Мәселен, Жетісу облысында 105 жастағы Нағиман Шалбаева дауыс беру учаскесіне келіп, өз дауысын берген. Ол құрметті жасына қарамастан дауыс беру учаскесіне келіп, референдумға қатысуды жөн көрген. Нағиман апа – 36 немересі, 103 шөбересі мен 13 шөпшегі бар үлкен әулеттің анасы.
Ал Алматы қаласында референдумға биыл 101 жасқа толатын ұзақ жасаған әже Камиля Косумаева қатысқан. Ол Наурызбай ауданындағы учаскеге өзінің шөбересімен бірге келді. Кәмилә әже Ұлы Отан соғысы жылдары тылда тер төккен еңбек ардагері. Оның айтуынша, ол ел өміріндегі маңызды оқиғалардың барлығына қатысуға тырысады екен.
«Мен әрқашан дауыс беруге келуге тырысамын. Әр адам қатысып, өз таңдауын жасауы керек деп ойлаймын», деді ол.
Ұзақ жасаған әженің учаскеге келуі қатысушылардың жылы ықыласын тудырып, комиссия мүшелері мен тұрғындар еңбек ардагеріне белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдірді.
Алматы облысының тұрғындары референдум учаскесіне мультфильм кейіпкерлерінің бейнесінде келді
Референдумға Ұлы Отан соғысының ардагерлері де қатысып жатыр. Алматы облысының Ұзынағаш ауылында тұратын ардагер Федор Ковалев өз таңдауын үйінде жасады. Федор Емельянович 1927 жылғы 11 қарашада Могилев облысының Орловка ауылында дүниеге келген. 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, 1945 жылы кеңес-жапон соғысына қатысқан. Көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін ардагер II дәрежелі орденмен және жеңістің мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

Ұйғыр ауданының Бахар ауылындағы №921 сайлау учаскесіне 103 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Әлім Кебиров өзі келіп дауыс берді. Ол жасына қарамастан жаңалықтарды қадағалап, белсенді азаматтық ұстанымын үнемі білдіруге тырысады екен.
Сондай-ақ, дауыс беруге Ұлы Отан соғысы және ішкі істер органдарының 102 жастағы ардагері Құрмат Рахимов те қатысты. Ол өз таңдауын үйінде жасады. Жақындарының айтуынша, майдангер әрдайым сайлауға қатысып келген және мұндай күндері бейжай қалмау маңызды деп санайды.
Алматы қаласының Медеу ауданындағы №403 учаскесінде биыл 100 жасқа толатын Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Долбня дауыс берді. Жақындарының сүйемелдеуімен учаскеге келген ардагерді комиссия мүшелері ерекше құрметпен қарсы алып, белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс айтты.
Қызылорда облысында Сырдария ауданында тұратын соғыс ардагері Яхия Тасыров өз учаскесіне алғашқылардың бірі болып келді. Майдангер бұл күннің маңызын атап өтіп, комиссия мүшелеріне батасын берді.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Алға ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының 102 жастағы ардагері Солтанбай Жарықбасов та дауыс беруге қатысты. Ол учаскеге 15 жастағы шөбересімен бірге келді. Ардагер ешқашан сайлау мен референдумдарды өткізіп алмауға тырысатынын айтып, елдің болашағы мен жас ұрпақ үшін өз таңдауын жасау маңызды екеніне назар аударды.
Сонымен қатар, Талғар қаласындағы учаскелердің бірінде еңбек ардагері Нұркамал Екібаева дауыс берді. Ол ұзақ жылдар өндірісте еңбек етіп, қоғамдық өмірге белсенді араласқан, сондай-ақ жиырма жылдан астам уақыт соғыс және еңбек ардагерлері хорында өнер көрсеткен.
Осылайша, референдумға қазақстандықтардың әртүрлі буын өкілдері қатысып жатыр.