21 ақпанда BAQ.KZ сайтында Ақтөбе облысында браконьерлер бір үйір киікті атып тастаған. «Охотзоопром» РМКК мекемесінің инспекторлары кезекті рейдтік тексеру кезінде қырылған киіктің үстінен түскен.
«Барлық жануарлардың мүйізін кесіп алып кеткен. Оқиға Қызылорда облысымен шекаралас Ырғыз ауданының аумағында тіркелген. Қазір жедел тергеу тобы құрылып, сол аумақта тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қызыл кітапқа енген киіктерге қырғидай тигендер әлі табылған жоқ. Табиғатқа келген шығын көлемі анықталуда. Киіктерді жаппай қыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалады», – делінген ақпаратта.
Киікті жаппай қыру мәселесі олардың өздерінің табиғи төлдейтін өңірлеріне өте қалмай қалуы салдарынан да болып отыр. Бұған өткен жылы іске қосылған Арқалық – Шұбаркөл, Жезқазған – Сексеуіл – Шалқар-Бейнеу мыңдаған шақырымдық теміржолдары бойынан ақбөкендердің Арқаға қарай қыстауға және төлдеуге өтетін жайдақ тұстары дұрыс салынбағандығы да себеп болып отыр. Еуропалық мемлекеттерде жаңа теміржолдарды салған кезде, оның бойынан жан-жануарлардың өтетін тұстарына қатты назар аударады. Таяуда осы өңірге сапар барысында мыңдаған ақбөкендердің жаңадан салынған теміржолдарды кесіп өте алмай, теміржол маңын шиырлап қайта кетіп қалғандығының куәсі болдым. Жаңа теміржол желісі ақбөкендердің қалың топтарының Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау, Қостанай облыстарының теміржолдарының арғы бетінде қалып қоюына әкеліп соқтырды. Бұл мәселені Үкіметтің басқаруымен Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ шұғыл қолға алмаса, теміржолдардың жан-жануарлар өтетін жайдақ тұстарын қайта қарап, көптеп келетін жерлерінің топырағын көтеріп, теміржолмен теңестірмесе, көтерем ақбөкендердің аналықтарының көктемгі суықтан қырылып қалуы ғана емес, төлдерінің де жапан далада жайрап қалуы әбден мүмкін.
Ал көз алдарында өріп жүрген киіктерді көріп жүрген жергілікті тұрғындардың қызуқандылықпен оларды қырып салмасына ешкім де кепілдік бере алмайды.
Ескендір ЕРТАЙ.
сурет : http://pavlodarnews.kz/