Атыраудағы Құлсары қаласының 4 тұрғыны 18 қаңтарда түске жақын «Лада Гранта» жеңіл көлігімен Ақтөбе облысына бару үшін жолға шығыпты. Олар Байғанин ауданындағы Оймауыт ауылында өтетін садақаға қатыспақ болған. Жолаушылар сол күні кешкілік 17.00. сағатта ағайындарымен телефонмен байланысып, Құлсарыдан 200 шақырым қашықтағы «Қаражар қыстағының маңындамыз» депті. Содан кейін олармен бірде-бір рет ұялы телефонмен байланысу мүмкін болмаған. Телефон байланысы үзілгеніне алаңдаған ағайындарының хабарлауымен 19 қаңтарда жолаушыларды іздеу басталды.
Іздеу жұмыстарына төтенше жағдайлар департаментінен «Трэкол» жол талғамайтын көлігі, құтқарушылар мен дәрігер жұмылдырылды. Көмекке «Доссормұнайгаз» басқармасынан бір «Джип» көлік пен мұнайшылар да қол ұшын созды. Іздеушілер кешке жақын жолаушыларды Қызылқоға ауданы аумағындағы «Ақсуат» қыстауынан 18 шақырым жерден тапты. Белгілі болғанындай, жолаушылар көлігі қарға батып қалыпты. Бұл маңда ұялы байланыс желісі ұстамайды екен. Көліктегі төрт жолаушы – екі ер және екі әйел адам құтқарылды.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.
сурет : http://img.nur.kz