14 Мамыр, 2015

Мәңгілік Елдің биік мұраттары

329 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Толысқандықтың жа­­һандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз бар­лық қазақстандықтар ара­сындағы сенімді нығай­­туға тиіспіз! Бір-бірі­мізге тағатты болуы­мыз керек. Бұлар – Қа­зақ­станның бола­шағына кілттер»

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауынан

23 сәуірде «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясы өтті. Сессияда Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассам­б­леясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның 20 жыл ішінде атқарған жұмыстарының қорытындысын шығарып, алдағы жаңа бағыттарды айқындады.

Мемлекет басшысы біздің ортақ жетістіктеріміз жайлы айта келіп, алдағы уақытта мемлекет пен қоғамды одан әрі дамытудың неғұрлым өзекті мәселелерін анықтап, нақты міндеттер жүктеді. Біріншіден, ұлттың заманауи әлемдегі мәдени арқауы айқындалды. Бұл ретте, көп этносты халықтың этностық, тілдік, діни және мәдени айырмашылықтары оны бөлудің емес, біріктірудің бастауы болуы керек. Қазақстанның мәдениеті ХХI ғасырдағы ең танымал мәдениеттердің қатарында және отыз «жоғары мәдениетті қоғамның» шоқ жұлдыздарының құрамында болуы қажет. Екіншіден, ортақ рухани-адамгершілік құндылықтар негізіндегі халықтың бірлігі қазақстандық ұлттық рухтың бастауы болып табылады. Біздерді ортақ үйіміз – Қазақстанға деген сүйіспеншілік, ежелгі жеріміздің тарихына және тілдерді дамытуға қатысты қоғамдық келісіміміз, мемлекетіміз бен оның азаматтарының бүгінгі күніміз бен еңселі ертеңімізге деген терең сенімі біріктіреді. Біздің Мәңгілік Отанымыз – Мәңгілік Елдің негізі, міне, осылар. Үшіншіден, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге, азаматтық қағидаттарында қазақстандық бірегейлікті нығайтуға, олардың санасында жалпыұлттық құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді, ар-намыс, ізгілік пен қайырымдылық нормаларын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұған білім беру мен тәрбие, мәдениет саласының, БАҚ-тың және этномәдени бірлестіктердің барлық мүмкіндіктері жұмылдырылады. Отбасы құндылықтары арқылы толе­ранттылыққа тәрбиелеуде Аналар кеңесіне ерекше міндет жүктеледі, олардың саны бүгінгі таңда 200-ден асты. Дана халқымыз «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп бекер айтпаған. Төртіншіден, мемлекет дегеніміз – ұлт, ал оның басты құндылығы – оның біре­гей мемлекеттік тілі. Мемлекеттік тілді білу – әр азаматтың парызы мен міндеті, бәсеке­лестіктің басты кепілі, қоғамдағы әлеумет­тік баспалдақ. Үш тілді меңгеру – жаһан­дық өмірге берілген жолдама, адамның табыс­тылық қағидаты. Сондықтан үш тілде білім беруді дамытудың жол картасы әзірленеді. Бесіншіден, транспарентті мемлекеттің қоғамдық бақылау жүйесінде халықтық, саясаттан тыс өкілдіктің ерекше тетігі ретіндегі Ассамблеяның ерекше рөлі айқындалды. Бүгінде бұл рөлді Қоғамдық келісімнің барлық деңгейдегі 1470 кеңесі орындайды, олар нақты өңір, қала, ауыл тұрғындарының, кәсіпорынның әлеуметтік көңіл-күйі үшін өзекті болып табылатын кез келген мәселемен айналысады. Осы жүйе бұдан әрі де жалғасын табуы тиіс. Алтыншыдан, ел Президенті ұлттық радикализмнің, этносаралық қатынастар мәселелерін саясаттандырудың барлық нысандарының жолы қатаң кесілетінін атап көрсетті. Мәселенің осылайша қойылуы өте өзекті, себебі, заманауи ғаламдық әлеуметтік шиеленістерде бұл құрамдастар аса қатерлі рөл атқарады. Жетіншіден, Ассамблеяның Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптестерімізбен мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды тереңдету бойынша жұмысын жүйелендіру. Бұл ретте мынаны ерекше атап өткіміз келеді – әңгіме Одаққа мүше мемлекеттермен екі жақты гуманитарлық және мәдени байланыстар туралы болып отыр, себебі, Еуразиялық экономикалық одақ – бұл бірыңғай экономикалық ұйым. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясы қазақстандық патриотизмнің, ұлттық бірліктің, біздің халқымыздың толеранттылығы мен ақжарқындығының озық үлгілерін көрсетіп қана қоймай, ел Президентінің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанат құруын және халықтың өз Елбасына деген шексіз сенімін де паш етті. Сондықтан, Мемлекет басшысы 1 нау­рызды (немесе басқа күнді) этностардың бір-біріне және ғасырлар бойы басқа этностардың барлығына жүрек мейірімін төгіп, оларды өз бауырындай қабылдап келе жатқан қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өтуді ұсынуы өте орынды. Бұл қазіргі күні басталып кеткен адами дәстүрді қолдау деп білеміз: Үштөбе мен Орал қалаларында қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары қазақ халқына, қазақ жеріне ризашылықтың белгісіндей етіп, ескерткіш орнатты. Әрине, бұл күн тарихты еске алу және барша қазақстандықтардың бір-біріне деген достығын, сүйіспеншілігін, мейірімділігі мен ізгілігін паш еткен мереке болуы тиіс. Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеттерін – Бес институттық реформаны, «Мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы» Ұлт Жоспарын іске асыру азаматтық қағидаттарға, құқықтар мен жауапкершіліктің бірлігіне, тең мүмкіндіктерге қолжетімділікке негізделген қазақстандық бірегейліктің одан әрі нығаюын талап етеді. Жалпыұлттық Мәңгілік Ел идеясы, атап айтқанда, оның шоғырландырушы құндылықтары – азаматтық теңдік, еңбек­сүйгіштік, адалдық, ғылым мен білімнің жоғары бағалануы, зайырлы мемлекет – толеранттылық мемлекеті – азаматтық сана-сезімнің іргелі негізі екені күмәнсіз. Көпэтносты және көпконфессиялы құрылымы бар мемлекеттің біртұтас мақ­сатқа жету жолында бірыңғай құнды­лық­тардың, Мәңгілік Ел ұлттық идеясының төңі­ре­гіне топтасқан, біртұтас азаматтық қоғам­дас­тықсыз нығаюы мүмкін емес. «Мәңгілік Ел» – Қазақстан мемле­кет­тілігінің терең тарихын көрсететін жалпы­ұлттық идея, бірлігіміздің таусылмас қуаты, барша қазақстандықтарды біріктіруші рухани күш, Тәуелсіздігіміздің сенімді тірегі! «Мәңгілік Ел» идеясы халықтық, терең патриоттық «Менің елім» түсінігімен ажырамас байланыста. Бұл категорияларда біздің халықтың, қоғамның, мемлекетіміздің өмірлік философиясы бекітілген. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының басты идеясы – «Менің елім – Мәңгілік Ел». Сондықтан да Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясы «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» күн тәртібімен өтті, ал 2015 жыл, ешбір асыра айтусыз, Қазақстан халқы үшін өзінің ауқымы жағынан біздің қоғам мен мемлекеттің одан әрі дамуының сипаты мен бағыты алдағы көп жылдарға айқындалып, жоспарлар жасалған тарихи жыл болды. Биылғы жылы Ассамблеяның алдында ата-бабаларымыздың асыл мұраты «Мәңгілік Ел» болу арманын жүзеге асыруға бағытталған Бес халықтық реформаның, «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттарын іске асыру міндеті тұр. Және біз бұл міндетті шешудеміз. Ассамблея жылы еліміз Қазақстан Республикасының 20 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтпек, ал Ұлы Жеңістің 70 жылдығы атап өтілді. Ассамблея жылы, оның 20 жылдық межесінде, мен ҚХА құрылып, қалыптасқан кезеңде атсалысқан азаматтарға, ең алдымен, Мырзатай Жолдасбеков, Сергей Терещенко, Оралбай Әбдікәрімов, Павел Атрушкевич, Мұрат Каримов, Олег Дымов, Лео Шик, Михаил Парипса, Александр Барон, Сұлтан Оздоев, Людмила Хочиева, Мусаниип Увайсов, Князь Мирзоев, Алек­сандр Дедерер, Юрий Бунаков, Гуль­нара Аннакулиеваларға шексіз алғысымды білдіргім келеді. Еліміздің әрбір азаматына, Қазақстанның шалғай аудандарындағы әр елді мекенге жету үшін, әр адам Ассамблеяның шарапатын, мемлекеттің әлеуметтік бағдары мен өз Отанының тағдырына ортақтастығын сезінуі үшін мерейтойлық жылда бірқатар ауқымды әлеуметтік акциялар іске асырылуда. «Менің Қазақстаным» пойызы» рес­пуб­ликалық акциясы көптің көңілінен шықты, 29 елді мекенде 4,5 мыңнан астам адамға әлеуметтік, медициналық көмек көрсетіліп, құқықтық кеңестер берілді. 50 мыңнан аса адамға медициналық көмек көрсетілді. Ғалым-шығыстанушы Шоқан Уәлихановтың туғанына 180 жыл, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 170 жыл толуына арналған іс-шаралар өткізілді. Ассамблея бірегей жоба – «ҚХА – 20 ізгі іс» республикалық акциясының аясында «Тайқазан – ізгі істер нышаны» эстафетасының бастамашысы болды. Акция аясында 35 мың адамға көмек көрсетілді, 2500 іс-шара өткізілді. Қарағанды облы­сында су тасқынынан зардап шеккен тұр­ғындарға 13 млн. 200 мың теңге қаражат аударылып, 100 тонна гуманитарлық көмек жіберілді. Тәуелсіздік тарихында Ассамблея әрқашанда тұрақтандырушы рөл атқарып, тарихтың өтпелі кезеңдерінде халықтың бірлігі мен келісімін сақтауды қамтамасыз етті. 1995 жылы Ассамблея жас тәуелсіз мемлекеттің өз жолын – қазақстандық жолды таңдауына: жаңа, қолданыстағы Ата Заңымызды қабылдауға және Мемлекет басшысының өкілеттігін созуға ықпал еткен бүкілхалықтық екі референдум өткізуге бастамашылық жасады. Ассамблеяның Президент сайлауын өткізу туралы биылғы жылғы бастамасы халықтың еркінің, оның тұрақтылыққа, ертеңгі күнге деген сенімін, әлеуметтік-экономикалық үдерістің сара жолынан таймай, тұрақты дамудың даңғыл жолына түсуге, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға ұмтылысын білдіретін нақты шара болды. Өткен сайлау Қазақстан халқының бірігуі мен шоғырлануының, барша азаматтардың өз тағдырын шешуге саналы ұмтылысының айқын көрінісі болды. Мұның айғағы – ел тарихында бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке қол жеткізу, сайлаушылардың 95 %-дан астамының дауыс беруге қатысуы. Қазақстан халқы болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезіне, халықтың және елдің биік мүддесін ескере отырып, өзінің азаматтық және патриоттық парызын орындау мақсатында өз таңдауын жасады. Бұл сайлау халық ішінен шыққан Көшбасшымыз, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің шүбәсіз жеңісінің салтанатын көрсетті. Қазақстандықтар 97,4%-ы Елбасы үшін, бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық үшін дауыс берді. Сайлаудың Мемлекет басшысы жариялаған Қазақстан халқы Ассам­блея­сының жылы, біз бейбітшілік пен келісім саясатының 20 жылдығын мерекелейтін жылы өтуінің маңызы зор. Өйткені, Ассамблеяның негізгі миссиясы мен міндеті – Қазақстан халқын біртұтас ету ойдағыдай іске асырылды. Бүгінгі таңда Ассамблея – тұрақтылықтың сенімді факторы, қоғамдық келісімнің берік іргетасы, тұрақты дамудың кепілі. Ассамблея еліміздің конституциялық органына, жалпыазаматтық, саясаттан тыс және жалпыхалықтық институтына айналды, ал көпэтносты елдің халқының бірлігі қазақстандық мемлекеттіліктің базисі болып табылады. Қазақстан халқы қасиетті Қазақстан жеріндегі бейбіт өмір үшін өз Елбасына шынайы алғысын білдіреді. Елбасымен бірге біз биік белестерге бет бұрдық, ел Президенті Н.Назарбаевтың қазақстандық үлгісінің «бес басты жеңісіне» қол жеткіздік – Қазақстанның біртұтас халқына бірігу табысты өтті, еліміз қауіпсіз және тұрақты елге айналды; елдің көп­этностылығы Қазақстанның стратегиялық ресурсына айналды; азаматтарға құқық пен мүмкіндіктердің нақты теңдігі қамтамасыз етілуде, ал Елбасы халықтың толық та шынайы сеніміне ие болды. Әлеуметтік зерттеулердің деректері бойынша, сауалнамаға жауап берушілердің 95,0%-ы өздерін біртұтас халықтың өкілі санайды, 94,2%-ы Қазақстанның азаматтарымыз деп санайды. Елбасының сындарлы да көреген саясатының арқасында Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан Республикасының жаңа демократиялық институттарының жүйесіне үйлесімді қосылды. Әлемдік қауымдастық елдің Тұңғыш Президентін этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісінің негізін қалаушы ретінде таниды. Тәуелсіздік жылдарында Ассамблеяның халықаралық беделі де өсті. Қазақстандық тәжірибе халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болды, оны әлемдік қауымдастық зор ықыласпен зерттеуде. Әлемнің 20 елі тәжірибе алмасу үшін өздерінің сарапшыларын, саясаткерлерін, дипломаттарын Ассамблея хатшылығына жіберді, осы тақырыпқа арналған алпыстан аса кездесулер өткізілді. Біздің модель 56 тілге аударылды, Біріккен Ұлттар Ұйымында, ЕҚЫҰ қатысушы елдерде, ірі халықаралық форумдар өткізілген мемлекеттер астаналарында – Копенгагенде, Венада, Женевада, Нью-Йоркте таныстырылымдар өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірегей саяси жаңашылдығының нәтижесі. Бүгінде Конс­титуция мен Қазақстан халқы Ас­самб­­леясы жай ғана құрдастар емес, бұлар – тұрақтылықтың, жаңғыртудың және өр­кендеудің іргетасына айналған екі ұлы құндылық. Сенім, дәстүрлер, транс­парент­тілік, толеранттылық – біздің көпэтнос­ты, өркендеген мемлекетіміздің негізгі қағи­даттарын осылар құрайды. Осы құндылықтарға шынайы беріл­ген­діктің нышаны ретінде біз 1 мамырды Қазақстан халқының бірлігі күні деп атап өтеміз. Бұл мереке қазақстандықтардың жүрегіне ерекше жақын мейрам. Бұл күн – біздің халқымыздың бірлігі, достығы мен татулығы мерекеленетін күн. Патриотизм мен ынтымақ, Отан тағ­дырына жауапкершілік – бұл Қазақ­стан­ның қарқынды дамуының стратегиялық ресурс­тары, біздің күш-жігеріміздің және ертеңгі күнге деген сеніміміздің қайнар бұлағы. Барлық қазақстандықтарға денсаулық пен бақыт, толағай табыстар мен жарқын болашақ тілеймін! Біз – бір халықпыз, біздің тағдырымыз ортақ!

Ералы ТОҒЖАНОВ, 

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі.