26 Ақпан, 2015

Ақтөбеде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған әдеби кеш өтті

487 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
szh.kzАҚТӨБЕ. 26 ақпан. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасында «Қазақ әдебиетіндегі хандық дәуір кезеңі» атты Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдық мерейтойына арналған әдеби-танымдық кеш өткізілді. Оны осы жоғары оқу орнының филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасы ұйымдастырды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Шараға қаланың зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, ұстаздар, магистранттар мен студенттер, үздік оқушылар қатысты. – Қазақ халқының әдебиеті мен тарихы қашаннан да егіз ұғым. Университеттің қазақ әдебиеті кафедрасы былтырдан бері «Ұлттық әдебиет дәрістері» деген тақырыпта лекциялық курстарды бастады. Бұл тек студенттерге ғана емес, жалпы қала жастарына, жергілікті тұрғындарға арналған дәріс. Мұндай лекциялық курс айына бір рет өткізіледі. Енді сол ғылыми-көпшілік дәрістерді кафедраның оқытушы - ғалымдары хандық дәуірдің қазақ әдебиетіндегі көріністерімен байланыстырып оқитын болады, – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Пангереев. Әдеби-танымдық кеш барысында қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Баян Бораштың «Қазақ әдебиетіндегі хандық дәуір кезеңінің бейнеленуі» тақырыбында дәрісі тыңдалды. Профессор өз дәрісінде «Мәңгілік Ел» идеясының теориялық негіздеріне тоқталды. Қазақ әдебиетіндегі хандық дәуір кезеңіне байланысты оқылған дәріске интерпретациялық талдау жасалды. Бұған дейін қазақ әдебиеті кафедрасы ұжымы Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдық мерейтойына орай қаладағы бірқатар арнаулы оқу орындары мен мектеп оқушылары арасында шығармашылық байқау жариялаған болатын. Тақырыпқа байланысты авторлық туындылар жинақталып, ішінен таңдаулылары іріктелген. Әдеби-танымдық кеш аясында байқау жеңімпаздары марапатталды. Әдеби-танымдық кештің жоғары деңгейде өтуіне ықпал етіп, белсенділік танытқан қаладағы бірқатар мектептердің ұстаздары мен колледж оқытушылары да назардан тыс қалмады. Кешке қатысушылар хандық дәуірге байланысты жазылған ғылыми-танымдық еңбектердің көрмесін тамашалады. Сатыбалды Сәуірбай. Дерек: egemen.kz. Сурет: szh.kz.