15 Тамыз, 2015

Жойқын жарылыстар жарқылы Қытайды дүр сілкіндірді

532 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

122 (7)

Шығыстағы алып көршіміз жерінде соңғы екі күннің ішінде үш бірдей үлкен жарылыс болды. Бұлардың алғашқы екеуі Қытайдың солтүстік-шығысындағы Тяньцзинь қаласын шарпыса, соңғысы шығысындағы Дунгуань шаһарын қаузады. Әлбетте, бұлардың әкелген құрбандығы саны жағынан әдепкілерін кейінгісімен салыстыруға да келмейді, бірақ апаттық салдары тұрғысынан қайсысының залалы көп болмағын әлі егжей-тегжейлі есептеп көру керек. Қазақта: «Сақтансаң – сақтаймын», деген мағынасы терең ұлағатты сөз бар. Бүгінде халқының саны бойынша жер бетіндегі ең үлкен мемлекеттің ел-жұртын ебіл-себіл еткен мына оқыс оқиғалар тап осы сақтықтың бір сәт қалғып кеткенінен болып жатқаны еш күмән тудырмайды. Осының өзі біздің бәрімізге қазіргі аласапыранға толы алмағайып заманда не нәрсеге болса да барынша мұқият қарау қажет екенін үйрететін сияқты. Атам қазақ мұндайда: «Жау жоқ деме, жар астында», деп те ескертіп кетіп еді...

Қытай астанасының түстік-шығыс бетінде 150 шақырым ғана қашықтықта орналасқан Тяньцзинь атты портты қаладағы бірінші жарылыс 12 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат түнгі 23:30 шамасында орын алды. Онда қаланың Бинхай атты ауданында қоныс тепкен «Жуйхай» логистикалық компаниясының қоймасы бірқатар аумағының күлі көкке көтерілді. Жарылыстың серпіліп ұрған толқынынан сол маңайда орналасқан бірқатар үйлердің терезелері сыртқа қарай ұшып-ұшып түсті. Бірден лап етіп жанған өрт басталып кетті. Арада 30 секундтай уақыт өткенде, екінші жарылыстың дүмпуі ұрды. Көргендердің айтуларынша, мұның толқынынан енді радиусы 2 шақырымды қамтитын аумақтағы бірнеше ғимарат құлап қалған, көптеген үйлердің терезелері ұшып кеткен, мыңнан астам автомобиль жарамсыз жағдайға жеткен.

Мамандар қазір алғашқы жарылыс күшінің эквивалентін 3 тоннаға, екіншісін 21 тонна тротилге бағалап отыр. Сол сияқты осы екі жарылыстан 50-ге жуық адамның қаза тапқаны да белгілі болды. Олардың арасында 12 өрт сөндіруші бар. Бұдан бөлек, зардап шеккен 700-ден аса адам әртүрлі дене жарақатымен ауруханаларға жатқызылған. Бұлардың ішінде тағы 71 адамның жағдайы өте ауыр саналып отыр. Дегенмен, емдеу орындарына жеткізілушілер саны мұнымен тоқтап тұрған жоқ. Құтқарушылар қираған үйінділер арасынан суырып алып шыққан кісілерді жедел жәрдем көліктері әлі де әкелуде. Кеше олар осылайша топырақ арасынан тірі қалған 32 адамның шығарылып алынғанын мәлімдеді. Шұғыл қызмет мамандары мұндайлардың қатары алда да көбейе түсулері мүмкін екенін айтады. Жалпы, апаттың аумағынан 60 адам алып шығарылса, тағы 400 адам өрттің қауіпті аймағынан көшірілген. Бұған қоса, осы маңдағы үйлерде тұратын 3,5 мың адам сол төңіректегі мектептерге апарып жайғастырылған. Қазір апат болған аумақта жылжымалы қан тапсыру бекеттері ұйым­дастырылып, зардап шеккендерге жәрдем берудің бір шарасын қолға алған. Ал оқиға орнына мыңға жуық өрт сөндіруші мен 150 техника бірлігі келтірілген. Қытайдың Орталық телевидениесі хабарлағандай, бұл жұмыстарға, сондай-ақ, ішкі істер және әске­ри авиация жауынгерлері де тартылған. Мұның сыртында апат аумағында 217 әскери сарапшы радио­активті, биологиялық және химиялық зарарлық мөлшерін анықтау бағытында жұмыс жасап жатыр. Түннің жарымындағы жары­лыс­тардың күтпеген жерден және күшті болғандары сондай, сол маңдағы үй­лерде тұратын тұрғындардың көпшілігі бастапқыда жер сілкінісі орын алған екен, деп ойлап қалыпты. Осының салдарынан бірден жергілікті метро жабылып, өзінің жұмыс істеуін тоқтатқан. Бірақ порт жұмысын тоқтатқан жоқ. Жұртшылық сонымен қатар логистикалық компания қоймасында жарылыстың неден болғанынан бөлек, онда ненің жарылғанын да біле алмай әлі дал болып отыр. Ал жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарылыстың салдарынан қоймада күшті әсер етуші химиялық заттар жанған деген мәлімет тарағанына қарамастан, ресми мәлімдемеде бұл жердегі ауаның тыныс алуға залалды емес екенін алға тартатын айғақтар айтылуда. Билік Тяньцзиньдегі ауа мен судың ластану деңгейінің қалыпты нормаға сәйкес келетінін жеткізген. Әйткенмен, жұртшылықты әлі күнге дейін биліктің жарылыс себептерін ашып айтпай тұрғаны қатты алаңдатып отыр. Осы ретте «Жэньминь жибао» газеті жергілікті үкімет басшыларының өрт толық сөндіріліп бітіп, оның тұтану ошағын таппайынша, бұған нақты жауап қайтарудың мүмкін емес екенін мәлімдегенін жазады. «Тек сол кезде ғана оттың тұтануы мен жарылыстың себебі белгілі болады», – деп басылым олардың сөздерінен үзінді келтіреді. Бір болжам бойынша, қоймада жарылғыш заттар мен қару-жарақтар болған. Екінші болжам мұның жанар-жағармай екенін алға тартады. Ал The Gardian газетінің мәліметіне қарағанда, бұл қоймада өнеркәсіпте қолданылатын токсинді заттар – 700 тоннаға жуық цианид натрийі болғанға ұқсайды. Онда сондай-ақ, оқ-дәрі жасау үшін керекті компоненттердің бірі – калий селитрасы секілді тағы бірқатар химикаттар қоры сақталған сияқты. Осы орайда «Синьхуа» агенттігі «Жуйхай» компа­ниясы басшысының қазіргі күндері «ауруханада полицияның мұқият қадағалауы» сипатында жат­қанын жазады. Ал 12 тамыз күні күндіз Қытайда тағы бір оқыс оқиға орын алды. Ол жаңадан салынып жатқан мет­ро стансасының сол күйі жер астына түсіп кету көрінісі. Инцидент Гуандун провинциясындағы Дунгуань қаласында орын алған. Соның салдарынан бір адам қаза тапқан. Құрылғының қирай бастағанын әуесқойлар видеокамерасына түсіріп үлгеріпті. Видеоға қарап тұрып, оның алған ауқымын да байқауға болады. Хабарланғандай, осының алдында қазандықтың бір шеті құлап қалған. Сондықтан бейсенбі күні таң азаннан жұмысшылар оның шетін бекітумен айналысқан. Бірақ еңбек еш кеткен, құрылғы сол күйінде опырылып құлап, жұмысшылардың бірін өзімен бірге жер астына ала кеткен. Опырылған жердің аумағы 300 шаршы метрден асады. Мұның қатты болғаны соншалық, оның жанындағы көп қабатты үйлер де қоса кетіп қала жаздаған. Бұдан әрі бірқатар жер үйлерді сілкіндіріп жіберген. Бұл – соңғы үш жылда ұзындығы 4 шақырым болатын аумақтағы бесінші жарылыс. Бұған қоса, олардың күші жарылыс саны өскен сайын арта түскен. Міне, екі күннің ішінде Аспанасты елінде осындай оқиғалар орын алды.

Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».