13 Шілде, 2010

ҰЙЫМ САММИТІН ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ ҚАРАР ҚАБЫЛДАНДЫ

502 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жуырда Ослода аяқталған ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блея­сының жыл сайынғы сессиясында 2010 жылы ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы қарар қабылданды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі. Қазақстан Парламенті делега­ция­сының бастамасымен Сам­митті шақыру қажеттігі тұр­ғысындағы қарарға енгізілетін түзетулерді қызу талқылаулардың нәтижелері бой­ынша, сенатор Қуаныш Сұлта­нов­тың қарардың жеке параграфын төмендегідей редакцияда жазуға қатысты ұсынысы көп дауыспен қолдауға ие болды: “Парламенттік Ассамблея Ұйым­ға қатысушы мемлекеттерді 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемі бойынша Еуропа мен Еур­азияда қауіпсіздік пен ынтымақ­тастықты нығайтуға нақты үлес қосып, ХХІ ғасырда еуропалық және еуразиялық қауіпсіздік сала­сында Ұйымның рөлін арттыруға мүмкіндік беретін ЕҚЫҰ Саммитін өткізуге шақырады”. Сонымен қатар, Ассамблея биыл­ғы мамыр айында Алматыда болған Трансазиялық парламенттік форум барысында айтылған ұсы­ным­дарды ескере отырып, Қырғыз­стандағы жағдай мен Ауғанстан­да­ғы ахуалға қатысты қарарларды қабылдады. Парламентшілер Ұйымды БҰҰ, Еуропалық Одақ және Еуропа Ке­ңесімен Қырғызстанда тұрақты­лық­ты орнату жолындағы қадамдар бойынша тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға шақырды. Пленарлық отырыстар мен “Ядролық қауіпсіздік”, “Ауған­стан­дағы заңсыз эмиграциямен, есірткі заттарын өндіру мен оның айна­лымымен, терроризммен күрес”, “ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблея­сы­ның рөлін, тиімділігін және ық­палдылығын арттыру” қарарларын талқылаулар барысында Қ.Сұл­та­нов, Ә.Жолшыбеков, Ә.Ахметов, С.Бычкова, Б.Досманбетов, Т.Қос­мам­бетов, Е.Әпсәлямов сөз сөйледі. Норвегия мен Финляндия депу­таттарының бастамасы бойынша жеке кездесу өткізіліп, онда Орталық Азияға қатысты мәселелер талқыланды. Оған Қазақстанның, Қырғызстанның, Тәжікстанның, Әзірбайжанның, Нидерланды мен Германияның парламенттік делегациялары қатысты.