«Қалауын тапса, қар жанар» демекші, бей-берекет шашылған қалдықтың өзін кәдеге жаратуды енді-енді үйрене бастадық. Алпысты алқымдаған алматылық ағамыз осындай еңбеккештігінің арқасында бас ауыртқан баспана мәселесін ғана шешіп қойған жоқ, төңіректің тазалығына да бір кісідей атсалысты. Үй салуға қажетті материалдың денін қоқыс арасынан жиыстырып, жертөлесімен қосқанда үш қабатты коттедж тұрғызды деп хабарлайды 31-арна тілшілері.
Оқап Мұқажанұлы елдің үйінен ерекше баспана салды. Әдеттегідей, кірпіштен не болмаса ағаштан емес, бос шыны шөлмектерден тұрғызды. Алты баласы бар ақсақалдың не жұмысы, не зейнетақысы жоқ көрінеді. Қалтаны қаққан қымбатшылық пен тұрмыстың нашарлығы осы қадамға қарай итермелесе керек.
Қыста жылы, жазда салқын бұл баспанаға 80 мыңнан астам шыны бөтелке жұмсалыпты. Оқап аға бір жыл уақытын сарп етіп жинаған бөтелкелерді көше-көшеден, дүкендер мен күл-қоқыстардың арасынан тауып отырыпты. Бір тиын да ақша жұмсамай салған зәулім үйі адам денсаулығына еш зиянсыз дейді.
Ең бастысы – қауіпсіз көрінеді. Тіпті, 9 баллдық жер сілкінісі кезінде де былқ етпей шыдас беретіндігіне сенімділік танытты.
«Балалардан тек қана цементке ғана ақша алдым, ішкен-жегенімнен артылған ақшаны цементке жұмсадым, қалғанының бәрін бөтелке топырақ, ағаш ұнтағы, бөтелкемен салып шықтық», дейді Оқап Мұқажанұлы.
Алты жыл бұрын басталған баспанасына бүгінде балалары мен немерелері қоныстанған. Зәулім үйден бөлек монша, киіз үй мен қораны да шөлмектен салған. Бір ғана моншаның өзіне 9 мыңнан астам бөтелке кеткен. Ал ескі күйтабақтарды сәндік үшін жабыстырғанын айтады.
Ешкімнің көмегінсіз зәулім баспана тұрғызған ағамыз қазір үйдің ішкі бөлмелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Шыныдан шаңырақ көтерген ақсақалдың ендігі арманы – немерелері ойнайтын шағын ойын алаңын салып беру.
«Егемен-ақпарат».