Бұрнағы күні Астанада хоккейден Қазақстан Президентінің Кубогы үшін өткен VI халықаралық турнир мәресіне жетті. Финалда Владивостоктың «Адмиралын» 3:2 есебімен жеңген Астананың «Барысы» жарыс жеңімпазы атанды. Сайыс жаңадан ашылған мұз сарайында ұйымдастырылды.
Финалдық бәсеке тең жағдайда өрбіді. Алғашқы кезеңде бірнеше тамаша мүмкіндіктер болғанымен, есеп ашылған жоқ. Ал кездесудің екінші жартысында жанкүйерлер төрт бірдей шайбаның куәсі болды. Алдымен айдын иелері есеп ашты. Бұл кездесудің 21-минуты болатын. Арада 4 минут уақыт өткенде, қонақтар таразы басын теңестірді.
Екінші үзіліске дейін қарсыластар тағы да бір-бірден шайба енгізді. Үшінші кезеңде таблодағы есеп өзгерген жоқ. Ал овер-таймда «Барыстың» жолы болды. 63-минутта Роман Старченко жеңіс шайбасын соғып, командасына Президент Кубогын алып берді. Марапаттау рәсіміне Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Құмар Ақсақалов және Қазақстан хоккей федерациясының президенті Асқар Мамин қатысты. Айта кетейік, турнирде төрт команда сынға түсті. «Барыс» алғашқы ойында Новокузнецкінің «Металлургін» 4:2 есебімен жеңсе, екінші кездесуінде Ханты-Мансийск қаласынан келген «Югра» командасына 1:2 есебімен есе жіберді. Ал үшінші ойында «Адмиралдан» 2:1 есебімен басым түсіп, жарыстың финалына жолдама алды. Аталған сайыста жүлделі үшінші орын «Юграға» бұйырды. Қола медаль үшін болған ойында ол «Металлургті» 1:0 есебімен жеңді.
Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».