15 Тамыз, 2015

Түйсік төрелігі

938 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

122 (19)

Әлем әдебиетінде де, қазақ әдебиетінде де, оның ішінде ауыз әдебиетінің алуан мұраларында аң мен құсқа, жан-жануарларға тіл бітіру үрдісі мол-ақ. Қиял-ғажайып ертегілерден бастап, фантастикалық шығармаларға дейінгі аралықта оның небір түрі кездеседі. Әсіресе, ер қанаты – тұяғымен тарих жазған тұлпарларға қатысты арман-аңсардың айшықты астарына айналған ағынан жарылу аз емес. Бірақ, айналып келгенде, оның бәрі жанды тіршілік иелеріне келіп тірелетін. Ал, ақын Мұқағали Мақатаевтың феномені сол – ол өсімдіктер дүниесінің өкілі – қайыңмен тіл табысуға тырысқан тұңғыш қазақ ақыны. Жас қайыңға жан жүрегін жайып салуға ұзақ мерзімді әлі тыңғылықты дайындықпен келген ақын оған дейін де талай толғанып, талай түрлі түйсікті безбендеген. Сол тоқтамға келуге түрткі болған, тырналар тізбегіне тели айтқан «Және қайтып барасыңдар, тырналар, ұзатып сап, уайымдап қыр қалар, арттарыңда жылап жатыр жылғалар...» деп келетін дегбірсіз жолдардан бастап, «Көк қарағай көп баладай күбір-күбір кеңесті... бір жүректен, дір-дір еткен жасыл талдар, жас талдар», «... Жас терек, жалғыз терек жапандағы, жайқал, өс, киелі ағаш атан-дағы», «Сырғасынан айырылған ақ қайыңның басына бар ғаламның түсті мұңы», «Жақын өсіп жас шыбық бала талға, оянатын екеуі ала таңда», «Қадалған мәңгі бұтақпын, сен деген алып мың жүрегі бар терекке», «Сол күні раушанның өзін емес, иісін сыйлағансың қайтарымда», «Көңілімнің сыбырлап көк құрағы, аққуы ұшқан ақ айдын көп тұнады», деп жалғаса беретін, бірімен бірі алмаса беретін сәйгүлік сөздер «Өмір сүрейік алмасып» өлеңіндегі жас қайыңға қайырылудың алғышарттары деп білген жөн. Немесе: Мен деп ойла самал боп есіп өткен, Мен деп ойла нөсерді есі кеткен. Мен деп ойла өзіңді әр түн сайын, Төсегін сағынышқа бесік еткен... – дейтін жыр не деп тұр?! Сондай-ақ: ... Басымды ием тауларға, Басымды ием орманға, Бұлардан ыстық жан бар ма?.. – дегенде де тау мен орманға жан бітіріп тұрған жоқ па? Ақыр аяғында: Бірі ұнатып, Біреуі жек көреді, Мен қойғам адамдарға өкпелеуді... – деп, жұрттан күдерін үзіп, табиғат тылсымына айналуға өзі де шақ қалып тұр еді ғой... Бір сөзбен айтқанда, Мұқағали ақын оған дейін тізбектелген керуендегі тырна да, сардалада сайрандаған сағым да, құйын да, көк төсінде көшкен бұлт та, жаңбырды найзалаған жасын да, мың жапырақты терекке біткен бұтақ та болғысы келді... Жапырақ-жүрек, жас қайың! Жанымды айырбастайын. Сен адам бола бастасаң, Мен қайың бола бастайын, Келісесің бе, жас қайың? Жапырақты жүрекке теңеген, нақтысы салыстырып, ұқсастық іздеген жыр жеткілікті. Әйтсе де, жоғарыда айтқанымыздай, ақынның бұл туындысына тыңғылықты әзірлікпен келіп, тастүйін бекінгеннен кейін ғана жазғаны осы өлеңнің алғашқы жолынан-ақ айқын аңғарылып тұрған жоқ па? Екі шумағының бірінде төрт, бес, тіпті алты-жеті жолдық ұйқасты төпелеп отыратын Мұқағали Мақатаев бұл жерде «жас» деген сөзді ұйқас үшін алған деген адам қатты қателеседі. Сондай-ақ, жастыққа жалын мен жігер, арман мен ұмтылыс тән, сезімнің селі де көбіне - көп жастық шаққа жарасымды деу де жеткіліксіз. Әңгіме, ең бастысы, жас қайың жанының еш жамандықпен былғанып-ластанбағанында! Сезіксіз сенетін сәби пейілділігінде! Бойына тек жақсылықты ғана сіңіруге құштар қасиеттілігінде! Ал, енді алыстан тербеп, анығына көз жеткізгіміз келсе, «Жас қайың» деген жырына жүгінуімізге болады. Жаңадан шыққан жас қайың, Қорексіз шөлдеп налып тұр. Күтпесе егер жастайын, Өсуден енді қалып тұр.

Жасайын қорған гүліңе, Жаңарып өскін, жас қайың. Су жіберіп түбіңе Тіршілікке бастайын. Бас-аяғы осы. Оны ақын 1950 жылы, Қарасаздың қапталындағы Шибұт ауылында жүргенде, он тоғыз жасында жазған. Кім біледі, қайың өміріне деген қызығушылық сол тұстың өзінде-ақ бой көтерген болар? (Көрінер, мүмкін, кімге ерсі) Өміріңді маған бір берші! Дүрбелең мына дүниені, Адам көзімен бір көрші.

Қайың боп мен де бағайын, Орманнан орным табайын. Беймәлім маған өмірге, Қайың көзімен қарайын.

122 (39)

Адам өмірінің қиындығы сияқты, пенде жанының қолат-қалтарысы да көп. Көпшілігіміздің бай болғымыз келеді, билік құруға құштарларымыз да аз емес. Ал, қайың болғысы келіп, жанталасып жүрген жанды жалпы көргеніңіз бар ма? Әрине, көрген жоқсыз. Аңғарымпаз ақын ондайды естудің өзі біреулерге ерсі көрінуі мүкін екенін де назарынан тыс қалдырмайды. Сонысымен-ақ, оқып отырған қайсыбіреулердің көңіл-күйін де қалт жібермейді. «Көрінер, мүмкін, кімге ерсі» деген жолды жақшаға алып тұрып, айшықтап көрсетіп отыр. Әйтсе де, пенде баласы түгілі, бозбала қайыңға ақылсудан аулақ. Өзі өмір сүріп жатқан жатбауыр дүниенің қым-қуыт қиындығы мен қайырсыз қатыгездігін, түсініле бермейтін тірліктің тақуа тауқыметін, табиғи қолайсыздықтардан басқа, адамдардың ашкөздігінен небір жасанды ауыртпалықтардың туындап, саналы деген ғұмырдың өзін күн өткен сайын қиындатып жатқанын тәптіштемейді де. Қайыңды бір мазаласа, мазалауы мүмкін дауылдай ғып, «дүрбелең» деген жалғыз ауыз сөзбен тәмәмдайды. Осы жерде бір нақтылай кететін жағдай, ақжүрек ақын бүгінгі базар ұғымындағы айырбасты айтып, санасындағы сәулені саудаға салып отырған жоқ. Қайың болып кетуден пайда да іздемейді, «сәби болғым келеді» дегені сияқты игі ізгілікті көздейді. «Өміріңді маған бір берші!» деген сөйлемнің леп белгімен бітуін бұйрық райлы басқыншылықтың белгісіне балау да бекершілік. Оны, әсілі өзегін жарған өтініші деп ұққан абзал. Дей тұрғанмен де, ақынның ақ құс арманы да былайғы жұрт байқай бермейтін, жас қайыңның арманындай шығар да?!. Оны түйсінсек те түсінбеуіміз бек мүмкін ғой? Ақын оқырманның бұл алаң көңілін де аңғарып қойғандай. Ойының тамырын тереңдете түседі. Сен-дағы жерден нәр алдың, Мен-дағы жерден нәр алдым. Біреуден сен де жаралдың, Біреуден мен де жаралдым... – деу­мен толыққанды шумақты тоқтатуға да болар еді. Алайда, ақиық ақын олай етпейді. Соңынан: ... Тілің жоқ, жанды қайың сен, Айырмашылығым – Адаммын, деп келетін екі жолды қосып, ойын орнықтыра түседі. Ендігі ойдың бір парасы «Адаммын» деген сөздің бас әріппен басталып жазылуы тұрғысында. Бүгінде оған көпшілік көңіл де бөле бермес, өйткені, ағылшын тіліне еліктеу дейтін дерт дендеп барады. Содан да қазір әр екі сөздің бірі бас әріппен жазылып жүр. Мұқаң бұл жырын жазған тұста ақындар ғана көңілінің күйі мен сезімінің селіне қарай, қазақ тілінің грамматикалық ережелерінде бас әріппен жазылады деп атап көрсетілген сөздерден басқа, бірер сөзді жоғары пафоспен жеткізу үшін осы тәсілге жүгінетін. Ол рухты көтеру мен қайғыны жеңілдетуге дейінгі аралықтағы ауқымды міндетті атқаратын. Ондай әсерлі әдісті Мұқағали да мейілінше қолданған. Мұзбалақ ақынның грамматикалық лексикасында сондай алты-ақ сөз бар. Олар: Адам – Ана – Болашақ – Махаббат – Муза – Тыныштық. Ақын санасына сәуле сепкен санаулы сөз – осылар. Бірақ олар хақындағы әңгіме басқа тақырыптың арқауы. Ендеше, бізді осы ойларға жетелеген «Адам» деген сөздің қыр-сырына қайта оралайық. Көкірек көзі ояу, көрген-түйгені көп ақын «Сен тілің жоқ қайыңсың» дегенді табиғат еркесін кемсітіп, ал: «Менің бас­ты айырмашылығым – Адаммын», деу арқылы өз артықшылығын дәріптеуден де аулақ. Арғысы – кейінгі тарихтың Адамата мен Хауаананың Жұмақ бағынан қуылып, күнәһар жерге түсуінен басталатынын, бергісі – Мұқағали Мақатаевтың атеизм идеологиясының дерті дендеген құдайсыз қоғамның қапасында жүргеннің өзінде Аллатағаланың пенде-құлын Өзіне ұқсас етіп жаратып, жаһандағы тіршілікке иелік етуге жұмсағанын жұқалап жеткізу. Екінші жағынан, Мұқаң – өте көп оқыған, ал оқығанын көңіліне мейілінше мол тоқыған ақын. Ендеше, оның Америка мен Еуропа құрлығында қолданылатын «мән - мен», Еуразиядағы – «человек», Қиыр Шығыстағы – «сан (мырза)» түсініктерін түркі тілдес халықтардың ғана шыққан тегімен шендестіріп, «Адам» деген атаумен алатынын айқын аңғарған. Аңғарған соң, жұртының тілдік танымы мен талғамына тәнті болмады дейсіз бе?! Демек, бас әріптен басталып жазылған «Адаммын!» сөзінің астарында осындай асқақ та арда ақжарылқап пейілдің жатпасына кім кепіл?! Одан әрі жыр жолдарына тоқталайық. Мендегі бары бір жүрек, Беріпті жүрек саған мың... Қай қайыңның бойында қанша жапырақ барын кім санаған дейсіз, бұл енді, қарапайым айтқанда, сөздің салты. Адам мен ағаш арасындағы айырмашылықтың бір ғана айшығы. «Сан мыңдаған», «мыңдап жылқы айдаған», «мың қолды басқарған» деген секілді жаттанды демегенмен, жатық болып кеткен тіркес. Сондықтан ұзақ жасайсың, Құрдасы келер заманның. Мұнда да зерделі жанды омбылататын ой орамы жоқ емес. Биология ғылымының зерттеулерге негізделген пікірі бойынша қайың да басқа өзі тектес, жалпақ жапырақты ағаштар сияқты, шамамен жүз жыл жасайды деп есептеледі. Сонда ақын жайдақ шауып, жадағай жазып отыр ма? Жоқ! Оның да жауабы жалғаса берілген. Бар - жоғы менде бір жүрек, Ол өлсе, мәңгі кеткенім. Сендегі семсе мың жүрек, Келгенде жасыл көктемің, Тірілер қайта дүркіреп. Әңгіме, ең әуелі, қанша қуатты, қаншама қажыр-қайратты, рухы асқақ, тәні төзімді дегенмен, адам жанының, әсіресе ақын-жүректің нәзіктігінің тұрғысынан айтылды дегеннің өзінде, табиғаттың төл перзенттері бола тұра, о баста әртүрлі ғып жаратқан соң, айырмашылықтан ада болмайтындықты меңзейді. Бірақ, одан қайсыбіреуіне кінәрат іздеп, жаратылысқа қарсылық білдіруден әсте аулақ. Керісінше, ұқсастық тапқысы келе береді. Пайғамбарлар хадистеріне енген тәмсілдердің бірінде былай делінеді: Лұқпан хәкімнен құдіретті Құдайдың құлдарының бірі: «Қанша жасадыңыз?» деп сұрайды. Сонда Лұқпан: «Мың жасадым» деп жауап қайтарады. Соңыра, жаңағы пәруардігердің сенбей не түсінбей отырғанын сезіп: «Мен әр сәулелі сәттерді, жан жадыратар жақсы отырыстарды, сауапты сұхбатты бір жылға санадым», дегенді қосыпты дейді. Сол айтпақшы, Мұқаң да қайыңның әр көктемдегі қайта көктеуін бір ғұмырға бағалап отыр емес пе? Екінші жағынан, ақын жанын адамзат баласының болмысын күс басып бара жатуы алаңдатады. Сананы жайлаған ашкөздік пен айналасына деген өгей өктем­дік өкіндіреді. Қалың ормандағы немесе қия беттегі қай қайыңның қашан қиыл­ғаны түгілі, көршісінің көзіндегі жасты көруге жатсынып кеткен кісілік келбеті­нің кері шегінуі күйдіреді. Сондықтан да жас қайыңның мыңдаған жүрегіне ба- ­ла­ша қызығады. Сондықтан да жырым-жырым жалғыз жүрегін жылатады. Жоғарыда біз әр ақынның өзіндік өрнегі, қолтаңбасы болады, сол арқылы жеке шумақ, тіпті жеке-дара жыр жолдары арқылы ақынды айнытпай танып жатамыз деген ойды жұқалап жеткізгенбіз. Ендігі сөздің бір парасын ақынның жыр жазу мәнеріне арнағанды жөн көріп отырмыз. Көзі қарақты қазақ оқырманы Абайдың «Сегіз аяғы» сияқты соны пошымды поэзия үлгісін, Сәкен Сейфуллиннің ертеректегі «тарс-тұрс, сарт-сұрт» деген екпінді еңбектерін, Әсет Найманбаевтың синонимдер тоғысынан құрылатын маржан мақамдарын жақсы біледі. Әрі қарай да кез келген ақынның өзіне ғана тән өрнегін таба беруге болады. Міне, бұл тұрғыдан алғанда да Мұқағали жаңашылдығы жоқ емес. Әрине, Мұқаң қазақтың қасиетті қара өлеңін (он бір буынды) қастерлегенімен пішіні, көлемі, нысаны, ауқымы, ұйқасы тұрғысынан алғанда алуан түрлі әдіс-тәсілді кеңінен пайдаланып, молынан қолданғанын да аңғару керек. Әйтсе де, мұзбалақ ақын М.Мақатевтың жыр жазудағы бас­ты ерекшелігі – көбіне көп алғашқы шумақтардың бірін соңғы шумақтардың бірі ретінде қайталайтындығында. Әрі ол – қарабайыр көшіре салу емес, ойын орнықтырып, әсерін үстемелеп және де тақырып мазмұнын толықтыра қайталау. Ақын ағамыз біз талдау объектісі ретінде алып отырған «Өмір сүрейік алмасып» деп аталған жырында да осынау тамаша тәсілді ұтымды ұсынады. Жапырақ-жүрек, жас қайың! Жанымызды айырбастайық? Адам боп жүрсең қасқайып, Қайың боп тұрам қасқайып, Тәуекел, айырбастайық! Бір қарағанда, алғашқы шумақтағы «бастайын» деген сөзді «қасқайып» сөзінің алмастырғаны болмаса, бәлендей айырмашылық жоқ та сияқты. Міне, мәселе де сонда. Оқырманды ойына ортақтастырып, жетелеп отыратын жыр жасампаздығы деген осы! Адам қайыңға, ал қайың адамға айналып кетіп тіршілік етсе, ондай өмірдің нәтижесі қандай болмақ? Оның жауабы осындағы соңғы төрт жолда жайып салынған. Өмірге өмір жалғасып, Анамыз жерге жармасып, Бірде адам, Бірде қайың боп, Сүрейік өмір алмасып... Онсыз да санаңа сіңісті жыр жолдарын қара сөзбен қайта түсіндірудің қажеті жоқ. Ортақ Жер-Анамызды тел еміп, қазақтың «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманына» талпынайық... Алайда, ақын-жүрек ондай айыр­бастың болмайтынын да біледі. Сөз соңына қойылатын бір нүктеге оқырманның да қанағат қылмайтынын жақсы сезінеді. Өрелі өлеңнің «Жырды оқып болғанша, оның санадағы әсері сейілгенше ертегілер еліне енгізгеніме риза болыңыздар» дегендей көп нүктемен аяқтауы соны айқын аңғартқандай. Мұқаң бұл өлеңін 1974 жылғы 20 желтоқсан күні жазған. Ал, осыдан небәрі екі-ақ күн кейін, яғни сол жылғы 22 желтоқсанда жазған «Өкінбеймін» деп аталатын жырында былай дейді. Өшем деп өкінбеймін, жыламаймын, Жыласам да жұбат деп сұрамаймын. Қыранның құдіретін қимасаңдар, Қайтейін, тағдырын бер құралайдың. ...Өшем деп өкінбеймін, қайғыр­маймын, Өткен өшті. Енді оған қайрылмаймын. Қыран да, Құралай да болмақ емен, Атымнан адам қойған айрылмаймын. Демек, Мұқаңның басы бүтін қайыңға айналып кету ойы жоқ. Олай болуының мүлде мүмкін емес екенін де жақсы біледі. Мәселе, әйтеуір басқа бір тіршілік түріне айналып, өзгенің өмірін сүріп көруге де емес (жүрегін алмастыруға ат-тонын ала қарсы болғаны қане?!), «Қайтсе адам қалады адам болып?!» дегенге саятын салбөксе болған сұраққа жауап іздеуге тіреледі ғой... Қорыта айтқанда, бұл – қоғамынан қамқорлық, ортасынан опа іздеп шарқ ұрған, заманы мен замандастарының мейіріміне зәруліктен жүндей түтілген дариға - жүректің қан жылай шырқалған аққу әні.

Қадыр ӘЛІМҚҰЛОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

АСТАНА.