Ұйқы ауруына шалдыққан Калачи ауылының тұрғындарын, Үкімет тарапынан қабылданған шешімге сәйкес, Ақмола облысының өзге елді мекендеріне қоныстандыру жалғасып жатыр. Оларға жергілікті жерлерде еңбек және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар қарастырылған. Әйткенмен, көптеген адамдар кіндік қаны тамып, бауыр басқан туған өңірінен жырақтағысы келмейтінін өтінген еді. Республика, облыс басшылығы бұған түсіністікпен қараумен қатар, нақты іс-қимыл шарасын жүзеге асыруда.
Кеше Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин аудан орталығы Есіл қаласында болып, Калачи тұрғындары үшін салынып жатқан көп қабатты екі үйдің құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Жаңа шағын аудандағы 45 пәтерлік үй құрылыс нысанының жалпы құны 263,7 миллион теңгені құрайды. Мердігер ұйым бүгінгі күні қаржының 142 миллион теңгесін игеріп отыр. Қазір бес қабатты үйдің төртінші қабатының кірпіштері қалануда. Осындағы 75 құрылысшы кілт тапсыру салтанатын алдағы қазан айынан кешіктірмеуге сенімді.
Ал, тағы бір құрылыс алаңы №9 тұрғын үй құрылысы қарқынды күшейтуді талап етеді. 75 пәтерлі бұл көп қабатты үйге бюджеттен 399,4 миллион теңге қаржы бөлінсе, оның игерілуі 30 пайызды ғана құрап отыр. Алайда, маңызды іске жұмылдырылған 100 адам бұл нысанның кестеге сай пайдалануға берілуін қамтамасыз етеміз деп сендірді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Есіл ауданы.