Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Құрылыс саласының былтырғы жылдық өсімі 6%-ға жуықтайды. Бұл өткен жылдарға қарағанда азырақ. Ranking.kz сарапшыларының пайымдауынша, ең бастысы оң үрдіс сақталды. Саланың дамуы мен тұрақтылығы азайған жоқ.
Тағы бір назар аударатын жайт, тұрғын үй құрылысы жеке бизнестің құзырында қалып отыр. Былтыр салынған үйлердің жалпы көлемінің 90%-ы жеке құрылыс компанияларына тиесілі. Ал мемлекеттің қатысу үлесінің деңгейі аз.
Сарапшылар былтырғы салынған тұрғын үй ғимараттарының жалпы көлемінің жартысына жуығы үш ірі мегаполиске тиесілі екенін айтты.
«Ең үлкен көрсеткішке келсек, 4,8 млн шаршы метр тұрғын үй салынған (жыл ішінде 8,5% өскен) Астана қаласы көш бастайды. Одан кейінгі орында дәстүрлі түрде Алматы қаласы тұр. Құрылысшылар шаһарда 2,6 млн шаршы метр тұрғын үйді тапсырған. Үштікті 1,4 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілген Шымкент қаласы қорытындылайды», дейді сарапшылар.
Облыстар арасында Түркістан, Алматы, Ақтөбе облыстары озық шыққан. Әсіресе Алматы облысында көрсеткіштердің өсу қарқыны көбірек. Жалпы алғанда, елдің барлық өңірінде тұрғын үй құрылысы ұлғайды деуге болады.
Ақшалай мәнге келгенде, былтыр құрылыс саласы тағы да рекордтық көрсеткішке жетті.
«Сектор кәсіпорындары мен ұйымдары орындаған құрылыс жұмысының көлемі 10,7 трлн теңгеден асып түсті. Бұрнағы жылы бұл 8,9 трлн теңге болған. Ақшалай көрсеткіш жыл ішінде 20%-дан астам өссе, нақты көлем 15,9%-ды құрады. Бірнеше жылдың деректерін қарастырар болсақ, 2020 жылға қарағанда екі есе өсім байқалады», дейді сарапшылар.
Жоғарыда айтқан 10,7 трлн теңге барлық атқарылған жұмыстың құны. Оларға тұрғын үй мен инфрақұрылым, сондай-ақ әртүрлі өнеркәсіптік және басқа да тұрғын үйге жатпайтын нысандар кіреді. Осы көлемнің ең үлкен үлесі – 22,2% немесе 2,4 трлн теңге өнеркәсіп құрылысына (бизнес пен әлеуметтік салаға арналған тұрғын үйге жатпайтын нысандар) тиесілі. Тұрғын үй құрылысының да айтарлықтай салмағы бар. Жалпы көлемдегі оның үлесі 12,4%-ды немесе 1,3 трлн теңгені құрайды. Көлемнің барлығын дерлік (99%) жеке құрылыс компаниялары қамтамасыз еткен. Ал қалған 1% шетелдік компанияларға тиесілі.
Саланың инвестициялық тартымдылығы да ұлғайып келеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрілігінің мәліметінше, құрылыс саласы ел экономикасында ерекше орын алады. Былтырғы жылдың орта шенінде оның үлесі ІЖӨ-нің 6%-ын құраған. Сарапшылардың айтуынша, мұндай ірі нарық көлемді инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді.
«Былтыр қаңтар-желтоқсан айларында салаға салынған инвестиция көлемі кейінгі жылдардағы ең жоғары деңгейге жетіп, 2,9 трлн теңгені құрады. Бұл ақшалай мәнде бір жыл ішінде 22,8% артқанын көрсетеді. Сектордағы барлық инвестицияның жартысына жуығы – 1,6 трлн теңге тұрғын үй құрылысы немесе өнеркәсіптік нысандарға бағытталған. Тағы 1 трлн теңгеге жуық қаражат азаматтық құрылысқа жұмсалды», дейді сарапшылар.
Отандық тұрғын үй құрылысының нарығы күрделі кезеңдегі экономикалық және қаржылық емес тәуекелдерге қарамастан тұрақты дамып келеді. Ranking.kz сарапшылары мұның бірнеше себебін атады.
«Ең алдымен нарықтағы тұрақтылыққа халықаралық сапа стандарттарын енгізіп, бәсекеге төтеп бере алған ірі компаниялар әсер етіп отыр. Соның нәтижесінде олардың іскерлік беделі нығайып, тұтынушылардың сенімі де арта түсті. Елде тұрғын үйге сұраныс бұрынғыдай жоғары. Десек те жетіспеушілік әлі де сезіледі», дейді олар.
Айтуларынша, сұраныс бәрінен бұрын беделі тексерілген құрылыс компанияларының жобаларына шоғырланады. Себебі түйткілді нысандардың көпжылдық тарихы нарықты сенімді ойыншылардың пайдасына өзгертті. Соның арқасында сектор тұрақтылығын сақтап тұр. Ал тұрғын үй сенімді инвестицияның бірі ретінде қабылдануын жалғастырып келеді.
«Экономиканы автоматтандыру мен цифрландырудың жалпы деңгейі де маңызды орынға ие. Жоғары технологиялар дәуірінде құрылыс кластері тұтынушыға тиімді қаржылық өнімдерді қалыптастыру мақсатында қаржы секторымен тығыз жұмыс істейді. Сондай-ақ құрылыс материалдарын, заманауи техникаларды өндірушілермен, ЖИ және басқаларды қоса алғанда, өзіндік бағдарламалық қамтамасыз ету блоктарын жасай алатын білікті инженерлік-техникалық, ІТ-мамандарды даярлайтын ұйымдармен тығыз байланыста болады», дейді сарапшылар.
Бұған қоса биылдан бастап елде 2026–2027 жылдарға арналған құрылыс саласын цифрландырудың жоспары іске қосылды. Оған құрылыс саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру үдерістері, міндетті BIM-жобалауды енгізу, нысандардың цифрлық төлқұжаттарын құру т.б. кіреді. Қазірдің өзінде ірі құрылыс компаниялары да, мемлекеттік аппарат та бұл жаңашылдықтарды жұмыс үдерістеріне тұрақты негізде енгізіп жатыр.