Көктемде келетін жыл құстарына қамқорлық жасауға жастардың ынта-ықыласы артып келеді. Бұл бастамаға білек сыбана кірісу айнымас дәстүрге айнала бастағаны ақиқат. Өйткені өңірде қанаттыларға ұя жасау шарасы алғаш рет өткен жылы бастау алып, жан жадыратарлық шаруа биыл да жалғасын тауып отыр.
Жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, құстарға қамқорлық жасауға, табиғатты аялауға баулуды мақсат еткен акция барысында қолына ағашын, балға-шегесін алып, ұя жасауға кіріскен Қонаев қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы №2 гимназияның оқушылары жұмысын тез арада аяқтап, жаңа әрі әдемі ұяларын ағаш бастарына өз қолдарымен орнатты.
Қоршаған ортаны қорғау – әр адамның міндеті екенін айтқан гимназия оқушысы Әлімжан Тұрдалиев сыныптастарымен бірге құстарға қамқорлық жасауға атсалысқанына ризашылығын білдірді.
«Көктеммен бірге туған өлкеге қайта оралған құстарға қамқорлық ету – қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің айқын көрінісі. Елімізде мұндай ауқымды акция өткен жылы алғаш рет Алматы облысында өткізілді. Сол кезде мыңға жуық құс ұясы дайындалып, арнайы орындарға орнатылды. Биыл бұл көрсеткіш одан да жоғары. Бастама өскелең ұрпақты табиғатты қорғауға, мейірімділік пен ізгілікке тәрбиелейді. Акция облыстың барлық ауданы мен қаласында сәуір айының соңына дейін жалғасады», дейді облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Кенешов.
Алматы облысы