15 Тамыз, 2015

Бастауы терең Ата Заң

617 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

конституция РК-2

Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда РКСФР-дің 1925 жылғы Конституциясын ескере отырып қабылданды. Ол кезде біз Ресей Федерациясы құрамындағы автономиялық республика едік. Ал 1936 жылы 20 тамызда Қазақстан одақтас республика мәртебесін иеленді. 1937 жылғы 26 наурызда Қазақ КСР-нің кезекті Конституциясы қабылданды. 125 бапты қамтыған бұл құжатта КСРО Конституциясының 14-бабынан тыс ҚазКСР өзінің егемен құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті дербес жүзеге асыратыны мәлімделген. Экономикалық, саяси қорғаныс желілері бойынша өзара көмекті жүзеге асыру мақсатында өзге де тең құқылы республикалармен ерікті біріккені, ҚазКСР-нің аумағы оның келісімінсіз өзгермейтіндігі, сот процесінің қазақ тілінде жүргізілетіні т. б. с. с. көптеген маңызды мемлекеттік-құқықтық қағидалар бекіген.

Содан 1978 жылғы 20 сәуірде республика Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс VII сессиясында 19 тарау, 173 баптан тұратын жаңа Конституция қабылданды. Барша билік таптық тұрғыдан жұмысшы, шаруа және еңбекші интеллигенцияға жіктелетін халыққа тиесілі деп жариялаған бұл Конституция мемлекеттік, кооперативтік-колхоздық және қоғамдық ұйымдардың меншігін экономикалық жүйенің негізі деп таныды. 1990-жылдары осы Конституцияға енгізілген өзгерістер нәтижесінде атқарушы және өкім етуші биліктің басшысы ретінде Президент лауазымы бекітілді. Министрлер Кеңесі Министрлер Кабинеті болып, Ел Қазақстан Республикасы деп аталатын болды. Одан әрі тәуелсіздіктің құқықтық негізін «Қазақ КСР Мемлекеттік егемен­­­­­­дігі туралы» 1990 жылғы 25 қазандағы Декларация, 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Қа­зақ­стан Республикасының мемле­­кеттік тәуелсіздігі туралы» Конс­­титуциялық заң салды. Бұл­арды әзірлеудің, қабыл­дау­дың басы-қасында заңгер-ға­лымдар С.Зиманов, Ғ.Сапар­ғалиев, С.Сартаев, М. Баймаханов, қоғам қайраткерлері Ш. Мұртаза, М.Шаханов болғаны мәлім. Сонда өзге ұлттың кейбір өкіл­дері қазақтың мүддесін қолдап жатқанда, өзімізден шыққан базбіреулер бөтен мінез көрсетті. Дегенмен, аталған Декларацияда қазақ халқының тағдырына жауапкерлікті сезіну, оның өзіндік мәдениеті мен тілін қайта жаңғырту мен дамытуға мемлекеттік қамқорлық көрсету қажеттілігі республиканың міндеті ретінде көрсетілді. Ұлттық мемлекеттікті сақтау, қорғау және нығайту мәселелері алға қойылды. 1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақ­стан­ның Жоғарғы Кеңесі IX сессиясында тәуелсіз елдің тұңғыш Конституциясын қабылдады. Парламенттік республика үлгісі негізге алынды. 4 бөлік, 21 тарау, 131 бапта егемендік, мемлекеттің тәуелсіздігі, билікті бөлісу, қазақ тілін мемлекеттік тіл деп тану, Пре­зидентті мемлекет басшысы деп тану және т. б. туралы қағи­­­­далар бекіді. Сот жүйесінде Жоғар­ғы, Конс­титуциялық және Жоға­ры Ар­битраждық соттар кірді. Әрине, елдің тәуелсіздігін, на­рықтық экономика мен демо­кра­тиялық мемлекеттілікті қалып­тастыруға қажетті заңи негіздерді бекіткен, қазақ парламентаризмінің жарқын беттерін жазған бұл Конституцияның орны ерек. Алайда кеше ғана тоталитаризм құрсауында болған қоғам ашық жүйеге еркін енуге әлі дайын емес еді. Қоғам өтпелі кезең­нің қарама-қайшылықты ұстаным­дарының талқысында тұрды. Билік жүйесінде өкілет­тік­терді бөлісу, құқықтық тұрғы­дан мемлекеттіліктің сипаты, мемлекеттік тіл, азаматтық, эконо­микада жерге меншік мәселе­лері дау-дамайға негіз болды. Қоғамда алға ұмтылумен қатар, керітартпалар орын алды. Сана­луан көзқарастар таласы толаста­мады. Ілгерілеушілік пен керітарт­палықтар шиеленіске түсті... Ақыры 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда бүгінгі қолданыстағы Конституция қабылданды. 9 тарау, 98 бап. Оған үш рет – 1998, 2007 және 2011 жылдар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Президенттің, Сенат пен Мәжіліс депутаттарының мерзімдері мен өкілеттіктері өзгерді, пропорционалдық сайлау жүйесі енді, Қазақстан халқы Ассамблеясы конституциялық мәртебеге ие болды және ол квота бойынша өз өкілдерін Мәжіліс пен Сенатқа жіберу құқығына ие болды. Үкімет басшысын тағайындарда Президент пар­ламенттік фракциялармен кеңесулер өткізу үрдісі жөнінде, Премьер-министрді Парламент бекітетіні туралы ережелер енді. 2011 жылы Президенттің кезектен тыс сайлауларын тағайындау мен өткізудің конституциялық негіздері айқындалды. Қазақстан тарихындағы әрбір Конституцияның өз миссиясы мен атқарған қызметі болды. Әрқайсысының өз орны, өзіндік боя­уы бар. Ішкі-сыртқы алуан түрлі қысымдарға қарамастан еліміздің абзал ұлдары қазақ мүддесіне қатысты іргелі деген мәселелерде тастүйін ұйымдаса білді. Ұлтыма болсын деген ойларының өзегін бүгінге жеткізе алды. Әйтпесе, 1926 жылы автономия алу, 1936 жылы одақтас мәртебесін иелену, 1978 жылы өзіндік ерекшеліктерді шамамызға қарай сақтап қалу, дамыту, ал 1993 жылы коммунистік тоталитаризм түнегін жарып шығу оңай болмады. Қазіргі Конституциямыз тек солардың ғана емес, олардың алдындағы конституциялық ақыл-ойлардың да тұнығынан нәр алған. Солардың бастауларындағы даналық көздерінен суарылған. Өйткені, Конституциялық құқық белгілі бір құқықтық идея негізінде қалыптасады. Қоғамдағы саяси тұрақтылық, баяндылық белгілі бір оң идеялардың халыққа тән болуынан, ұлт құрсағын жарып шығуынан, қоғамның сол идеяларды қолдауынан дейміз. Осы тұрғыдан алғанда еліміздің Конституциясының бастаулары тым әріде жатқанын есте ұстауымыз керек. Болат СЫЗДЫҚ, заң ғылымдарының кандидаты, доцент. ҚАРАҒАНДЫ.