26 Ақпан, 2015

Футбол. «Монако» «Арсеналды» қапы қалдырды

260 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

26-02-15-monako-1

АСТАНА. 26 ақпан. Кеше түнде Чемпиондар лигасының 1/8 финалдық кездесулерінің бірінші ойындары толық аяқталды. Бұл туралы Football.ua хабарлады. Англияның Лондонында «Арсенал» Францияның «Монакосын», Германияның Леверкузенінде «Байер» испанның «Атлетикосын» қабылдады. Бұлардың біріншісінде ағылшындар 1:3 болып жеңілсе, екіншісінде немістер 1:0 есебімен жеңіске жетті. Күтпеген нәтиже ағылшын астанасында тіркелді. Матчтың басында алаң иелері қарсыластарына дес бере қоймайтындай болып көрінген.  Арсен Венгердің жігіттері әні-міне дегенше есеп ашып кететіндей де болып тұрды. Олар алғашқы 15 минут бойына қарсы жақтың қақпа бетіне қарай допты дүңкілдетіп ұрумен болды. Содан кейін бұл жақтың тетігінен бір жіп үзіліп кеткендей ісер етті. Енді «Монако» шабуылға шығуға көшті. Бірақ қауіп төнетіндей ештеңе бола қойған жоқ. Осылайша бірінші таймның түгесілер шағы жақындап келе жатты. Кенет оң қапталдан қауырт жасалған шабуылдан соң екі қадамды жүрістен кейін қонақтар есеп ашты да кетті. 38-минутта қақпашы алаңына кіреберістегі ортадан Кондогбияның ұрған добы алдындағы қорғаушыға тиіп, бағытын сәл өзгертті де, торға барып гүмп етті. Гол! Алаң иелер екінші таймның басында сосын жаппай алға ұмтылуға мәжбүр болды. Бір Жирудың өзі бірнеше рет дәл соққы жасай алмай, сан соқты. Осылай қорғаныс шебін ұмытып кеткен ағылшындар тағы да содан опық жеді. Бұл жолы құйындай құйғытқан қарсы шабуылдың шырғасында Мартиаль мен Бербатов қарсы қақпа алдына әдемі келді. Бұлардың біріншісі еікншісін шешуші соққыға жіберді, ал болгар форварды оны мүлт жіберген жоқ. Сөйтіп, 53-минутта есеп 2:0-ге жетті. Командалар осы есеппен ойынның соңына дейін барды. Негізгі уақытқа қосылған бірінші минутта ақыры ағылшындар Чемберленнің голы арқылы есепті қысқартты. Бірақ арада 3 минут өткенде қонақтар тағы да есеп айырымын екі допқа жеткізді (Карраско). Ал келесі кездесуде Чалханоглудың 57-минутта соққан жалғыз добы немістерге жеңіс әперді. Дамир Қожамқұл. Дерек, сурет: Football.ua.