Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Электрмен жабдықтау жүйесінде 17 кешенді трансформаторлық қосалқы станса (КТП), 6 таратқыш желі (фидерлер) бар. Осының барлығының электр жүйесі, бір сөзбен айтқанда, иесіз тұр. Қағаз жүзіндегі иесі – Ұлытау аудандық коммуналдық-шаруашылық кәсіпорны. Бірақ олар нарықтық жағдайына байланысты банкроттық мекеме деп танылған. Себебі, ешқандай пайда көрмейді. Алған электр тоғына өзі қарыз болып отырады, шығынын жаба алмайды. Жезді кентінде электр желілері кеңес кезеңінде салынған, барлығы ескі, сымдары тозған. Инфрақұрылым жиі сыр береді. Электр жүйесіне есепте жоқ нысандар қосылған. Кенттегі жұмыссыздық, басқа да себептермен көшіп кеткен тұрғындардың үйі әлі электр желісіне қосылып тұр. Қоныс аударғанын тұрғын ескертсе де, кентте электр тогын ажыратып, мөрлеп қоятын электрик жоқ. Амал жоқ, ауыл әкімі бас болып, осы мәселемен әлі алысып келеді.
Көптеген трансформатор мен желілер өз мерзімін әлдеқашан өтеген. Бұл апаттардың жиілеуіне әкеледі. Арагідік жөндеу жұмысына аудан әкімдігінен мардымсыз қаражат бөлінеді. Бұл ақша құмға су құйғандай, бір жерін бүтіндеп жатса, екінші жағы құлап жатады. Уақытша жөндеу жүргізілгенімен, түбегейлі жаңартуды қажет етеді.
Коммуналдық шаруашылықтың жағдайы мүшкіл, оны Ұлытау ауданының әкімі біліп отыр. Аудан басшысы өзінің құзыретінің шегіне дейін бұл мәселені көтерді. Енді оған көмекке облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы келуі керек. Жезді кентінің әкімі Мұратбек Жұмабек қол қусырып қарап отырған жоқ. Жақында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Алмас Жандарбековке жолығып, «Электр жарығы мәселесі қашан шешіледі?» деген сауалына «Алаңдамаңыз, «Жезқазған энергия тарату компаниясын» (ЖРЭК) сотқа беріп жатырмыз» деген қысқа жауап алыпты.
Кент әкімі сөз арасында: «Соңғы рет Жездіде жарық қашан сөнді деген сұрағыңызға жауап берейін – күні кеше ғана. Неге сөнеді десеңіз, электр жүйесіне түсетін жүктеме көп. Тозығы жеткен трансформаторлар жиі істен шығады. Халықтың тұрмыстық техникалары күйіп кетеді. Алысқа бармай-ақ, осы отырғанда үйдегі мұздатқышымыз істен шығып, Сәтбаев қаласына жөндеуге бердік. Кентте зейнеткерлер, қарапайым жұмыскерлер тұрады. Көлік жүргізушім 120 мың теңге айлық алады. Қысқа тұйықталу болғанда тұрмысқа қажетті қымбат дүниесі жанып кетеді. Қаржысын қалай жеткізеді?» деп қынжылыс білдірді.
Мұратбек Досымбекұлы бұл мәселені әкім болып сайланған 2021 жылдан бері көтеріп келеді. Өзі осы топырақта туып-өсті, жоғары білім алды. Халық 2025 жылы кент әкімі лауазымына қайта сайлады. Әкім бұл мәселені республикалық деңгейдегі БАҚ-та көтерген екен. Содан бері де бес жыл өтті, өзгерген ештеңе жоқ, «Баяғы жартас, бір жартас...»
Былтырғы 28 қарашада Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен ауылдық округтер әкімдерінің форумы өтті. Форум барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық аумақтарды дамыту және ауыл әкімдері институтын одан әрі жетілдіру жөніндегі міндеттерді айқындап, баяндама жасады. Осы ашық формадағы диалог-платформада Мұратбек Жұмабек Жезді кентіндегі электр желілерін жөндеу, жарықтандыру мәселесін көтерді. Осы салаға қатысты министрліктегі мамандар жалпылама, сырғытпа жауап, уәде беріп, шығарып салды.
Электр мәселесі әлі шешімін табар емес. Әкім қазір екі адамға күзетшінің жалақысын төлеп, электрик етіп ұстап отыр. Күзетші қалай электрик болуы керек деген заңды сұрақ туады. Екеуі – екі саланың маманы. Негізі, мұндай мамандардың жалақысы 250 мың теңгеден басталады. Жұмысы қауіпті, соған қарамастан олар күзетшінің бар болғаны 85 мың теңгесін қанағат тұтып отыр. Себебі олардың мекемесі банкрот, маман ұстай алмайды. Әкім электриктерге «Жездіде күн демей, түн демей жарық болуы керек» деп талап қояды. Ал ескірген желілер, тозығы жеткен сымдар, қисайған бағаналар тұрғанда Жездіде жарықтың үздіксіз, қалыпты жарқырап тұруы тіпті де мүмкін емес.
«Әлі күнге дейін қосалқы стансаға жөндеу жұмысы жүргізілген жоқ, трансформаторлар сынған, апатты жағдайда. Қазір техниканың дамыған заманы. Кенттегі электр желілерін толық жаңарту, заманауи трансформаторлар орнатып, энергияны үнемдеу технологияларын енгізу қажет. Сонымен қатар жергілікті билік пен энергиямен қамту мекемелері бірлесе жұмыс істеуі керек», дейді байырғы электрик, зейнеткер Нұриден
Саринов.
Шындап кіріссе, шешілмейтін түйін жоқ. Айталық, Ұлытау облысындағы Жаңаарқа ауданы республикалық «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржы бөлгізіп, электр мәселесін оңтайлы шешіп алды. Сол тұрғыда Жезді кентіне де осы бағдарлама аясында қаржы бөлініп, қолдап жіберсе, қалың көпшіліктің алғысына бөленер еді.
Ұлытау облысы