Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығы қарсаңында
Еліміздің Ата Заңында мемлекеттің түбегейлі қағидаттары, қоғамдағы татулық пен саяси тұрақтылық, экономиканың дамуы, патриотизм мен барлық мәселелердің ашық түрде шешілуіне байланыстылығы атап көрсетілген. Демек, әр қазақстандық осы құндылықтарды берік сақтап, тәуелсіз еліміздің гүлденуіне өз үлесін қосуы тиіс. Осы мақсатты көздеген облыстық ішкі саясат басқармасы “Ата Заң – елдігімнің, ерлігімнің нышаны” деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізіп, оған мемлекеттік қызметкерлер, саяси партиялар мен “Жастар қанатының” жетекшілері, этномәдени орталық басшылары, жоғары оқу орындарының ұстаздары қатыстырылып, кең көлемді пікір алмасудың маңыздылығына мән берілді.
Отан – отбасынан басталады. Демек, шаңырақта өзара бірлік, сыйластық болмаса, оның шырқы бұзылады. Жүзден аса ұлттар мен ұлыстардың мекені Қазақстанда саяси тұрақтылық пен татулық ауқымының кеңдігі түсінікті жәйт. Демек, оны орнықтыру көп этносты мемлекеттің әрдайым көкейінде болатын мәселе екенін атап айтқан жөн. Осы орайда “Ел тұрақтылығының кепілі – Ата Заң” деген тақырыпта облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Гүлжиян Сүлейменова қоғам дамуындағы аса маңызды мәселелер мен адам құқығы мен бостандықтары жайлы ойын бүгінгі өмірмен байланыстыра ортаға салды.
Егемен еліміздегі мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Еліміздің қалыптасу тарихында ерекше маңызды мерекелер Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығы және егемендігіміздің 20 жылдығына арналған жиында осы айтулы даталарға байланысты өңірдегі атқарылған жұмыстарға кеңінен орын берілді.
Биыл Қазақстан Ата Заңға сәйкес өркениетті, құқықты, зайырлы және демократиялық мемлекет құру бағытын одан әрі ұстанып, саясат сахнасында әлемді мойындатқан табыстарға қол жеткізуде. Әлемдік аренадан берік орын алып, Еуропа қоғамдастығының мүшесі болды. Бұрынғы 15 республиканың, мұсылман әлемінің, түрік дүниесінің ішінде алғаш болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі мемлекетіміз үшін де, халық үшін де үлкен абырой.
Бүгінгі күні өңірде азаматтық қоғам институттары қатарында 9 саяси партия филиалы, 23 әйелдер, 46 жастар бірлестігі, 20 ардагерлер, 12 салалық кәсіподақ ұйымы, 71 этномәдени орталық мүшелері халықпен тығыз байланыста жұмыс атқарып, ел ішіндегі бірлік пен ынтымақтастыққа негіз қалап отыр. Азаматтық қоғамның негізін құрайтын үкіметтік емес ұйымдар десек, ағымдағы жылы 177 үкіметтік емес ұйым мемлекеттік тіркеуден өтіп, қызметтерін ел өміріндегі баянды бастамаларға үнқосу арқылы қызметтерін атқаруда. Олар көпэтносты Жетісу жұртшылығының ынтымақты, берекелі тірлігін арқау етіп келеді.
Партия қашанда халықты жақсы істерге бастайды. Жиында “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Сейітов елімізді бірлік пен берекеге бастаған “Нұр Отан” партиясының мақсат-міндеттері мен оның мүшелерінің белсенділігі жайлы, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы Б.Сариев бүгінгі қоғам дамуына жан-жақты шолу жасап, адам құқығы мен бостандығы, оның артықшылығы жайлы ойларын ортаға салды.
Қазақстан демократиялық “Азат” партиясы облыстық филиалының жетекшісі Ә.Ахмадиева Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аясында және халықаралық келісім шеңберінде Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау қағидаттары тақырыбында сөйлеп, бейбіт мақсаттағы жиындар өткізу, сөз бостандығы баптарының орындалуы жайлы пікірімен бөлісті.
Қазақстан Халықтық коммунистік партиясы облыстық филиалының төрағасы М.Магеррамов Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын пайдалану мүмкіндіктері жайлы айтса, Алматы облыстық “Мәдениет” қоғамдық бірлестігі қызметкерлері кәсіподағының төрағасы О.Құлмағамбетов тәуелсіздігімізді нығайтудағы Ата Заңның орны және халықты жұмыспен қамту, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту кезек күттірмейтін міндет екендігін, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Далбағаев өмірлік тәжірибесінен мысалдар келтіріп, бүгінгідей бейбіт те бақуатты өмірге жеткізген Ата Заңды бағалай білу қажеттігін атап көрсетті.
Жиында көп жыл өңірде жауапты қызмет атқарған ардақты ана Б.Сақауова сөйлеп, Алтайдан Еділге дейінгі алып аймақтағы Қазақ елінің бүгінгі қол жеткізген табыстарына ризашылығын білдірді. Елбасының көрегендігі, сара саясаты арқасында халықтың әлеуметтік жағдайы өзге көршілес мемлекеттерден әлдеқайда жақсарғанын атап өтті. Көрші Қырғызстандағы елді алаңдатқан бүгінгі жағдайдан мысал келтіріп, Конституция дегеніміз адамға құқықпен бірге міндет, жауапкершілік жүктейтінін жеткізді. Сондықтан еркіндікті желеу етіп, ел бірлігіне нұсқан келтірмей, бірлік, адамдардың бір-біріне деген қалтқысыз сенімін қалыптастыруға ұмтылу қажеттігіне тоқталды.
Қоғамның дамуына жастардың қосар үлесі зор. Осы мәселе жайлы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті құқықтану факультетінің студенті А.Басшығұлова жас толқынның қажыр-қайратын жанып, елжандылық сезімін оятуға осындай кездесулердің берері мол екендігін айтты. Сондай-ақ, ел болашағы үшін жауапкершіліктерін сезінетіндіктеріне, Отанымыздың өркендеуіне күш-жігерін жұмсайтындықтарына сендірді.
Әңгімені қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары С.Мұқанов осы күні көтерілген мәселелер мен сұрақтарға жауап беріп, өмірдегі осындай кездесулердегі ашық әңгіменің беретіні мол екендігін жеткізіп, саяси партия мен қоғамдық ұйым өкілдерін бірлесе қызмет етуге шақырды.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.