ӨСКЕМЕН. 26 ақпан. Абай Құнанбайұлының 170 жылдығы қарсаңында Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Бауыржан Ердембековтың бестомдық ғылыми еңбегінің тұсаукесері өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Ғалымның көп жылғы қажырлы зерттеу еңбегінің ішінде 10 жыл бойы зерттеліп, 2008 жылы басылған «Абайдың әдеби ортасы» монографиясының араб қарпіндегі нұсқасы бар. Бұл еңбек өткен жылы жарық көріп, қыркүйек айында Қытайдың Бейжің қаласындағы Орталық ұлттық университетте таныстырылған болатын. Мұндағы автордың мақсаты – Қытай, Түркия, Моңғолияда тұратын қандастарымыздың абайтануға байланысты ғылыми қызығушылықтарын ояту.
Келесі жылы Абайдың көрнекті шәкірттерінің бірі, қазақ әдебиеті тарихының өзіндік бір биігі – Әріп Тәңірбергенұлының туғанына 160 жыл толады. Осы орайда Б.Ердембеков «Әріп ақын», «Алаштың ақиығы – Әріп қыран», «Бұл өлең шыққан екен бірталайдан...» және автор құрастырған «Әріп Тәңірбергенұлының «Шығармалары» кітаптарын оқырман қауымға ұсынды. Қазіргі таңда Әріп ақынның әдеби мұрасы жаңаша пайымдаулар тұрғысынан жан-жақты, терең зерттеуді қажет етеді. Ғалымның Әріп ақын мен оның шығармашылығына арнаған ғылыми еңбектері осы олқылықтың орнын толтырып отыр.
Б.Ердембеков – 200-ге тарта ғылыми баяндамалар мен ғылыми-танымдық мақалалар, сонымен қатар, 2 монография, 1 оқулық, 6 оқу құралы, 2 оқу-әдістемелік нұсқаудың авторы.
Жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Нұрғалиев, «Шығыс-ақпарат» ЖШС директоры Нұржан Қуантайұлы, филология ғылымдарының докторы Айжан Картаева және жазушы-журналист Айтмұхамед Қасымов автордың іргелі ізденісі жөніндегі тұщымды ой-пікірлерімен бөлісті. Сонымен бірге, филология ғылымдарының докторы Б.Ердембеков өзінің көп жылғы ғылыми еңбегі жөнінде кеңінен әңгімелеп, оқырмандардың сауалына жауап берді.
Думан Анаш.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: ШҚО Ақпараттық орталығы.