Кәсіпкер • Бүгін, 08:20

Ұлт тағамын ұлықтаған

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қостанайда жұмсақ құрт, тәтті ірімшік, жент, сүзбе тәрізді ұлт­тық тағамның неше түрін сататын «Qazaq бренд» атты 5-6 дүкен бар. Қаладағы ағайын қадірлі қонағының алдына тосатын табиғи таза өнімнен жасалған таңсық асын осы дүкен­дерден алады. Дәмі тіл үйіретін қызылды-жа­сылды, түрлі түсті ұлт­тық тәттілер, әсі­ресе, Наурыз мерекесі қар­саңында жоғары сұра­нысқа ие.

Ұлт тағамын ұлықтаған

Қазақы ою-өрнекпен әр­­лен­ген әсем қорапша­лардағы ұлттық өнім­дерді сауда сөресіне самса­тып қойған кім екен деген ойда жүр едік. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында жолымыз болып, осы жобаның авторы Гүлнұр Кәкімбекпен жүздесудің сәті түсе кетті.

Жас кәсіпкер алғашқы өнім­дерін 2020 жылы карантин қыспағында отырып шығара бас­таған. Талапты жастың ұлттық өнім жасап, оны тұрақты табыс көзіне айналдыруына анасының тәрбиесі көп ықпал етсе керек.

«Өзім Амангелді ауданын­да туып-өстім. Ауылда әр үйде дорба-дорба құрт, тегеш-тегеш жент тұратын. Үйдің үлкені болған соң, анам біраз жұмысты менің мойныма артатын. Үйде шаруа бітпейді ғой, бала кезімізден келі түйіп, бидай ұшырып, оны қазанға салып қуырып, диірмен тартып, одан шыққан талқанды май, қаймақ, сүтке шылап жеп өстік. Пандемия кезінде кішкентай балаларыма қызық болсын деп арнайы кондитерлік қалыптарды са­тып алып, әртүрлі формада жент жасап көрдім. Бір күні суре­тін әлеу­меттік желіге салдым. Соны көп адамдар қызық кө­ріп, «Қай­дан алдың, бағасы қан­ша екен?» деп сұрай бас­тады. Ол кезде қазіргідей дү­кендер жоқ еді. Талқанның өзі­н базар аралап жүріп әрең табатынбыз. Ата-әжем ауылда тұрады, кейде сол кісілер беріп жіберетін. Содан жолдасым екеуміз ақылдасып, жент жасап, саудаға шығарып көрейік деп шештік. Алғаш Наурыз мерекесі қарсаңында түрлі мекемеден тапсырыс көп түсті. Бірте-бірте сұраныс көбейді. Кейін әсемдеп-көркемдеп той-қуаныштарға арнап ішінде жент, құрт, ірімшігі бар қоржын кәделер жасай бастадым», дейді жас кәсіпкер.

Ұлттық өнімге елдің қызы­ғушылығы бар екенін көрген Гүлнұр Кәкімбек 2022 жылы Қостанайдың орталығынан ал­ғашқы дүкенін ашады. Қасына жент жасайтын көмекші алып, қалған жұмыстың бәрін өзі ат­қарады. Бірте-бірте жарнаманы күшейтіп, «Qazaq бренд» атауының таралуына көп күш сала бастайды. Осылайша, 2024 жылы Қостанай қаласы мен За­речныйдан тағы екі дүкен ашады. Былтыр «Аэропорт» шағын ауданында, биыл «Береке» шағын ауданында сауда нүктелері іске қосылды. Гүлнұрдың өнімдері шалғайдағы Жетіқара қаласында да сатылады.

п

«Qazaq бренд» өнімдері 2024 жылы Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен «Наурыз думан» көрмесіне қатысып, көпшіліктен лайықты бағасын алғанын да айта кету керек.

«Президент өзі келіп, өнім­деріміздің сапасын бағалап, ризашылық білдірді. Әрине, бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Алға ұмтылуға, жаңа ізденіске талпынуға құлшыныс берді. Өткен жылы «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қолдауымен Астана төрінде 89 мемлекеттің қаты­суымен өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына да қатысып, өнімдеріміз­ді саттық. Ұлттық тәт­тілерімізді туристерге таныстырып, насихаттадық. Жалпы, бұрын Қостанай тұр­ғындарының көбі ұлттық дәм дегенді ет, қымыз, бауырсақ деп қана түсінетін. Ал жент, ірімшік, құрт тәрізді тағамдарға аса мән бере бермейтін. Біз өнім шығара бастағалы қазір ұлттық тәттілер ас мәзірінен өз орнын тауып, ел ішінде кеңінен таныла бас­тады. Өзіміз түгілі, өзге ұлт өкілдерінің өзі қызығып алып, шетелде тұратын жақындарына, балаларына туған жердің дәмі деп жіберіп тұрады. Мысалы, баласы АҚШ-та тұратын бір тұтынушымыз жылына бірнеше рет келіп алып кетеді. Германияға жиі құрт жібереміз. Кезінде осы жерден көшіп кеткен немістер құртты өте қатты қадірлейді. Ол жаққа жіберу аса қымбатқа шығады, бірақ соған қарамастан көп алдырады. Біздің өнімдерді, әсіресе, Ресей қазақтары жақсы көреді. Елордадан да көп тапсырыс түседі. Айына жиырма-отыз рет өнім жібереміз. Астанаға жәрмеңкеге барғанымызда біраз жұрт бізді арнайы іздеп келіп, өнімдерімізді сатып алады. Ал­дағы уақытта бас шаһардан да бір сауда нүктесін ашуды жоспарлап отырмыз. Тараз, Қызыл­орда, Семей, Өскемен, Ақтау, Атырауға дейін ұлттық тәттілерден құралған қоржын, себеттер жібереміз», дейді Гүлнұр.

Жас кәсіпкер арманы ұлттық тәттілерімізді нан, сүт, қант тәрізді күнделікті пайдаланылатын өнімдер қатарына қосуды аңсайды. Үйдегі дастарқаннан құрт, ірімшік, жент үзілмесе екен деген арманы бар. Сондықтан Қостанайдың әрбір шағын ауданынан сауда нүктесін ашуға ұмтылыс жасап жатыр. Мұның бәрі оңай жұмыс емес екені түсінікті. Қазір Қостанайдың өзін­де 6 шағын ауданда «Qazaq бренд» дүкендері жұмыс істеп тұр.

«Ұлттық тағам – ұлт мәде­ниетінің бір көрсеткіші. Сон­дықтан ендігі ойым – Қостанайда үлкен цех салсақ деймін. Ұлттық өнім уақыт талабына сай заманауи өндіріс орнында жасалса екен деп армандаймын. Мысалы, мен қазір құрттың бір-ақ түрін жасап жатырмын. Егер цех болса, түйе сүтінен жасалған, иогурт сияқты түрлі дәмдер қосылған түрлі түсті құрттың неше түрін шығаруға болады. Мүмкіндік болмағандықтан, оны басқа қаладан алдыртып отырмыз. Мемлекеттік бағдарламаларға да қатысып, тиісті мекемелерден ғимарат салатын жер сұрап көрдік. Одан еш нәтиже шықпады. Сондықтан әзірше өз орнымды таба алмай отырмын. Бірақ бұған мойымаймыз, бизнесте табандылық керек екенін түсінеміз. Түбі жеке цехымыз іске қосылады деген сенімдемін», дейді жас кәсіпкер.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Даланың дәмі бар балмұздақ

Кәсіпкер • Бүгін, 09:15

Шебер тірілткен құнды мұра

Көрме • Бүгін, 09:05

Жарапазан айтып жарысты

Дәстүр • Бүгін, 09:00

Наурыздың рухын асқақтатқан ән

Наурызнама • Бүгін, 08:55

Парасат пен мейірім

Қоғам • Бүгін, 08:50

Америка асқан «Қыз-Жібек»

Таным • Бүгін, 08:45

Өнегелі Ольга

Қоғам • Бүгін, 08:35

Тау көтерген толағай

Қоғам • Бүгін, 08:30

Ұлт тағамын ұлықтаған

Кәсіпкер • Бүгін, 08:20

Жауапты ғұрып

Пікір • Бүгін, 08:10