Қазақстан бүгінде мемлекеттігін тұғырлы етті. Әлемді өзгертетін жасампаздық идеялар ұсынатын парасатты елге айналды. Бірлігі мен татулығы жарасқан халқының өрелі істерін барша дүниеге паш етті. Адамзаттың алтын бесігі – Еуразияның қақ ортасынан ойып тұрып жаңа астанасын салды. Жазиралы сайын даланың жауһарына айналған елордамыз – Астана тарихы баршамызды қызықтыратыны сөзсіз.
Астана қаласының Тәуелсіз мемлекетіміздің елордасына айналғанына биыл он жеті жыл толады. Астана осындай аз мерзім көлемінде әлемнің көптеген елдерінің ежелден қалыптасқан астаналарымен тең дәрежеде әлемдік қауымдастыққа кеңінен танылып, егемен мемлекеттің бас қаласына айналғандығын барынша айқындап отыр. Шетелдік қонақтар әр келген сайын елдегі, ең алдымен елордамыз – Астана қаласында тұрғызылып жатқан жаңа ғажайып құрылыстарды көреді. Бұл сәулетті құрылыстар Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың идеяларының көрінісі болып табылады. Астана бүгінгі күні тәуелсіз елдің орталығы, Қазақстанның саяси-экономикалық өрлеуінің темірқазығы.
Астананың көк шалғынды көрікті жерінде түндігін түріп тастап, қасқайып бой көтерген ғажайып ғимарат – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы. Мақаламызға осы кітапханадағы Елбасының жеке мұрағаты қорында сақталған тарихи құжаттар, елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы мәселе көтерілген Жоғарғы Кеңестің отырысының стенограммаларынан бастап Елбасының Астана турасында, оның байтақ тарихы мен қазіргі замандағы маңызы хақындағы сөйлеген сөздері арқау болып отыр.
1994 жылдың 6 шілдесінде Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің таңертеңгі отырысында ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған армандары, жерұйық іздеген Асан қайғының сапарлары жайлы тереңнен қозғап, Кеңес мүшелерін осы пікірді қолдауға көндіруі жүректі шымырлатады. Елбасының еліміздің астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімі де осындай мақсаттарды көздеген дана шешім болғандығы бүгін ақиқатқа айналды.
Қазақстан өзінің территориялық аумағы бойынша әлемдегі аса ірі елдердің алғашқы ондығына кіреді. Қазақстанның территориясы арқылы бірнеше сағаттық белдеулер өтеді. Сондықтан да мемлекеттің басқару орталығын орасан зор кеңістікті алып жатқан елдің географиялық орталығы болып табылатын жерге орналастыру өте әділ шешім болды. Жаңа елорда бүкіл Еуразия құрлығының кіндік ортасына орналастырылуы тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар біздің елімізбен тығыз іскерлік қатынастар орнатқан алыс-жақын шет мемлекеттер үшін де оңтайлылық туғызды.
Қазақстан – ел тәуелсіздігінің кепілі үшін құрлықтар арасындағы достық қарым-қатынастарға мүдделі мемлекет. Сондықтан да елорданың тоғыз жолдың торабында қоныс тебуі ішкі және сыртқы саясаттың ауқымды мәселелерін, жаһандық маңызы бар саяси-экономикалық мәселелерді шешу үшін айрықша маңызды.
Астана экологиялық апатты аймақтардан алшақта, табиғаттың дүлей күштерінен туындайтын келеңсіздіктерге ұшырау қаупі аз аймақта орналасқан. Бұл қандай да болсын стратегиялық маңызы бар орталықтар үшін ерекше мән беруді талап ететін фактор.
Астана – егемендіктің еншісі, тәуелсіз тарихымыздағы орны да, маңызы да ерекше қала. Кез келген елді оның елордасы арқылы танып, мойындайды. Астананың қазіргі таңдағы даму үдерісі елдің болашаққа жасаған болжамын, Қазақстанның өзге әлемге қатынасын білдіреді. Астананың келбеті – қазақстандықтардың келбеті, мемлекетіміздің нышаны.
Бүгінгі таңда Астана біздің келешегімізге қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын мемлекетіміздің саяси орталығы ғана емес, сонымен бірге әлемдік деңгейдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік, гуманистік, мәдени, діни мәселелерді шешу үшін дүниежүзінің саясаткерлері мен көшбасшылары бас қосатын ізгіліктің ордасына айналып отыр.
Елбасы елорданың мемлекеттің дамуындағы рөлі турасында: «Астана біздің Отанымыздың жүрегінде, халықты біріктірген ұлттық идеяға айналды, ол халықтың өз күші мен ұлы мақсаттарына деген сенімнің символына айналды,» – дейді. Шындығында, Президентіміз Астананы асқақтату арқылы Қазақстанды келешегі кемел, әлеуеті қуатты мемлекет ретінде төрткүл дүниеге танытты.
Астанада көпұлтты, көпконфессиялы тәуелсіз Қазақстанда орныққан тұрақтылық, татулық пен бейбітшілік дінаралық және ұлтаралық келісім мен өзара ықпалдастықты қалыптастыру жолындағы, жаһанданудан сақтану, әлемде қалыптасқан мәдениетаралық, дінаралық қақтығыстар мен түрлі лаңкестік іс-әрекеттерге тосқауыл қою үшін әлемдік деңгейдегі маңызды бастамалар көтерілді.
Елбасы 2005 жылы Астанадағы Орталық мешіттің ашылу салтанатында: «Қазақстандағы рухани келісім ғайыби құбылыс емес, өміріміздің әбден орныққан қағидаты. Бұл құбылыс – ең алдымен, мемлекетіміздің дін саласында жүргізіп отырған, әрі әлемнің көптеген мемлекеттеріне үлгі бола алатын сындарлы да салиқалы саясатының нәтижесі» – деп Қазақстан қоғамындағы татулық пен тұрақтылық ахуалының экономикалық реформалардың табысты өтуіне, әлеуметтік саладағы жетістіктерге, халықтың әл-ауқатының жақсаруына тигізген оң ықпалына баға берді.
Дүниежүзілік мәдениет пен діндердің даму тарихында алғаш рет Астанада құбылмалы әлемдегі өзара түсіністіктің аса күрделі мәселелері бойынша мәдени және тең құқылы диалогтың орасан зор оң үлгісін берген Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өтті. Әлемдік деңгейдегі дуалы ауыз саясаткерлердің дені Біріккен Ұлттар Ұйымының қазақстандық үлгісі деп атап жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясы да өз жемісін беріп келеді. Әлемде баламасы жоқ бірегей тәжірибені дүниежүзінің барлық мемлекеттері пайдалану керек деген тұжырымды Батыс пен Шығыстың көптеген саясаткерлері жарыса айтуда.
Қоғамдағы барлық құбылыстар, оның ішінде бір елдегі әртүрлі ұлттардың мәдениеттері өзара тығыз байланысты. Осы байланыстарды ел игілігі мен ұлт бірлігін нығайтуға пайдалану үлкен саяси өнер. Қазақстан халқы Ассамблеясы осындай игілікті істі атқару үшін алғаш құрылған қоғамдық институт.
Қазақ елінің Сарыарқа төсіндегі елордасы – Астана осындай қордалы мәселелерді талқылайтын ынтамақтастықтың алаңына, бітімгершіліктің ордасына айналды. Жер бетіндегі Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі үлкен құрылым – 56 елдің басын қосқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының үшінші мыңжылдықтағы – ХХІ ғасырдағы саммиті Қазақстанның төрағалығымен Астанада өтті. Астана саммиті жаһандық саясатқа «Астана рухы», «Еуразиялық қауіпсіздік» деген жаңа ұғымдарды енгізді. Қазақстан төрағалығы ЕҚЫҰ-ның өзіне жаңа мазмұн дарытты, жаңа бағыт әкелді. Қазақстанның ұйымға төрағалық етуі Қазақ елінің мәртебесін биіктетіп, Қазақстан халқының патриоттық сезімін арттырды.
Географиялық орналасуы, тарихы мен саяси орталық ретіндегі маңызынан басқа Астананың сәулеттік ерекшелігінің өзі таңдай қақтырарлық, өз алдына әңгіме қозғарлық мәселе. Астана – бұл мемлекеттің ажары. Елорданың ұтымды географиялық орналасуы алуан түрлі архитектуралық қиялдардың жүзеге асуына мүмкіндік берді. Астананың архитектуралық келбеті болашаққа ұмтылысты көрсететіндей болуы керек, яғни біздің мемлекетіміздің мәдениеттердің өзара ықпалдастығы мен прогреске ашықтығын үйлестіре алатындай болуы керек еді. Бүгінгі Астана – азиялық астаналардың ішіндегі неғұрлым еуропалық қала. Ол барлық еуразиялық жолдардың тоғысында орналасқан.
Иә, Сарыарқаның бір кездері ақселеу бұйырғын, қара жусан қаптаған сайын даласында осындай көрсең көзің тоятын, алып шаһар орнайды деген ешкімнің ойына келмек түгілі, түсіне де кірмеген шығар, сірә. Шүкір делік, қаншама замандар бойы ата-бабаларымыздың шыбын жанын шүберекке түйіп, нар тәуекелге бел байлап, азаттық жолындағы күресі еш кетпей, ғасырлардың сынынан, тарих-тағдырдың тезінен аман-есен өтіп, бүгінгідей құтты қайырлы күнге жеттік.
Қазіргі Астана ұлтымыздың рухының құдіреттілігін әлемге танытып отыр. Астана – мемлекетіміздің биік мәртебесі, жоғары дәрежесі, бақ-берекесі, елдік пен бірліктің тұтқасы, дербестігіміздің дара тумасы.
Ескерту: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының мұрағатындағы құжаттар пайдаланылды.
Ақбота Хамитова,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының аға сарапшысы.