Аймақтар • Бүгін, 17:06

Екібастұз моноқала санатынан шығарылды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық экономика министрлігі еліміздегі моноқалалар тізбесін жаңартты. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2026 жылғы 10 наурыздағы №75 бұйрығына сәйкес Екібастұз қаласы моноқалалар тізбесінен шығарылды, деп жазады Egemen.kz

Екібастұз моноқала санатынан шығарылды

Тізбені жаңарту Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында жүргізілді. Құжатта елдің басқа моноқалаларын дамыту үшін Саран қаласының экономикасын әртараптандырудың табысты тәжірибесін тарату міндеті қойылған еді.

Осы жұмыс шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі моноқалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуына өнеркәсіп өндірісінің серпіні, инвестициялық белсенділік, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту құрылымы және экономиканың орнықтылығының басқа да параметрлері секілді 78 негізгі көрсеткіш бойынша кешенді талдау жүргізді.

Талдау нәтижесі бойынша, Екібастұз экономиканы әртараптандырудың тұрақты үрдісін, дамудың монопрофильді моделінен біртіндеп шығу межесіне жеткен. Қала экономикасында салалық құрылым, өнеркәсіп тұрақты өсіп, жоғары инвестициялық белсенділік байқалған.

Екібастұз ГРЭС-3 станциясы салынады: Елдің электр энергия өндірісі ұлғаяды

«Бүгінгі таңда Екібастұз еліміздің энергетика және металлургия саласында шешуші рөл атқаратын маңызды өнеркәсіп орталығы болып отыр. 2025 жылғы қорытынды бойынша қаладағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 629,4 млрд теңгеге жеткен. Бұл 2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 28,1%-ға артық. Негізгі капиталға салынған инвестиция 429,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,2 есе өскен. Халықты жұмыспен қамту экономиканың бірнеше секторы арасында бөлінген. Бұл бір қала құраушы кәсіпорынға тәуелділіктің төмендеуін және монофункционалдылық белгінің жоғалуын көрсетеді. Осыған байланысты, оң әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, Екібастұзды моноқалалар тізбесінен шығару туралы шешім қабылданды», делінген министрлік таратқан хабарламада.

Екібастұздағы алып мұржа

Жаңартылған бұйрықпен 19 моноқаланың тізбесі бекітілді: Абай, Ақсай, Ақсу, Алтай, Балқаш, Жаңаөзен, Жітіқара, Лисаковск, Қаражал, Кентау, Құлсары, Курчатов, Риддер, Рудный, Сәтбаев, Степногорск, Теміртау, Шахтинск және Хромтау. Осылайша, елдегі моноқала саны 20-дан 19-ға қысқарды.

Соңғы жаңалықтар