Өткен аптада Астанада жаңадан салынған көп бағытты балалар спорт ауласының салтанатты түрде ашылуы болып өтті. Оны №51 мектепке және оған жақын орналасқан аудан тұрғындарына арнап “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы салдырған болатын. Енді жаңа тұрғын үй кешенінде тұратын оқушылар бос уақыттарында футбол, волейбол, баскетбол, үлкен теннис және өзге де спорт ойындары түрлерімен айналысуға кең мүмкіндік алды.
Астана қаласы өсіп, барлық салалар бойынша қарқынды дамып келеді. Елордамен бірге оның кішкентай тұрғындары да бірге желкілдеп өсуде. Осы орайда қаламыздың жас тұрғындары үшін спорт толыққанды дамуының бөлінбес бөлшегіне айналуы тиіс. Мұны еліміздің бас мұнай компаниясының басшылары да жақсы түсінеді. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұқаралық спортты дамыту мақсатында көтерген бастамасын ең алғашқылардың бірі болып “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы қолдаған болатын. Компания қаржылай қолдау көрсететін 2010-2011 жылдарға арналып жоспарланған бағдарламалар тізіміне сәйкес, Қазақстан бойынша мұндай көп бағытты спорт аулаларының әлі 50-і салынбақ.
Астанада қолдануға берілген осындай екінші кешеннің ашылуы салтанатында “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ-тың бизнесті қолдау бөлімінің бас менеджері Серікбек Елшібеков бұл бағдарламаның спорттың бұқаралық түрлерімен айналысуға жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті. Жаңа кешен жасөспірімдер мен балалар арасында саламатты өмір салтын насихаттауға, оларды спортқа қызықтыру, тарту үшін арнайы ашылып отырған көрінеді.
– Біздің компания спорттық аулаларды тек қана белгілі бір мектеп оқушыларына арнап емес, сондай-ақ оның айналасында орналасқан балалар үшін де, яғни ортақ игілікке салып отыр. Өйткені, біз балалардың көпшілігі өздерінің сүйікті спорт түрлерімен заманауи және керемет жарақтандырылған спорт алаңқайларында айналысуға мүмкіндік алғанын қалаймыз, – деп атап көрсетті С. Елшібеков.
0,3 гектар аумақты алып жатқан кешен шындығында да көрген көзге өте әсерлі. Құрылыстың заманауи техникалары арқасында мұнда кіші футбол, волейбол, баскетбол, үлкен теннис, өзге де спорт түрлерінен түрлі жаттығулар мен жарыстар өткізуге болады. Өзге кешендермен бірге жинақта толыққанды хоккей корты да бар. Тенниске арналған бөлікте – Уимблдон жаттығуларында қолданылатын жоғары сапалы синтетикалық төсем бар, ал мектептің футбол командасы FІFA UEFA сертификатынан өткен жасанды көгал алаңда жаттыға алады. Қыста жарақаттанудың алдын алатын аязға шыдамды аула төсемі балаларды жайлы әрі қауіпсіз жағдаймен қамтамасыз етеді. Төсемдер қатыру-қайтадан ерітудің көптеген тізбегін көтере алады. Ал бұл Астананың климаттық жағдайы үшін маңызды фактор болып табылады. Кешен спортпен кешкі уақыттарда айналысқысы келетіндерге орай қосымша жарық беретін діңгектермен жарақтандырылған.
Кешен құрылысын салу барысында барлық экологиялық, санитарлық-гигиеналық, өртке қарсы нормалар мен ережелер қатаң сақталды. Қолданысқа берген соң 5 жыл кепілдігі тағы бар. С.Елшібековтің айтуынша, мұндай кешендердің мектептер аумағында тұрғызылуында өзіндік сыры бар көрінеді. Мұның себебі, оқушылардың жайлылығы үшін әрі кешен бақылаусыз, қараусыз қалмайды. Оның қызығушылық тудырғаны соншалықты, тіпті құрылыс кезінде жергілікті балақайлар алаңқайды көріп, пайдалану өтінішімен келген екен. Ашылу салтанатында спорт сүйетіндер көптеп жиналды, ал балақайлар лезде жасыл төсемнің барлық артықшылықтарын бағалап үлгерді. Үлкендердің алғысты сөздерінен кейін мектеп директорына кешеннің символдық кілті табысталды. Сондай-ақ, олимпиялық резервті дайындайтын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі командасының концерті өтті. №51 орта мектеп оқушылары жолдастық кездесулер өткізді. Допты қақпаға бірінші енгізу рәсімі С. Елшібековке берілді.
Он жасар Владислав Ивачев кәсіби футболмен екі жыл қатарынан айналысып келді. Анасының айтуынша, балақай қыстың қақаған суығында да, жаңбырға да қарамастан бір де бір жаттығудан қалмапты. №8 олимпиялық резерв дайындайтын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің өкілі, бапкер Вячеслав Прокопенко жаңа футбол алаңының ашылғанына қуанышты екендігін білдірді. Өйткені, ол қалада әлі де жеткіліксіз. Балаларға жасаған қамқорлықтары үшін қазмұнайгаздықтарға Алматы ауданының білім бөлімі бастығы Айна Қаспақова алғысын білдіріп, мұнда нағыз чемпиондар тәрбиеленіп шығатындығына сенім білдірді. Тәжірибелі футболшылар, 10-сынып оқушылары Медеу Асхатұлы мен Заңғар Серікұлы “Астана” символикалық әнін орындады.
“ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы қоғамдық нысандарды тұрғызуға, соның ішінде спорттық кешендерді салуды қаржыландыруға әрдайым үлкен маңыз беріп келеді. Оның дәлелі ретінде Астанадағы “Каспий” спорт кешенін, Жаңаөзендегі Р.Өтесінов атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін атауға болады. Жаңа оқу жылына орай Астанада “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ бағдарламасын жүзеге асыру барысында осындай 10 заманауи спорт ауласын ашу жоспарланып отыр. Ал келесі жылы олардың саны елуге дейін өспек. Бастамашылардың сұрайтын бір ғана тілегі, кешенді мұқият сақтап қарау. Сондай-ақ, олар азаматтарды өз денсаулықтарына пайда тигізу үшін үнемі осы спорт аулаларына келуге шақырады.
Сана ҰЯБЕКОВ. АСТАНА.