13 Шілде, 2010

АСТАНАҒА АНГЕЛА МЕРКЕЛЬ КЕЛЕДІ

483 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Сыртқы істер министр­лігінде осы ведомствоның ресми өкілі Асқар Абдрахманов дәстүрлі брифинг өткізді. Онда... ол әуелі 16 және 17 шілдеде Еуро­па­дағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төр­аға­сы, Қа­зақ­станның Мемлекеттік хат­шысы – Сырт­қы істер ми­нистрі Қанат Саудабаевтың ша­қы­руымен Ұйымға мүше 56 мем­ле­кет­тің сыртқы саяси ведом­ство­лары­ның бас­шы­лары немесе жо­ғары мәртебелі өкіл­дері, Ұйыммен ынтымақтастық жөніндегі әріптес 12 мемлекет, сонымен қоса бір­қатар халықаралық ұйымдардың лауазым­ды тұлғалары Алматыда өтетін бейресми кездесуде жина­латынын хабарлады. Атал­мыш бас­қосу еліміздің Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету шең­бе­ріндегі ең маңызды ша­ралардың бірі болып табылады. Жо­ғары дәрежелі жиналыстың ашылуында Президент Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлейді деп күтілуде, деді А.Абдрахманов. Ресми өкілдің айтуынша, бей­рес­ми кездесу барысында оған қатысушылар Ұйым кеңістігінде ортақ және бөлінбейтін қауіп­сіз­дік­ті нығайтудың кең ауқымды мәселелерін талқыға салады. Атап айтқан­да, 2009 жылы гректің Корфу аралында өткен министр­лер­дің алғашқы бейресми кезде­суі­нің қорытындысы бойынша іске қосылған Корфу процесі аясында Еуропа мен Еуразия қауіпсіздігі жөніндегі үнқа­тысудың алғашқы қорытындылары сарала­натын болады. Жиналысқа қатысушылар, со­нымен қатар, Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ын­тымақтастық ұйы­мы­ның жауапкершілігі тарайтын ке­ңістікте және одан тыс аумақ­тар­да­ғы қауіпсіздік мәселелерін, соның ішінде Қырғызстан мен Ауғанстан жағ­дай­ын және ха­лық­аралық қауымдас­тық­тың атал­мыш елдерді тұрақтандырудағы қызметіне Ұйымның қосар үлесін арттыру жолдарын қарастырады. Басқосу барысында жоспарланған Саммиттің күн тәртібіне енуі ықтимал тақырыптарды анықтау жұмысына ерекше көңіл бөлінеді. Министрлердің бейресми кез­де­суі кезінде сондай-ақ бірқатар жанама шаралар өткізу жоспар­лан­ған, деді осы ауқымды шараға орай А.Абдрахманов. Соның ішін­де Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы “Үштілігі­нің” (яғни, Қазақстан, Грекия және Литва сыртқы істер ми­нистр­лерінің), Таулы Қарабақ жанжалын бейбіт жолмен шешу жолдарын талқылау мақсатында Әзірбай­жан мен Армения сыртқы істер министр­лері­нің (құрамында Ресей, Франция және АҚШ бар), Минск тобы тең төраға­ла­ры­ның (Қанат Саудабаевтың қатысуымен) кездесулері өтеді. Сонымен қатар, Еуро­падағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымы Іс басындағы төрағасының бас­тамасымен Еуро-Атлантика және Еуразия аймақ­тары­ның қауіпсіздігімен айналы­сатын жеті халықаралық ұйымның (яғни, ЕҚЫҰ, Еуроодақ, НАТО, Еуропа Кеңесі, ТМД, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Азия кеңесі) басшылары мен жоғары лауазымды өкілдерінің тұңғыш басқосуы өтеді. Ресми өкіл келесі кезекте 18 шілдеде Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назар­баев­тың шақы­руы­мен Германия Феде­ра­тив­тік Республикасының Федералдық кан­цлері Ангела Меркельдің Аста­наға ресми сапармен келетінін жеткізді. Жо­ға­ры деңгейдегі келіссөздер шеңберінде тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-неміс ынтымақтастығының бүгінгі ахуалы мен келешегін талқылайды. Сонымен қатар, бір­қатар екіжақты келісімдерге және коммерциялық шарттарға қол қою, екі елдің іскер топтарының қатысуымен бизнес-форум өткізу жоспарлануда. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.