Тәуелсіздік ұлттық медицинаның тынысын кеңейтіп, бұрын тек шетелдердің үлкен клиникаларының ғана қолынан келеді дейтін сан түрлі ем шараларды жасайтын дәрежеге көтерілді. Мемлекеттік тұрғыда көрсетілген жан-жақты көмектің арқасында дәрігерлер әлемнің озық клиникаларында тәжірибе жинақтап, жастар оқып-тоқып, ауруханалар небір осы заманғы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, күрделі ота түрлері жасалынуда. Елорда Арқа төсіне келгеннен бастап, мамандарының біліктілігімен, пациенттеріне деген ерекше ықыластарымен ерекшеленген емдеу орнының бірегейі – Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасының Мәскеу көшесінен орын тепкен «Медициналық орталық ауруханасы» болды десек еш қателеспеспіз. Жуырда аурухана ұлғайып, ол сол жағалауда салынған әсем ғимаратқа қоныс аударған. Алайда, сол баяғы көз үйренген Мәскеу көшесіндегі орталық, аурухананың құрамында қалып, өз жұмысын әрі қарай жалғастыруда. Және бір қуанарлығы, оның есігі енді бұрынғыдан да кеңірек ашылып, емдеу, диагноз анықтау, түрлі зертханалық т. с.с. қызмет көрсету түрлерінің аясын кеңітіп отыр. Осы ретте біздің тілшіміз аурухананың бас дәрігері Рахат БАЙҚОШҚАРОВАҒА жолығып, емдеу орталығы жұмысының жай-жапсарын сұраған еді.
– Рахат Өсербайқызы, жұртшылық Мәскеу көшесіндегі орталық сол жағалауға көшіп кетті деп жүрсе, сіздер қайта дәрігерлік қызмет түрлерін көбейтіп тастағансыздар ма?
– Дұрыс аңғарыпсыз, алғашында сол жағалауға көшерде бұл жерде енді не болады екен, қандай қызмет көрсете алады деген ой туды. Ақыры, орталық бас клиниканың құрамында, бұрынғы қалыпта қалып, қосымша ақылы дәрігерлік қызмет түрлерін көрсететін терапевтік және хирургиялық стационары бар, бір ауысымда 200 пациент қабылдайтын емханасы, диагноз қоюға қажетті барлық жабдықтары сақталынған күйінде жұмысын жалғастыруда. Оның үстіне, біздің хирургтеріміздің біліктілігі есепке алынып, жоспарлы түрде квотамен жасалынатын оталардың қомақты бөлігі қалдырылады деп жоспарлануда. Бұл мемлекеттік тапсырыс қой. Қазір 60 өте мықты, білігі мол дәрігер, бірнеше тек теоретик емес, практик ғылым докторлары бар, орталықтың мүмкіншілігі, шүкіршілік дейміз, өте жақсы.
Компьютерлік томография, магнитті-резонансты томография, рентген, эндоскопиялық зерттеу, ультрадыбыс және функционалды диагноз қою, зертхана, қайта қатарға қосу, оңалту атқарылатын мамографиялық және флюрография аппараттары бар орталықта емделуге де, қаралуға да жан-жақты жағдай болады.
Бұдан тыс оңалту және функционалды диагностикалық бөлімдері, тіс протезін атқаратын стоматология бөлімі, гемодиализ, плазмофорез, эндоскопия жасайтын орталығымыздағы емханада 24 мамандықта қабылдау жүргізіледі.
– Менің ойымша, бойында кеселі бар жанның айығуында ең бастысы дәрігердің оған деген жақсы қарым-қатынасы жатыр. Егер дәрігер күліп келіп, науқаспен арада сенім мен түсіністік орнамаса, ешқандай ем-домның нәтижесі күткендегідей болып, көңіл көншітпейді.
– Ол рас, бұл міндетті түрде. Менің көп жылғы практикам да осыны көрсетеді. Дәрігер тек қана дәрімен ғана емдесе, сіз айтқандай науқас тез көтеріліп кетпейді, ал керісінше, ішкі жан дүниесі әсем, көңілімен ауруға көмектессем деп тұрған дәрігерге түскен ауру жылдам жазылады. Сондықтан ауыс-түйіс болып, дәрігерлердің кейбіреуі сол жағалауға кеткенде жұмысқа қабылдаған, аты бар, танымал дәрігерлерді іріктеп, осында мамандарды шақырғанда басты критерий етіп, осы мәселе қойылды. Өзіңіз білесіз, біздің аурухананың қалыптасқан имиджі бар, біз әрбір пациентке жылылықпен қараймыз, сол жақсы үрдістің шеті кетіліп қалмасын дедік. Бұл тек дәрігерлерге қатысты емес, ішке енгеннен анықтама мен тіркеу бөлімінде отырған адамдардан бастап, барлығына қатысты осы қағидат басшылыққа алынған.
– Сіздер енгізген жақсы жаңалықтың бірі – диагноз қою үшін 1-3 күнге қысқа мерзімге ауруханаға жатып шығу екен. Шынында, тез арада көңілді күпті еткен, жанға тиген аурудың қай жерден екенін анықтап, жаңылмай диагноз қоюды, жазылудың басы десе болғандай ғой.
– Дөп түстіңіз. Шетелдерге конференцияларға, іссапарларға барып жүргенде оларда осындай дәрігерлік қызметтер бар екенін көріп жүрміз. Бізде денсаулық сақтау саласында квотамен емделуші 3 күн толық жатпаса, мемлекеттен бөлінетін қаражат төленбейді. Ал қазір оталардың көпшілігі шағын инвазивті, яғни 95-97 пайызға дейінгісі сондай. Тек 3-5 пайыздайы ғана қандауырмен жарып жасалынады. Ал отаның басым бөлігі – 60 пайыздайы тек 1-2 күн ғана дәрігердің көз алдында болып, қалған уақытта үйден-ақ қаралатын жағдайда. Шетелде үлкен клиникаларда 1 күндік стационарлар қалыптасқан. Бір тәулікте басынан аяғына дейін тексеріп, диагнозын қойып, кеңестерін беріп, шығарып салады. Біз неге солай жасамаймыз деп, осындай әдісті қолға алдық. Бұрын керует тапшылығынан ондай мүмкіндік тіпті жоқ еді, енді біз бір күннің ішінде толық диагноз қойып, емдеу жөнінде кеңес жазылған қағазды конвертке салып, қолына береміз. Тіпті, пластикалық оталарды да жасайтын боламыз. Бұрын ол қызмет жоқ еді. Сонымен қатар, ендігі күнде контингенттен тыс сақтандыру компаниялары пациенттерінің бізде жатып емделуіне орын бар. 8 сала бойынша стационарлық емдеу жүргіземіз.
– Біздің оқырмандарымыз үшін таратып айта кетсеңіз.
– Ол жалпы хирургия мен урология және гинекологияға қатысты оталар, оторинолароингологиялық, қан тамырлары, қалқанша безі, жарақаттан кейінгі аурулар, бет-жақ құрылысы бойынша стационарлық емдеу түрлері. Ал терапиялық бағытта; кардиология, неврология, эндокринология, гастроэнтерология, пульмонология, ревмотология салаларында стационарлы түрде ем жүргіземіз.
Сосын емханамызда мықты консультанттарымыз бар, олар кешке қарай, алдын ала жазылу ретімен пациенттерді қабылдайтын болады. Невропатолог, хирург, диетолог, проктолог, гематолог, ревматолог, пластикалық хирург, ангиохирург, оториноларинголог сынды осы қаладағы ең білікті, танымал мамандар бізде кешкі мезгілде кеңес беріп, қабылдау өткізеді. Адамдар Астананың қай көшесіндегі, қай клиникада қандай маман отыр деп бастарын қатырмай бірден біздің орталыққа кірсе еш қателеспейді. Тек алдын-ала жазылуы тиіс.
– Жоғарыда бір күндік стационарды айтып өттіңіз ғой, оған барлық бағытта диагноз қою кіре ме?
– Біз оған бірнеше кешенді қарастырып отырмыз. Олар – ішек-асқазан аурулары, жүрек-қан тамырлары, өкпе-қолқа жүйесі, тірек-қимыл жүйесі, бауыр, бүйрек несеп ағу жүйелері.
– Әрине, мұндай күрделі тексерулер тегіннен-тегін жасалынбайтын шығар?
– Ең үлкен жүйесі шетелдегідей 5-10 мың доллар емес, 170 мың тенге, ал жекелей жасалса 50-60 мыңнан. Біздің пациенттеріміз бұрын шетелдерге жиі баратын. Қазір енді сол салыстырулар арқылы шекара асып, текке ақша шашады екенбіз деп айтатын болды. Мен сізге айтайын, казiргi қалалық зертханамыздың дәлдігі шетелдіктерден де артық. Кейде олар біз көрген нәрсені көрмей қалады, алып келген қағаздарын салыстырып қарап отырып, сіздің мынауыңызды аңғармапты ғой, кистаңыз қайда, бүйректегі тасыңызды байқамапты ғой дейтін кездеріміз болып тұрады. Жеке назар аудартқым келіп тұрғаны, біздің ауруханамыздың анализдерінің ішкі және сыртқы бақылаудан өткізілуі. Ол не? Автоматтандырылған жүйеде атқарылатын анализдер анализаторларда жүзеге асырылады да, анализ қорытындысын жасау уақыты тез жүргізіледі. Зерттеуді бақылайтын реагенттер де сатылып алынып, әрбір 10-шы анализ реагент шығарушы зауытқа бақылауға жіберіледі. Біздің зертханамыз қаладағы бірден-бір халықаралық сапа сертификаты және аккредитациясы бар өте сенімді орталық. Бұл – біздің мақтанышымыз, анализдеріміз реагенттер жіберетін зауыттың бақылауынан тыс Еуропаның аккредиттелген орталықтарына тұрақты түрде бақылауға жіберіледі. Қазір жұртшылық та мұны біліп алған, күмәні болса, бізге келіп анализ тапсырады. Бағалары да қаладағы өзге ақылы клиникалармен бір шамада, кей анализдер бойынша оларда қымбаттау болса, бізде арзанырақ, ал кейде бізде жоғары. Бірақ біздегі сапа өздігінен сөйлейді.
Тағы бір айтайын дегенім, біздегі түрлі компьютерлік магнитті-резонансты диагностикалық зерттеулерде өзге емхана, ауруханадағыдай бір ғана маманның оқуымен қорытынды жазылмайды, оны алдымен жасаған дәрігер, одан кейін оның кураторы, сосын ғылым докторы, не керек үш рет оқып барып тоқетері айтылады. Ал қорытындыны бір адамның бергені дұрыс па, әлде екі үш рет ой мен білім, білік сүзгісінен өткені дұрыс па?!
– Ендігі бір жаңалықтарыңыз ана мен балаға қатысты екен.
– Иә, бұрын бізде педиаторлық бірлік болған жоқ еді. Енді біздің орталықта балаларды да қаратуға, емдеуге жағдай бар. Сонымен бірге, бізде жүкті әйелдер толық бақылауда болады.
Біз өз жұмысымызда бұрынғы имиджімізге шаң түсірмей, сапа мен пациенттерге деген құрметімізді кемітпеуге жұмсаймыз. Тағы да қайталап айтамын, бізде тек жүрегі жылы, ізгілікке құмар, науқасына жаны ашитын, мейірім шуағы бар жандар ғана жұмыс істейді. Бұл – біздің басты ұстанымымыз. Қорыта айтқанда, ауруханамыздың есігі сапалы көпсалалы амбулаторлық, стационарлық дәрігерлік көмек алғысы келетін барлық адамдарға ашық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».