Кеше Орталық сайлау комиссиясында болған кезекті брифингте Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен белгіленген президенттік сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспары мәлім етілді.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов: «Сайлау заңнамасының ең маңызды талабы – сайлау үдерісіне қатысушылар үшін тең құқықтар мен жағдайларды қамтамасыз ету. Сайлау туралы Конституциялық заңда сайлау алдындағы үгіт 4 баптан тұрады, және оған 5 тарау арналған. Заңнамалық тұрғыдан алғанда, сайлау алдындағы үгіт – сайлаушылардың белгілі бір кандидатты, саяси партияны жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуға түрткі болу мақсатындағы қызмет», дей келіп, Күнтізбелік жоспарға сай сайлауалды үгіт жүргізуге 30 күн бекітілгенін, ол 26 наурыздан басталып, 24 сәуір күні сағат 00.00-де аяқталатынын жеткізді. Сайлау қарсаңындағы күнде және сайлау күнінде кез келген үгітке тыйым салынатынын айтқан ол бірқатар мемлекеттік орган қызметкерлеріне сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге заң аясында тыйым барлығын да қаперге салды.
«Еліміздің сайлау туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдарға үгіт жұмысын жүргізуге тыйым салынады. Лауазымды қызметте отырған азаматтар да өз қызметін пайдаланып, үгіт жүргізбеуі тиіс. Сонымен қатар, әскери қызметшілерге, ҰҚК, сот, прокуратура, Ішкі істер министрлігінің қызметкерлеріне, ОСК мүшелеріне үгіт жұмыстарын жүргізуге болмайды», деген Бақыт Мелдешов кандидаттардың сенім білдірілген адамы ретінде де өздерінің қызметтерін пайдаланып, қарамағында жұмыс істейтін азаматтарды үгіт жұмысына тартуға болмайтынын және үгіт жұмысында, сайлаушылармен кездесу барысында тегін тауарлар таратып, лотереялар ойнатуға заң жүзінде ешқандай рұқсат жоқтығын қадап айтты.
Сонымен қатар, ОСК хатшысы, үгіт жұмысын жүргізген кезде кандидаттар өзінің үгіт плакаттарында елімізге есімі белгілі азаматтардың суретін ол тұлғаның келісімін алған күнде жариялау құқығы барлығын, ал келісімі болмаған жағдайда мұндай плакаттардың ілінуіне тыйым салынатынын жеткізді. Бұған қоса, плакатты жасаған кезде оның төмен жағында қандай қаражатқа бастырылып, қандай баспадан шығарылғаны көрсетілуі қажет, деген ол сайлау күнінде сайлау учаскесінің ішінде әлеуметтік сауалдама жүргізуге болмайтынына да мән берді. Барлық сайлауалды үгіт жұмыстарының тек заң аясында жүргізілуі тиістігін айтты. Осы ретте журналистерге қарап:
«Шет мемлекеттің азаматтарына да үгіт жұмыстарына араласуға тыйым салынған. Жалпы, үгіт-насихат жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдары, кандидаттың сенім білдірілген адамының халықпен кездесуі арқылы жүргізіледі. Бұл ретте, бұқаралық ақпарат құралдарына да үгіт жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады. Егер БАҚ өкілі үгіт жұмысын жүргізгісі келсе, онда жұмысынан уақытша кетуі қажет. Яғни, бір айға еңбек демалысына шығып, кандидаттың сенім білдірілген адамы ретінде үгіт жүргізе алады», деді. Кезектен тыс президенттік сайлауға партия атынан ұсынылған кандидатқа қарағанда өзін өзі ұсынған кандидаттың сайлау қоры біршама төмен болатынын айтқан ол егер кандидатты саяси партия ұсынса, онда ұйымның 149 млн. 548 мың теңге қаржы бөлетінін, ал кез келген азаматтың өзі қалаған кандидатқа қаржы беруіне құқы барлығын, бірақ оның сомасы 320 млн. 460 мың теңгеден аспауы керектігін атап көрсетті.
«Кандидаттар сайлау қорын өздері құрып, оған жеке қаражатын пайдалана алады. Пайдаланатын жеке қаражаттың сомасы да заңда белгіленген. Ол 106 млн. 820 мың теңгені құрайды. Жалпы айтқанда, осы сайлаудағы әр кандидаттың сайлау қоры 576 млн. 828 мың теңге мөлшерінде болуы керек. Одан аспауы тиіс. Ал өзін өзі ұсынған азаматтардың үгітке шығыстары төмендеу болады. Өйткені, ол кандидатта партия қаржысы болмайтындығы түсінікті жайт. Сондықтан оның сомасы 427 млн. 280 мың теңгені құрайды», деді ОСК хатшысы.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».