14 Мамыр, 2015

Далада да, қалада да қызу тірлік

338 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елдің тұрмысын түзеп, тірлігіне тың серпін берген үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығы аяқталды. Осы кезеңде Жамбыл облысында 41 жобаның 33-і іске қосылды. Олардың жалпы сомасы 123,3 млрд. теңгені құрап, өңіріміздің 5 мыңға жуық тұрғынын жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етті. 

 egemen (33)

– Жалпы, инновациялық және жоғары өнімді жобаларды енгізу арқылы біз әлеуметтік мәселелерді шешуге және өңірдің ішкі өңірлік өнімінің ұлғаюына мол мүмкіндік алдық, – дейді Жамбыл облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Алмас Мадиев. – Мысалы, «Super Pharm» ЖШС шикізаттан дайын өнімге дейін өндіріс циклымен жұмыс істеуде. Ал, «Құрылыс-Полимер» ЖШС 20-ға жуық әртүрлі полимерден құрылыс материалдарын өндірсе, «Мыңарал Тас компани» ЖШС француздық технология бойынша, яғни цементті құрғақ тәсілмен алу өндірісін игерді. Сондай-ақ, «Talas Investment Company» ЖШС Қазақстанның химия өнеркәсібіндегі натрий цианидін өндіретін тұңғыш химиялық зауытты іске қосты.

egemen (36)

Осынау игі іске мемлекеттің қолдауы да өте зор. Атап айтсақ, Индустрияландыру картасына енген 41 жобаның 20-сы, яғни, әрбір екінші жоба мемлекеттен қаржылай көмек алған. Оларға барлығы 21,8 млрд. теңге көлемінде көмек көрсетілді. Өткен жылы жалпы құны 22,84 млрд. тенгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылып, 994 жаңа жұмыс орны ашылған болатын. «БиномСтройДеталь» ЖШС құны 500,0 млн. теңгені құрайтын жобаны қолға алып, 65 жаңа жұмыс орнын ашты. Дәл осылайша «Talas Investment Company» ЖШС – 491, «Vista International» ЖШС – 13, «Арайстроймаркет» ЖШС – 25, «Central Asia Gold Production» ЖШС – 150, «Мың-Арал Компаниясы» ЖШС балық өндеу зауытының құрылысын қолға алып, 250 адамға жаңа жұмыс орындарын тауып берді. Бірінші бесжылдықтың аяқталуына орай Индустрияландыру картасынан барлығы 33 жоба шығарылды. Енді олардың орнын жаңа жобалар баспақ. Яғни, екінші бесжылдықта Жамбыл облысында жалпы құны 578,9 млрд. теңгені құрайтын 23 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Осының арқасында 5,2 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Биылдың өзінде 9 инвестициялық жоба қолға алынуда. – Осы тұста жобалардың қала – ау­дан­дар­ында іске асу статистикасына тоқталғым келеді, – дейді Алмас Өскен­байұлы. – Атап айтсақ, екінші бесжыл­дықтың Индустрияландыру картасына Тараз қаласынан 7 жоба, Қордай ауданынан 4 жоба, Шу ауданынан 3 жоба, Жамбыл, Талас аудандарынан – 2 жобадан, Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов, Сарысу және Мойынқұм аудандарынан 1 жобадан енген. Яғни, бұл бағдарлама қаланың да, даланың да тірлігін жандандырып, өңір экономикасының дамуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз.

Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы.