біздің учаскеде халық таңдауын жасау үшін барлық жағдай жасалған, учаске уақытында ашылды, бәрі ретімен жүріп жатыр. Бізде 2788 дауыс беруші тіркелген. Таңғы сағат 7:00-де Әбу Дәулетов деген дауыс беруші отбасымен келіп, дауыс беріп, сыйлығын алып кетті. Түскі сағат 12-ден кейін өз үйінен дауыс беретін жандарға барамыз», дейді №421 учаскелік референдум комиссияның төрағасы Сәуле Айтқалиева.

Біз бас сұққан №427 учаскеде де адам қарасы әжептәуір екен. Комиссия төрағасы Толқын Жасталапқызы таңдау жасауға тіркелген 2037 адам бар екенін, 13 адам үйден дауыс беретінін, барлығы бір қалыпты, заңның тәртібіне сәйкес ұйымдастырылып жатқанын хабарлады.

«Дауыс берушілерге ыңғайлы болуы үшін бұрын Қадыр Мырза Әли атындағы мектепте орналасқан №400 учаске қазір Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп ғимаратына көшірілді. Жалпы біздің аудан – көптеген үйлер салынып, халық тез көбейіп келе жатқан аумақ қой. Соған қарамастан бәрі үйлесімді, халыққа ыңғайлы етіп ұйымдастырылған», дейді Толқын Жасталапқызы.

Шұғыла шағын ауданында тұратын Тұрарбек Сүндетов референдум учаскесіне таңғы 6:30-да келіп алыпты. Ол дауыс беру учаскесі ашылып, еліміздің әнұраны орындалған салтанатты сәтке куә болып, №427 учаскеде тұңғыш таңдау жасаған сайлаушы болып тіркелді. Сол үшін шағын сыйлыққа да ие болды.

Референдум: Еліміздің чемпиондары өз таңдауын жасады

«Біздің учаскеде Бекжанов Абай есімді сайлаушы биыл тұңғыш рет таңдау жасады. Қазір жоғары оқу орнында студент болып жүрген бұл жігіт біздің №47 мектепте білім алған шәкіртіміз еді. Маңызды саяси науқанға саналы түрде қатысып, өз таңдауын жасаған оқушымызға риза болып қалдық», дейді №400 учаскенің басшысы Ақсәуле Қобыландықызы.

Бұл учаске де қаладағы ең ірі дауыс беру орталықтарының бірі. Мұнда 2502 адам тіркелген.

«Мен өзім көп жылдан бері сайлау учаскелерінде жасап жүрмін ғой. Байқағаным – осы референдум ерекшелеу өтіп жатыр, өйткені халықтың белсенділігі өте жоғары. Мысалы біздің учаскеде жарты сағаттың ішінде 100-ге жуық адам келіп, таңдау жасап үлгерді», дейді Ақсәуле Қобыландықызы.

Жанат Төленұлы есімді дауыс беруші дәл бүгін 58 жасқа толып жатыр екен. Оның куәлігін көрген референдум учаскесі қызметкерлері туған күн иесіне тәтті сыйлық тарту етіп үлгерді.

Қ.Қобжан 

Көптеген учаске маңында көңілді әуен ойнап, киіз үйлер тігіліп, қазан көтеріліп, ошақ жанып жатқанын байқадық. Жалпы Орал қаласында мерекелік көңіл-күй байқалады. Адамдар достық рәуіште, бір-бірімен қол алысып көрісіп, кеше ғана басталған Көрісу – Амал мерекесімен бірін бірі құттықтап жатыр. Қала билігі бүгін қоғамдық көліктер жолаушыларды тегін тасымалдайтынын хабарлаған.

Батыс Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар

«Такси апа» таңдау жасады

Референдум • Бүгін, 12:51