Қолымыздағы деректер бойынша облыста мүлікті жария ету белсенді сипат ала түсуде. Мәселен, биылғы 11 наурызға дейін жергілікті мемлекеттік комиссияның қарауына 519 өтініш келіп түскен. Оның 332-і тұрғын үй және 615-і тұрғын үйге жатпайтын нысандар болса, соңғысының 234-і коммерциялық ғимараттарды қамтиды. Аталған жылжымайтын мүліктердің жалпы құны 4,8 миллиард теңгені құрайды.
Қазіргі күні 235 өтініш қанағаттандырылып, 1,9 миллиард теңгенің 555 нысаны жария етілді. Тұрғындар өтінішін аймақтарға бөліп қарастырсақ, Целиноград (170) және Бурабай (79) аудандарында, сондай-ақ, облыс орталығы Көкшетау қаласында (147) белсенділік жоғары екендігін байқауға болады. Облыс тұрғындарынан Қазақстаннан тыс жерлердегі жылжымайтын мүліктер мен ақшалай қаражатын жария ету ету жөнінде өтініш тіркелмеген.
Өңірде мүлікті жария ету фактісі соңғы уақытта екпін ала түскен. Мәселен, науқан басталған алғашқы төрт айда 300 өтініш қабылданса, соңғы екі айда, яғни 13 қаңтар мен 11 наурыз аралығында оның саны 200-ден асып отыр. Мемлекеттік кіріс жөніндегі облыстық департаменттің өндірістік емес төлемдер бөлімінің басшысы Гүлнара Балабаеваның айтуынша, капиталды жария ету қарқынының артуын қолға алынған акция шарттарының тиімділігі мен кешірім шараларының қолайлылығымен байланыстыруға болады.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.