26 Ақпан, 2015

Оңтайландыру – ел экономикасын ынталандыру тетігі

320 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында 2015-2017 жылдарға арналған бюджет жобасы талқыға түсті. Бұдан басқа, депутаттар мақта саласын дамыту, ойын бизнесі салаларына қатысты заң жобаларын, сондай-ақ, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің интеграцияланған валюта нарығын ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау мәселесін қарады. Алдымен күн тәртібінде қаралған «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюд­жет туралы» Қазақстан Респуб­ликасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов және Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов баяндама жасады. Ұлттық экономика ми­нис­трінің сөзіне қарағанда, өткен жылы мұнай мен темір кені­нің әлемдік бағалары 2 есеге төмендесе де, ел экономикасы 4,3 пайызға өскен. Мұнайға деген бағаның 2 есеге төмендеуін және әрі қарай да  төмендеу ықтималдығын ескере отырып, қара алтынның бір барреліне деген баға 50, 40 және 30 АҚШ долларына дейін түскендегі және металға баға индексінің 5,0 пайызға төмендеуі кезіндегі Қазақстан экономикасы дамуы­ның болжамы әзірленген. Бұл ретте барлық үш жағдайда да мұнай өндіру 2015 жылы 80,5 миллион тоннаны, 2016 жылы – 80,8 миллион тоннаны, 2017 жылы – 86,0 миллион тоннаны, 2018 жылы – 90,0 миллион тоннаны және 2019 жылы 93,0 миллион тоннаны құрайтындығы ерекше атап өтілді. ІЖӨ-нің өсуі 2015 жылы 1,5 пайызға, 2016 жылы 2,3 пайызға және 2017 жылы 3,4 пайызға дейін өседі деген болжам жасалыпты. Ал инфляция деңгейі 6-8 пайыз межеде сақталады деп күтілуде. Сонымен, 2015 жылға ар­налған рес­пуб­ликалық бюджет кірістерінің (транс­ферттер түсімін қоспағанда) нақты­ланған болжамы 3219,9 миллиард теңге сомасында айқындалып отыр. Оның ішінде салықтық түсімдер 959,6 миллиард теңгеге, ал салықтық емес түсімдер, керісінше, 20 миллиард теңгеге ұлғайғаны белгілі болды. Тағы бір атап кетерлігі, Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт мөлшері бекітілген 1702 миллиард теңге деңгейінде сақталады. Түсімдер бойынша нақтыланған болжамды және тапшылықтың ұлғаюын ескере отырып, 2015 жылы республикалық бюджеттің шығыстары бекітілген көлемге қатысты 610,6 миллиард теңгеге азая отырып, 7244,5 миллиард теңгені құрайтын болады. Шығыстарды оңтайландыру барысында әлеуметтік саладағы жаңа бастамаларды іске асыру мерзімін 2016 жылға дейін ауыстыру; тиімділігі төмен немесе онысы расталмайтын бағыттар мен бағдарламаларды қысқарту; сондай-ақ, әкімшілік шығыстарды, іссапар және өкілдік шығыстарын, талдамалық және консалтингтік зерттеулер жүргізуге арналған шығыстарды, ақпараттандыру саласындағы жекелеген шығыстарды және күрделі шығыстарды қысқарту көзделеді. «Б» корпусы қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру және азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа моделін енгізу жөніндегі жаңа бастамаларды іске асыру мерзімдерін 2015 жылғы 1 шілдеден 2016 жылғы 1 қаңтарға ауыстыруға байланысты 189,9 миллиард теңге сомаға шығыстар оңтайландырылып отыр. Ел экономикасындағы ахуалдың нашарлауы мүмкін екендігі ескеріліп, Үкімет резерві 1 триллион теңге шеңберінде экономиканы ынталандыру жөніндегі екінші транштан Проблемалы кредиттер қорын қосымша капиталдандыруға бұрын көзделген 250 миллиард теңгеге ұлғая отырып, 317,8 миллиард теңге сомасында айқындалған. Мұнымен қоса, «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік бағдарламасының жобасы шеңберінде 101 миллиард теңге қаражатты 2015 жылы жаңа дағдарысқа қарсы шараларға қайта бөлу жоспарланған. Негізгі баяндамалар аяқта­лысымен депутаттардың бірқатар сұрақтарына жан-жақты жауаптар берілді. Ұласбек Сәдібековтің сұрағына орай жауабында Е.Досаев 2015 жылы экономика өсімі 1,5 пайыз деңгейінде жоспарланып отырғандығын, алдағы үш жылда мұнайдың 1 барреліне деген баға 50 доллар көлемінде белгіленгенін алға тартты. Ресей рублі бағамының төмендеуімен бұл елдің тауарлары да қазақстандық нұсқаларына қарағанда екі есеге дейін арзан екендігін алға тартқан Серікжан Қанаев отандық тауар өндірушілерді жеңілдетілген несиелендірумен немесе салықтық ауыртпалықтарды кемітумен қолдау жайын мәселе етіп көтерді. Депутаттың бұл сауалына жауап берген Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев қазіргі кезде 80-нен аса отандық кәсіпорын үкіметтік іс-шаралар жоспарына кіргендігін, олардың өңірлердегі жұмысымен танысу жұмыстары қолға алынғандығын айтты. Соның негізінде теміржол және электр қуатына деген тарифтердің төмендетілері де аталмай қалмады. Осылайша талқылаудан өткен 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы депутаттар тарапынан қолдау тауып, мақұлданды. Күн тәртібінде екі оқы­лымда қаралған «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да депутаттар тарапынан мақұлданды. Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Розақұл Халмұрадов бастаған бір топ депутат бастамашы  болған заңдық құжат саладағы бірқатар проблемаларды шешуге бағытталыпты. Сондай-ақ, кеше «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  заң жобасы да екінші оқылымда  қолдау тапты. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».