15 Тамыз, 2015

Ақпараттар ағыны

268 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ «RG Brands Kazakhstan» ЖШС үшін 3 млрд. теңге көлемінде 39 айға несие желісін ашты. Бұл турлы банктің баспасөз қызметі хабарлады. Соның арқасында компания 2015-2019 жылдар аралығында экспортқа шығаратын өнімдерді 25 пайызға арттырмақшы. Qazaq Air әуе компа­ния­сы ұшақ билеттерін сата бастады. Компания баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, билеттерді flyqazaq.com сайты және әуе агенттіктері арқылы алуға болады. Qazaq Air ­жолау­шылар тасымалдау қызметін 27 тамыздан бастауды көздеп отыр. Кеше Астанада «Мек­тепке жол» акциясы шең­берінде аз қамтылған 100 отбасына 1 млн. теңгеге көмек көрсетілді. Жалпы, осы бастама қолға алынған 1 тамыздан бері 30 мыңнан астам балаға 276 млн. 835 мың теңгеге қолдау жасалған. Шара 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Алматы облысының «БеНТ» зауыты мен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК 45,9 млн. теңгеге келісімшарт жасасты. Ұлттық компанияның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, аталған кәсіпорын ЭКСПО-ның құрылыс жұ­мыс­тарына темірбетон конструкцияларын, шпалдар және тіреуіштерді жеткізетін бо­лады. Оңтүстік Қазақстаннан Алматыға 305 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері жөнелтілді. Облыс әкімінің баспасөз қызметі өнімдердің жалпы құны 140 млн. теңгені құрайтынын хабарлады. Қызылорда облысының Арал ауданында бір күнде үш мектеп ашылды. Аудан әкімінің баспасөз қызметі келтірген деректер бойынша, кеше Тоқабай елді мекенінде – 140, Қосаманда – 100 және Жаңақұрылыста 200 орындық білім ордалары пайдалануға берілді. Солтүстік Қазақстанда Астана-Петропавл тасжолын жөндеуге 11 млрд. теңге бөлінді. Инвестициялар және даму министрлігі автокөлік жолдары комитеті төрағасы­ның орынбасары Амангелді Бе­ковтің айтуынша, қазір Келлееровкадан Петропавл­ға дейінгі жолда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған 300-ден астам техника мен 1 000 адам тартылған. Хабарлар Үкімет, облыстық әкімдіктер сайттары, «ҚазАқпарат» агенттігі және «24kz» телеарнасының деректері бойынша дайындалды.