Қазақстан • Бүгін, 10:24

Саясаткер: Таяу Шығыстағы тұрақсыздық Орталық Азияға да әсер етуі мүмкін

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Таяу Шығыстағы кезекті атысты тоқтату келісімі халықаралық қауымдастық тарапынан оң бағаланғанымен, оның ұзақмерзімді салдары мен тиімділігіне қатысты сұрақтар әлі де көп. Сарапшылардың пікірінше, бұл келісім – тек алғашқы қадам, ал өңірдегі түйткілді мәселелер, соның ішінде ядролық бағдарлама, геосаяси ықпал және сенім дағдарысы әлі де шешімін тапқан жоқ. Аймақтағы тұрақсыздық тек өңірлік қауіпсіздікке ғана емес, жаһандық экономикаға, энергетикалық нарықтарға және инвестициялық ахуалға тікелей әсер етеді. Мұндай жағдайда Қазақстан сияқты бейтарап әрі көпвекторлы саясат ұстанатын елдердің рөлі арта түсуде. Ел басшылығының бітімгерлік бастамалары, дипломатияға басымдық беруі және келіссөз алаңын ұсынуға дайындығы Қазақстанды сенімді серіктес ретінде көрсетеді. Саясаттанушы Таир Ниманов қазіргі жағдайды жан-жақты талдап, келісімнің маңызы, тәуекелдері және Қазақстан үшін ықтимал салдары туралы өз көзқарасын білдірді.

Саясаткер: Таяу Шығыстағы тұрақсыздық Орталық Азияға да әсер етуі мүмкін

– Таяу Шығыста қол жеткізілген атысты тоқтату келісімін және оның маңызын қалай бағалайсыз?

– Әрине, қол қойылған келісім – сөзсіз оң құбылыс. Дегенмен, оның бірқатар мәселелері бар. Ең бастысы – бұл қақтығыстың алдағы уақытта қалай реттелетіні толық түсінікті емес. Әлбетте, тараптардың бір-біріне зымыранмен соққы жасауды тоқтатқаны жақсы, бірақ АҚШ пен Иран арасындағы жаулық, өзара сенімсіздік және бірін-бірі ресми түрде қарсылас ретінде қабылдау жағдайы сақталып отыр. Сонымен қатар Иранның ядролық бағдарламасына қатысты – әскери де, азаматтық та – маңызды сұрақтар әлі де өзекті. Бұл мәселелер болашақта міндетті түрде шешімін табуы тиіс, сонда ғана Таяу Шығыстағы бейбітшілік уақытша емес, тұрақты сипатқа ие болады.

Бұдан бөлек, Иранның әртүрлі прокси-топтарға ықпалы да күмән тудырады. Атап айтқанда, Йемендегі хуситтер, Ливан мен Сириядағы «Хезболла», сондай-ақ Палестинадағы ХАМАС ұйымдарына әсері сақталып отыр. Сондықтан тараптар әлі де көптеген мәселені талқылауы қажет. Дегенмен, бұл келісім – ең алғашқы әрі ең маңызды қадам екені сөзсіз.

 – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бітімді қолдап, оның жаһандық тұрақтылық үшін маңызын атап өтті. Бұл ұстанымды қалай бағалайсыз?

– Қазақстанның реакциясы толықтай күтілген жағдай болды. Себебі еліміз әрдайым қақтығыстарды дипломатиялық жолмен реттеуді қолдайды. Осы қақтығыс барысында Қазақстан зардап шеккен барлық мемлекеттерге қолдау білдіріп, бейбіт тұрғындар арасындағы шығындарға алаңдаушылық танытып, азаматтық инфрақұрылымға жасалған соққыларды қатаң айыптады. Қазақстан өзін бейбітшілік пен дипломатияны қолдайтын мемлекет ретінде көрсетіп келеді, сондықтан мұндай ұстаным – заңды әрі болжамды. Жалпы, көптеген қақтығыстың түп-тамыры – өзара сенімсіздік пен елдердің бір-бірінің әрекетін болжай алмауында. Ал Қазақстанның айқын әрі тұрақты сыртқы саясаты – сенім мен тұрақтылықтың кепілі.

 – Аймақтағы тұрақтандыру жаһандық экономикаға қаншалықты әсер етеді?

– Аймақтағы тұрақтандырудың жаһандық экономикаға әсері өте зор. Біріншіден, араб елдері – мұнай мен газдың негізгі экспорттаушылары. Мысалы, Қатар газ жеткізуде маңызды рөл атқарады. Бұл ресурстардың негізгі тұтынушылары – Еуропа елдері, сондай-ақ Пәкістан, Үндістан, Оңтүстік Корея, Қытай және Жапония. Бұл мемлекеттердің барлығы әлемдік экономикада жетекші орын алады. Сондықтан энергия ресурстары жеткізіліміндегі кез келген кедергі жаһандық экономиканы әлсіретуі мүмкін. Соңғы жылдары араб елдері өз экономикаларын әртараптандыруға ұмтылып, инвестициялық белсенділігін арттырды. Олар тек инвестиция тартумен шектелмей, шетелге де қаржы құюда. Қазақстан да бұл үрдістен тыс емес. Біздің ел Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар және Иорданиямен тығыз инвестициялық байланыс орнатқан. Сондықтан бұл қақтығыстың ықтимал салдары бізге де әсер етуі мүмкін.

 – Қазақстан сияқты өңірден тыс елдер үшін Таяу Шығыстағы тұрақтылық қаншалықты маңызды?

– Әрине, мұнай бағасының жоғары болуы белгілі бір деңгейде бізге тиімді, тіпті теңгенің нығаюын да байқадық. Бірақ экономикалық белгісіздік, инвестиция ағындарының тұрақсыздығы және жаһандық экономиканың баяулауы Қазақстанға кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, Қазақстан Таяу Шығыста тұрақты, орталықтандырылған және болжамды мемлекеттердің болғанына мүдделі. Сирия, Ирак және Ауғанстан мысалдары көрсеткендей, орталық билік әлсіреген елдерде тұрақсыздық ошақтары пайда болып, олар террористік топтардың панасына айналады. Өкінішке қарай, мұндай топтардың қатарында бұрын Қазақстаннан шыққан адамдар да болған. Бұл – еліміздің қауіпсіздігіне тікелей қауіп. Таяу Шығыс географиялық тұрғыдан бізге жақын орналасқан, сондықтан ондағы тұрақсыздық Орталық Азияға да әсер етуі мүмкін.

 – Қазақстанның келіссөз алаңы болу бастамасына қалай қарайсыз?

– Қазақстан өзін келіссөз алаңы ретінде белсенді түрде ұсынбайды, бірақ тараптар ниет білдірсе, мұндай мүмкіндік беруге дайын.

Бізде мұндай тәжірибе бар: елімізде Армения мен Әзербайжан өкілдерінің кездесулері өтті, сондай-ақ Сирия бойынша Астана процесі ұйымдастырылды. Делдалдық белгілі бір артықшылықтар береді, алайда үлкен жауапкершілікті де талап етеді. Келіссөздер сәтті өтсе – бұл халықаралық аренада беделді арттырады. Ал сәтсіздік болған жағдайда белгілі бір теріс әсер болуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан бұл мәселеде ұстамды позиция ұстанады.

 – Израильде Қазақстанның ұстанымы қалай қабылданады?

– Бұл жерде ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Жақында Израильдің Қазақстандағы елшісі сұхбат беріп, еліміздің ұстанымы Израиль үшін түсінікті әрі айқын екенін атап өтті. Жалпы, Қазақстан мен Израиль арасындағы қарым-қатынас оң сипатта. Қазақстанның сыртқы саясаттағы қағидаттары нақты. Мысалы, еліміз ХАМАС-тың шабуылын террорлық акт ретінде бағалап, Израильге қолдау білдірді. Сонымен қатар Израильдің Қатар аумағына жасаған соққыларын да сынға алды. Соңғы жылдары Қазақстан Иранмен де қарым-қатынасты дамытып келеді. Жалпы алғанда, еліміздің ұстанымы – бейбіт, прагматикалық және ешбір тараппен қақтығысқа түспейтін саясат. Бұл саясат түсінікті әрі болжамды болғандықтан, Қазақстан тіпті бір-бірімен қарсылас мемлекеттермен де (Иран, АҚШ, Израиль) теңгерімді қарым-қатынас орната алады.

Соңғы жаңалықтар

Ертіс өзенінде сең қозғалды

Табиғат • Бүгін, 09:45

Айдың арғы беті...

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:10